Балауса Әсілханқызы: Адам болам десеңіз...

Балауса Әсілханқызы: Адам болам десеңіз...

Мақалалар
Жарнама

«...Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз,

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?!»

Абай Құнанбайұлы

Адам болып туылу – Алланың адамзатқа берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Барлық жасуша мен молекуладан тұратын миллиондаған тірі жаратылыс атаулысының ішінен сана мен ой, зейін мен ақыл иесі болып жаратылу үлкен олжа екенін түйсігі бар жанға түсіну түк те қиын емес, сірә.  Бірақ, адам боп туылу бір бөлек, адам боп қалу бір ерлік.  

Адам деген ұғымды жүрегі соғып тұрған тірі жаратылыс деп беткей қарай салуға болмайды.  Адамда  адами қасиеттер мен қабілеттер болмаса, жаратылыстың басқа тірі мақұлықтарынан қандай айырмашылығы қалады?! Адамзаттың  кез келген жаратылысына тәфаккур жасасақ, (тәфаккур – бір нәрсеге, құбылысқа қарап ой-жүгірту) көп ой түюге болады. Мысалы, тақырыбыма арқау болып отырған адам жайлы тәфаккур жасап көрелік. Неге барлық жаратылыс атаулысының ішінде адамда ғана ой-сана бар? Барлық тірі тіршілік иесі тыныс алады, қоректенеді, ауа жұтып, су ішеді, дүниеге ұрпақ  қалдырып, белгілі уақыт өмір сүрген соң, тіршілігін аяқтайды.  Адам да дәл солай. Бірақ, адамда осы айтылғандардан басқа ойлау, сөйлеу, еңбек ету сияқты қабілеттер бар. Адамда осы қасиеттерді сақтай білу, ақылды саналы түрде қолдану, надандық пен білімсіздіктен сақтану, қылмыс пен жаза, өсімқорлық пен өркөкіректіктен аулақ болу, жалпы айтқанда, адамгершіліктің туын тік ұстау қаншалықты маңызды екендігі Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген, шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелелерін қозғаған, қазақтың батыр да бас ақыны, өскелең ұрпақтың өр тұлғасы, аты әлемге әйгілі ұлы да ұлтсүйгіш ақын Абай Құнанбаев еңбектерінің негізгі арқауы болды емес пе?!

Бас ақын Абай өзі өмір сүрген дәуірдегі қазақ халқының ғана емес, болашақ қазақ ұрпақтарының өткені мен бүгіні, салт-дәстүрі мен мәдениеті, ел билеу ісіндегі адалдық, сөз сөйлеуде тек шындықты айту, жамандықтан қашық болып, жақсылыққа асық болу, адамгершіліктің ақ туын тек биік ұстау, тағысын тағы мәселелерді өміріне енгізіп, өлеңдері мен шығармаларында, қара сөздеріне тиек етіп, өскелең ұрпаққа өшпес мұра қалдырды.  Абай Құнанбаев:  «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – зұлымдық. Үш-ақ нәрсе адамның жақсы қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».  Ұлы ақынымыз адам бойындағы осы үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деген қорытындыға келеді.

Абай бұл қара сөзін  өз заманында айтып кетсе де, қарапайым бірнеше ауыз қара сөз өз мән-мағынасын әлі де жоғалтқан емес, жоғалтпайды да. Қаншама заман, қаншама дәуір өтсе де, адам өз болмасын өзгертпейді. Надандық пен білімсіздік, еріншектік пен жалқаулық  адамның қанына сіңіп, санасын жауласа, ол адам өзіне-өзі жау. Тіпті қасиетті Құран Кәрімде де ұлы Жаратушымыз «Зүмәр» сүресінің тоғызыншы аятында: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» деп айтса, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз. Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен» деп насихаттаған. Яғни, ұлы ақынымыз да білім алудың қаншалықты маңызды екенін білсе керек-ті. Оған тағы бір мысал, білім туралы Абай отыз екінші қара сөзінде: «Білім – ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білу керек, білмей іздегенмен табылмас» деп айтып өткен. Яғни, адам білімді болса ғана жақсы мен жаманды айыра алады, қатыгездік пен зұлымдықтан аулақ болады, халыққа пайдасы тиіп, еңбексүйгіштікке бейім болады.

Ал үш жақсы қасиет тұрғысына келер болсақ, ыстық қайрат дегеніміз – білім алуға, ізденімпаздыққа, еңбекқорлыққа, жақсылық жасауға деген зор ынта-жігер. Нұрлы ақыл жайында,  Алланың адамға берген үлкен  нығметі ой-сананы дұрыс, жақсы пайдаланса ғана ақыл нұрлы болмақ. Жамандық, қиянат жасауға да ақыл қолданады. Бірақ ондай ақыл әсте нұрлы бола алмайды. Ақынымыздың жылы жүрек сөзіне тоқталсақ, жылы жүрек – бұл мейірім. Күллі жаратылыс атаулы мейіріммен шуақтанады. Ол бәлкім, ананың балаға деген махаббаты, бәлкім жақсылық жасауға құштарлық, яки кез келген бауырына деген ыстық ықылас, жүрек жарды тілек, я болмаса қарапайым ғана тірі жаратылыс пен адамзатқа пайда келтіре алмасаң, тым құрығанда ешқандай залал мен зияныңды тигізбеу. Адамда жылы жүрек болмаса, осындай ізгі қасиеттер болмасы айдан  анық.

Абайдың  әкесі Құнанбай Өскенбайұлы ел ішінде би, аға сұлтан болғаны баршамызға мәлім.  Абай әкесі Құнанбайдың жанында жүріп, ел билеу ісіне де араласты. Тек араласып қана қоймады, патша өкіметінің қазақ халқына ел билеуде шектен шыққан өрескел істеріне өзі де куә болды. Ол туралы  «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты өлеңінде:

«...Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың.

Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?!» -  деп, халықтың сол заманда қандай қайғылы әділетсіздікке ұшырағанын ашып көрсеткен. Осы өлең жолдарын қазіргі Тәуелсіз Қазақстанымызбен байланыстырып көрейікші. Атазаңымыз Конституциямыздың  І бөлім, үшінші бабында «Мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық» делінген. Халық – Отанның түп негізі, ажырамас бөлігі. Отан отбасынан басталады. Ал әрбір отбасы мемлекеттік биліктен әділеттілік пен шынайылықты, қамқорлық пен адалдықты  көрсе ғана, Қазақстанымыз  тәуелсіз, тұғырлы, дамыған, гүлденген Ғажапстанға айналары хақ. Ұлы ақынымыз Абай атамыз  да өз өлең жолдарымен ел билеуде шектен шықпау, тек әділдікті арқау етіп, халықтың қарғысы емес, алғысын алса ғана, еліміз көркейіп, халқымыз бақытты болатынын жеткізе білген. 

Қазір жиырма бірінші ғасыр. Білім мен ғылымның, медицина мен мәдениеттің, техника мен технологияның дамуы шарықтап тұрған шағы. Әлемде күнде кемінде бір жаңалық ашылуда. Қазақстанымыз да дамушы елдер қатарынан дамыған елдер қатарына өту жолында. Дамыған елдер қатарына өтуге біздің елімізде сансыз мүмкіндіктер бар. Мысалы, әлемде ең халқы көп Қытай мен дамыған ел Корея, Жапонияны алып қарайықшы. Жапония мен Корея ел аумағы бойынша Қазақстанымыздан әлдеқайда кішкентай екенін білесіз бе? Тіпті, ол елдер жер қойнауы пайдалы қазбалары жағынан да Қазақстанды басып оза алмайды. Соған қарамастан, бәрімізге мәлім, Жапония әлемде роботтар, компьютерлер, ақпарат құралдары, тағы да басқа техника мен технология жағынан алғашқы орындарды иемденіп отыр. Тағы бір мысал.  Әлемге әйгілі, қаржы және туризм саласы бойынша бірінші орынды иемденген, Біріккен Араб Әмірлігіндегі ірі қала Дубай  бес мың жыл бұрын құмнан басқа ештеңе жоқ шөл дала болғанын бірі білсе, бірі біле бермес. Мұның бәрі бір ғана нәрсе – тек қана көп оқып, білім алғаннан және толассыз еңбек арқылы келген дүние. Ал біздің Қазақстанымыз ше?!

Біздің Қазақстанымызда даму мен өркендеуге көптеген мүмкіндіктер бар. Отанымыз  жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр, кең байтақ даламыздың жер қойнауында Менделеев кестесінің жүзден аса элементтері, тіпті барлығы дерлік кездеседі. Мұнай қоры бойынша, соңғы мәліметтер бойынша (2014 жылғы статистика) он екінші орынды иемденді. Жері бай, топырағы егістікке оңтайлы, шөбі шүйгін, малға жайлы. Еліміз жылдың төрт мезгілі айқын көрінетін қоңыржай белдеуінде орналасқан. Сонымен қатар, табиғаты тамсандыратын таулар мен өзен-көлдеріміз бар. Осыншама сансыз нығметтер мен мүмкіндіктерді үлкен шаралар мен бастамаларға айналдыратын ендігі жалғыз жол – ол жалынды жастар, еңбек етуші халық. Шүкір, еліміз мешеу, артта қалған, дамымаған елдерден әлдеқайда алда келеді. Тәуелсіздік алған уақыттан жиырма сегіз жыл ішінде елімізде үлкен алғабасушылық бел алды. Ғылым, білім, спорт, мәдениет, медицина саламыз даму үстінде. Бірақ, біздің бұдан да жақсырақ алға жылжуымызға, бұдан да өркен жайып дамуымызға, әлемнің ең озық дамушы елдер қатарында болуға мүмкіндіктеріміз бар...

Өкінішке орай, біз бұл мүмкіндіктерді жете бағалап, дұрыс қолданып жүрген жоқ сияқтымыз. Дана ақын, дара ақын Абай Құнанбайұлының көлемі жетпіс жеті жолдан тұратын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол...» деп, халықты өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақтық сияқты арсыз бес қасиеттен тыйып, керісінше,  талап, еңбек, терең ой, қанағатшылдық, рақымшылдық сияқты бес асыл қасиетке баулиды. Ары қарай өлең жолдарында жастықты ойын-күлкімен емес, ғылым-білім алумен өткізуге, білім-ғылымға көңіл бөлу арқылы дүние де, мал да табуға болатынын, дамып, жетістікке жетуге болатынын, санасы ашық, көкірегі ояу адамдарға үміт артып, олардың жүректерін оятып, оларды ұлы мақсат-мұраттарға тартуға ұмтылады.

Иә, егер ұлы ақынымыздың осы өлең жолдарының әрбір сөйлемін әр қазақ өмірлік мақсаттарына айналдырып, жастарымыз өнімді ерең еңбек етсе, білім алып, ғылым ашса, жетістікке жетер жолда тынбай талпынса, алдымен әр қазақстандық, артынша бүкіл Қазақстанымыз дамитыны хақ. Сонда ғана ұлан байтақ даламызда мал шаруашылығы, шөбі шүйгін жерімізде астық, егіншілік саласы дамып, мұнай мен газды, темір мен көмірді өзге ел емес, өз еліміз өндірсе, қойнауымыздағы толассыз қазба байлықтарын түрлі салада өңдесек, табиғаты тамаша аймақтарымызда туризм саласын дамытсақ, жастарды спорт, мәдениет саласына тартсақ, көп оқып, көп еңбектеніп медицина саласын дамытсақ, озық технологияларды ойлап тапсақ, «дамушы Қазақстан» күллі әлемге әйгілі «дамыған Ғажапстанға» айналатынына сенімім кәміл!

Ойымды қорытындылай келе, биыл ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор, қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін өз еңбектеріне арқау еткен қазақтың бас ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының қазақ халқы үшін мәңгі тарихта қалатын тұлға болып  дүниеге келгеніне 175 жыл толып отыр. Абайдың өлеңдері, шығармалары, қара сөздері тек қазақ халқына емес, бүкіл әлем халқына ғибрат берер мәңгі өшпес мұра болып қалды.

Абайды әлемге танытқан абайтанушы ұлы тұлға Мұхтар Әуезов атамыз «Абайды таны, Абайды оқы, ерінбе!» деп айтқанындай, санасы ашық, көкірегі ояу әрбір ақыл иесі ғасырда бір туар тұлға,  ұлағатты, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірбаянымен танысып, ерен еңбегін түсініп, өлеңдерін жаттап, қара сөздері мен шығармаларын оқып, ғибрат алып, дана ақын, дара ақын Абай атамыздың тыйған жаман істерінен тыйылып, шақырған ізетті ізгі  істеріне амал етуі керек. Абай салған дара жолмен жүрген әрбір жан  екі дүниеде де ұтылмасы анық!

Айтуар Балауса Әсілханқызы

С.Ж.Асфендияров атындағы

Қазақ Ұлттық Медицина университетінің

4-курс студенті.

Бөлісу: