Өзіңді танымай, Алланы тану мүмкін бе?

Өзіңді танымай, Алланы тану мүмкін бе?

Мақалалар
Жарнама

«Алла жасырын және көрнеу не істегендеріңді біледі» «Нахл» сүресі, 19-аят.

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде «Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар», дейді. («Ахзаб» сүресі, 21-аят.)

Ардақты Пайғамбарымыз  ﷺ бірде өзі жайлы: «Жақсы мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю үшін жіберілдім», - деген. Демек мұсылман адамның ойында қандай болуым керек деген сұрақ туындағанда алдындағы бағыт-бағдары, еліктеуі керек үлгі-өнегесі Пайғамбарымыз ﷺ  болуы керек.

Көпшілік ортада, қоғамда өзімізді үлгілі, мәдениетті ұстау жеңіл, әрине. Өкінішке орай, көбіне көпшілік алдындағы  біздің  мінез-құлқымыз жеке қалғандағы уақыттан өзгеше болып, мүлде бір-біріне ұқсамай жатады. Себебі, көп жағдайда біз өзімізден гөрі басқалар алдында жақсы көрінуге тырысамыз. Ал жалғыз қалған кезімізде бізді ешкім көрмейді және мінез-құлқымызды бағалайтын ешкім жоқ сияқты сезінеміз.

Мысалы, көпшілік алдында ұрыспауға, ашуланбауға тырысамыз, ал жақын адамдарымызбен еш шімірікпей көңілге қарамай, ойланбастан ренжіте саламыз. Жалғыз қалғанда көпшілік алдында, қоғамда жол бермейтін іс-әрекетттерді оңай жасай беруіміз мүмкін. Жұмыста өте мейірімді,шыдамдымыз, сабырлы, ал бірақ үйге оралған сәтімізден бастап  біз үй шаруашылығына дөрекілікпен және жағымсыздықпен қарауымыз мүмкін.

Мұндай мінез-құлық екіжүзділікке апаратын  себептердің бірі. Уақыт өте келе әдетке айналса тұлғаның болмысы біртіндеп достық қарым-қатынаста бір басқа, отбасында бір басқа болып бөлінуі ықтимал. Кемшіліктерімізді қалай жасырғымыз келсе де, ерте ме, кеш пе, шынайы қалпымыз көпшілікке көріне бастайды. Ал, әлемдердің Иесі  Алла Тағала жүрегімізде не жасырғанымызды білуші:

«وَاللَّهُ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ  يَعْلَمُ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ  قُلْ إِن تُخْفُوا مَا فِي صُدُورِكُمْ أَوْ تُبْدُوهُ يَعْلَمْهُ اللَّهُ »

«(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Көңілдеріңде бір нәрсені жасырсаңдар да, жарияласаңдар да Алла оны біледі. Әрі Алланың барлық нәрсеге толық күші жетуші» де».(«Имран» сүресі, 29-аят.) 

Сондай-ақ «Нахл» сүресінің 19-аятында:

«وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا تُسِرُّونَ وَمَا تُعْلِنُونَ» 
«Алла жасырын және көрнеу не істегендеріңді біледі», - делінеді.

Ислам дінінің этикалық жүйесі  жеке өмірдің екі саласын  бірдей қамтиды:

Біріншісі - біздің мінез-құлқымыздың жеке формаларын білетін отбасы мен жақын достар шеңбері.

Екіншісі - өзімізден және Алладан басқа ешкімге белгісіз жүрек сырларымыз бен ойларымыз.

Осы екі бағытты мұқият қарастырып, жеке өмірімізді де көпшілікке көрсететін бейнеміз секілді  жақсарту үшін ойланып, әрекет ету абзал.

Көпшілік алдында өзін жақсы ұстаудың басты себебі - қоғамдық пікірге тәуелділік. Өзімізді есепке ала отырып, неліктен көпшілік алдында басқа, жеке қалғанда басқа екеніміздің басты себебін түсіну маңызды. Мүмкін өз-өзіне күмәнданып, сенімсіздіктен бе немесе бәріне ұнағысы келгеннен шығар. Мүмкін, мәселе білімсіздікте немесе туған-туыстар арасындағы түсініспеушілік пен жаман көзқараста болуы мүмкін.

Ал, екінші сала біздің ішкі әлемімізбен байланысты. Бұл тек Аллаға және бізге белгілі нәрсе. Кейде біз игі істер жасай отыра біреудің көргенін қалап, бағалауын күтеміз. Қай адам болсын мақтағанды қалайды, біреу сіздің жаныңызға жағымды сөз айта бастаса құлақ асып,тағы тыңдағыңыз келіп сол адамнан сізге жақын жоқтай көрінері анық. Ал сыртынан бұл әрекет Алла разылығы үшін жасалғандай көрінгенмен, іс жүзінде адам басқалардың назар аударғанын қалауы. Бұл жерде сұрақ қою керек: мұндай әрекетті Алла қабылдауы мүмкін бе?

Осылайша, адам сыртқы көрініс жағынан дұрыс әрекетті болады, басқалардың мақтауын, мадақтауын, құрметін алады, бірақ рухани жағынан ұтылыста қалады. Мұндай әрекеттер адамды рухани жағынан көтеруі екіталай,ондай әрекеттері  оны тек Алладан алыстатады.

Бірде, бір шәкірт өзінің ұстазына: «Мен игі істер жасасам, біреу оларды көріп,сол істеген ісімді  бағалайды деп сенемін. Мұндай ойларды қалай тоқтата аламын?» - деп сұрағанда, мұғалім оған: «Осындай игі істерді көбірек істеуге тырыс! Бірақ  өзіңнің әрекеттеріңнің бағасын басқа біреуден емес, тек Алладан күтемін деп ойла. Алла Тағала әрбір ісіңді көріп, сенің  әрекетіңді бағалады деп үміт үзбей кәміл сен», әрі  Аллаға бой ұсынып: «Уа, Алла! Менің не істегенімді көрдің бе? » - деп дұға қыл. Осылайша, өзіңді тәрбиелеу арқылы басқаның назарына емес, Алла Тағалаға назар аударуға деген ықыласың қанағаттандырылады және Алла алдындағы сауап сыйақыларың да азаймайды», - деген екен.

Қазіргі кезде көпшілігіміз мінсіз мінез-құлқымызбен қоғам ортасында мақтануды жақсы көреміз. Бірақ егер мұны жақын шеңберге жататын кісілердің алдындағы мінез-құлқымызбен салыстыратын болсақ, онда оның сапасы тіпті өзгеше болуы мүмкін.

Өзіңізді түсінбей және кемшіліктеріңізді түстеп, ажырата алмай дінді түсіну мүмкін бе? Өзін-өзі жетілдіру  жолы қиын, бірақ шынайы иманды Аллаға сенуші қандай жағдай болмасын Алланың рақымын көре алады.

Қарлығаш Қажымәлікқызы

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы.

Бөлісу: