Адамдардың арасын жарастыру

Адамдардың арасын жарастыру

Мақалалар
Жарнама

Расында, адамдардың арасын жарастыру ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  және оған дейінгі барлық пайғамбарлар жасаған ізгі амал.

Алла Тағала бұған қатысты Құран Кәрімде: «Шын мәнінде мүміндер бауыр ғой. Сондықтан екі бауырдың арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер»[i], - деп бұйырған. Адамдардың арасын жарастыру Алла Тағала жақсы көретін құлшылықтың бір түрі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисте былай деген: «Сендерге (нәпіл) ораза, (нәпіл) садақа, (нәпіл) намаздан дәрежесі артық амал туралы айтайын ба?...  Адамдардың арасын жарастыру»[ii].

Әсілі, адамдардың арасын жарастырушы болудың өзі оңай іс емес. Ондай адам өзге үшін шынайы жанашырлық танытып, риясыз көңіл бөліп, уақытын жұмсап, керек болса мал-мүлкін де сарп етуді қажет етеді. Қазақтың «сөз сүйектен өтеді» деген сөзіне орай, қаншама ажырасу алдында болған ерлі-зайыптылар өзгенің бір ауыз насихат сөзімен қайта қосылып, араздасқан туыстар татуласып, ренжіскен екі дос пен екі әріптестер қайтадан ымыраға келген, адамзат тарихында соғыс алдында тұрған екі тарап келісім жасасқандығы белгілі. Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисте адамдардың арасын жарастырушыға берілетін сауап жайында: «Кімде-кім екі адам арасын жарастыратын болса, Алла Тағала оған (жарастыру үшін) айтқан әр сөзіне бір құлды босатқандай сауап береді»[iii], - деген. Екі адамның немесе араздасушы екі топ жамағатты бір-бірімен жарастыру, достастыру ол - садақа. Оған Пайғамбарымыз Алла Елшісінің (с.ғ.с.) айтқан мына сөзі дәлел: «Екі адам арасында әділдік орнатып (жарастырғаның) садақа болып саналады»[iv].

Дінімізде өтірік айту күнә болып есептелетін іс. Өтірік айтқан адам шариғат бойынша күнәсі үшін тәубе етіп, Алладан кешірім сұрағаны дұрыс. Алайда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) тек үш жағдайда ғана өтірік айтуға рұқсат еткен. Бұл туралы келесі бір хадисте: «Өтірік айту келесі үш жағдайдан басқа кезде дұрыс емес: екі (араздасушы мұсылман) адамның арасын жарастыру (мақсатында өтірік айтылса); соғыс кезінде қарсыласты алдау тактикасы; еркектің (өзінің отбасы тұрақтылығын сақтап қалу мақсатында) жұбайына (өтірік айтуы)[v]»[vi], - делінген. Ал, келесі хадисте: «Адамдардың арасын жарастырып, жақсы (сөздер) айтып, жақсылықты асырғандар (әсте) өтірікші емес»[vii], - деп риуаят етілген.

Адамдар арасында келіспеушілік орын алуы, қарама-қайшылықтың болуы заңдылық. Бұл Алланың бізге қатысты жасаған (біз соңына дейін түсіне алмайтын) хикметі. Құран Кәрімде Алла Тағала: «(Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді. Олар үнемі қайшылықта тұруда»[viii], - деді. Демек, адамдардың үнемі қайшылықта болуы, толығымен Алла құзырынан адамзатқа берілген сынақтарының бірі.

Дегенмен, момын-мұсылман өзге бауырымен қарама-қайшылық себебінен қанша жерден араздасатын болса да, бәрібір соңында көп уақытқа создырмай бір-бірінен кешірім сұрап, татуласып, қайтадан бауырласқаны абзал. Ал, бұл істе үшінші тараптағы сіз бен біз ол екі араздасушы мұсылман бауырларға жәрдемдесіп, барынша екеуінің қоян-қолтын достасып кетулеріне, Алла алдында таза күйінде болуларына қол ұшымызды созғанымыз жөн. Өйткені, Алла Тағала таза болушылар туралы Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.): «...Онда тап-таза болуды сүйетін кісілер бар. Алла да өте таза болушыларды жақсы көреді»[ix], -деген.

Ал, енді екі мұсылман бауырдың бір-бірімен араздасып, ұзақ уақыт бірін-бірі кешірмей ренжісіп жүруі, Алла Тағаланың ол екеуінің күнәларын кешірмеуіне себеп болады. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Әр дүйсенбі мен әр бейсенбі күндері жәннат есіктері (айқара) ашылып, Аллаға серік қоспаған әрбір пенденің күнәлары кешіріледі. Тек, басқа бауырымен араздасқан кісіден басқа. «Екеуі татуласып, жарасқандарына дейін, ол екеуінің істерін кейінге щегертіңдер» деп бұйрылады»[x], - деп келеді. Әйгілі ғалым Әр-Рифағи өзінің насихат сөздерінің бірінде былай деген: «Бірлік (келісім) және өзара жәрдемдесу арқылы шайтанмен күресіңдер! Бұл (ізгі) істе сендерге мәдениеттіліктерің, (рухани һәм материалдық) жағдайларың, ізгі ақыл-кеңестерің көмек береді».

Адамдардың арасын жарастырудың келесі түрлері бар:

- екі қақтығысып жатқан жамағатты жарастыру;

- отбасын, ерлі-зайыптыларды жарастыру;

- араздасқан туысқандар арасында, туыстық қарым-қатынасты нығайту;

- екі кісіні татуластыру;

- екеуара құқықтар сақталмаған жағдайды реттестіру және т.б.

Хадистердің бірінде: «Момын-мұсылман (басқа бір) момын-мұсылман бауырының айнасы»[xi], - делінген. Яғни, кімде-кім мұсылман бауырының қателікке бой алдырғанын, не болмаса өзгемен араздасып, екеуара ренжісіп жүргендерін байқайтын болса, ондай жағдайда бауырына қол ұшын созып, насихатын айтып, екі тарапты жарастырып жіберген абзал.

Осыған орай, сауабы мол осы ізгі амалға әрқайсымыз атсалысып, айналамызда байқап қалған араздасып жүрген адамдарды жарастырып, оларды татуластыруға қолдан келгенше амал етіп, Алланың ризашылығына бөленейік!

Дайындаған Берікбол ЖАНАҚ


[i] «Хужурат» сүресі, 10-аят.

[ii] Әбу Дәуіт, Тирмизи.

[iii] Әл-Асбаһани риуаят еткен. Ғаріп хадис.

[iv] Мүслим.

[v] Ер кісінің жұбайына өтірік айтуына болады екен деп, оңды-солды өтірік айта беруі дұрыс емес екендігі шариғатта қатаң түрде ескертіледі.

[vi] Ахмад, Тирмизи.

[vii] Бұхари, Мүслим.

[viii] «Һүд» сүресі, 118-аят.

[ix] «Тәубе» сүресі, 108-аят.

[x] Мүслим.

[xi] Әбу Дәуіт.

Бөлісу: