Жұмаққа жетелейтін қай жиһад?

Мақалалар
Жарнама

Жұмаққа кіру – қай мұсылманның болса да басты арманы екені түсінікті. Соңы жоқ, шегі жоқ мәңгілік өмірдің жұмақта өткенін қай кісі қаламайды дейсіз. Алайда жұмаққа ұмтылудың жөні осы екен деп қолына қару алып, жиһад жасаймын деген оймен Таяу Шығысқа аттанып жатқандар күн санап көбейіп келеді. Ғаламтор бетіндегі материалдарға көз жүгіртсек, кейбір опасыз содырлардың жұмаққа кіреміз деп мына істерді жасап жүргенін байқаймыз:

- адамдардың басын кесу;

- әйел демей, бала демей елдің бәрін қойдай қыру;

- қалаларды өртеп, қирату;

- арақ пен есірткіге мас болу;

- аһа-һа, еһе-һе күлкіге салыну;

- әйелдердің бірнеше сағатқа немесе бірнеше күнге күйеуге тиюі;

- үйленген әйелін бір сағаттан кейін талақ ету;

- бұдан басқа да неше бәлені жасап жүр.

Алланың шариғатында осы бар ма? Шынында да, осы істер адамды жұмаққа жеткізуі мүмкін бе? Қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде жұмаққа жетелейтін істер жайлы не делінген? Асыл шариғатта жұмаққа мынадай істер апарады делінген:

Иман келтіру және ізгі істер жасау. Дәлел: «Иман еткендер және ізгі іс жасағандар бар, міне, солар жұмақтың иелері. Олар онда мәңгі қалады» («Бақара» сүресі, 82-аят). Дәл осы мазмұндағы аяттар қасиетті Құранда өте көп келтірілген;

Тақуалыққа ие болғандар. Тақуалыққа Алладан қорқу, Оған лайықты түрде тағзым ету, Оның бұйрықтарын орындап, арам істерден барынша сақтану жатады. Дәлел: «Шүбәсіз. Аллаға лайықты түрде тағзым ететін, Оған қарсы келуден барынша сақтанатын тақуа жандар жұмақ бақшаларында, бастау бұлақтардың басында болады» («Зарият» сүресі, 15-аят). Тағы бір аятта былай делінеді: «Раббыңыздан келетін кешірімге, тақуалар үшін дайын тұрған кеңдігі аспандар мен жердей жұмақтарға ұмтылыңдар» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят);

Өткен күнәлары үшін шын жүректен тәубе ету. Дәлел: «Кімде кім тәубе етсе, иман келтірсе және ізгі істер жасаса, міне, солар жұмаққа кіреді. Олар ешқандай зұлымдыққа, қиянатқа ұшырамайды» («Мәриям» сүресі, 60-аят).

Алланың дінінде тұр-тура болу. Дәлел: «Раббымыз - Алла» деп аятып, сосын (істері мен сөздерін сол иманына лайық етіп) тұп-тура жүргендер бар, міне соларға қорқыныш жоқ. Олар қайғыға да батпайды. Міне, солар жәннаттықтар, жасаған істерінің қарымтасы ретінде олар онда мәңгі бақи қалады» («Ақхаф» сүресі, 13-14-аяттар).

Алла разылығы үшін ғылым-білім іздену. Дәлел: Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде кім білім талабында бір жолға шықса, Алла Тағала оған жұмақтың жолын жеңілдетеді»;

Мешіт тұрғызу. Дәлел: Хазрет Осман (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін естіген: «Кімде кім Алла разылығынан үміт етіп бір мешіт тұрғызса,  Алла Тағала сол кісі үшін жұмақта зәулім сарай тұрғызады» (Бұхари, 545);

Көркем мінезді болу. Дәлел: Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Мінез-құлқын жақсартып көркем еткен кісі жәннаттың ең биігіндегі бір зәулім үйге кіретініне мен кепіл» (Әбу Дауд, 4800). «Адамдарды ең көп жұмаққа кіргізетін нәрсе – Құдайдан қорқу және көркем мінез» деген де хадис бар (Ибн Мәжа, 4246);

Ерегесті тоқтату. Дәлел: Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Өзінікі тура болса да, ерегесті тоқтатқан адам үшін жұмақтың ортасынан бір үйге мен кепілмін» (Әбу Дауд, 4800).

Әзілдеп болса да, өтірікке жол бермеу. Дәлел: Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Әзілдеп болса да өтірік айтпайтын адам үшін жұмақтың ортасынан бір үйге мен кепілмін» (Әбу Дауд, 4800);

Әрбір түзге шыққаннан кейін дәрет алуды және азан айтылған соң екі рәкат намаз оқуды әдетке айналдыру. Дәлел: Бір күні таңертең  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Біләлді (р.а.) шақырып алып: «Әй, Білал! Жұмаққа кіруден сен менен қалай озып кеттің. Мен түнде жәннатқа кірдім. Алдымда сенің кебісіңнің сықыры естілді ғой» дейді. Сонда Білал (р.а.): «Қайдам, мен әр азан шақырғанымда екі рәкат намаз оқимын. Маған нәжіс тигенде, дереу дәрет аламын» деп жауап қайырды. «Міне, осы арқылы менен озып кеттің» деді Алла елшісі (с.ғ.с.);

Алла үшін сәжделерді көбейту. Дәлел: Рабия ибн Кағб әл-Әслами былай деді: «Мен үнемі Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жақын жерде түнейтінмін. Оған әжетке және дәретке керекті суын әкеліп беретінмін. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Менен бір тілек тілеші» деді. Мен: «Жұмақта да сенімен бірге болғым келеді» дедім.

-  Бұдан басқа тілегің бар ма?

-  Менің қалайтыным осы ғана.

- Онда сәжделеріңді көбейтіп сен де маған нәпсіңе қарсы көмек бер, деді (Мүслим, 480/226);

Бұл тізімді ұзарта беруге болады: әр парыз намаздан кейін «Аятүл курсиді оқу, сәлемді жайып, жұртқа тамақ беріп, туыстық қатынасты күшейтіп, халық ұйықтап жататын түнде тұрып намаз оқу, үш қыз баланы тәрбиелеп жетілдіру, жақын адамдарының қазасына сабыр ету, жетімдерді қамқорлығына алу, Алла үшін аурудың көңілін сұрау, кедей-кепшіктерге қайырым жасау, т.б. Бұл істердің барлығына да аят-хадистерде дәлел келтірілген.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Мен сендерді жәннатқа жуықтатын, тозақтан алшақтатын не білсем, бәрін де сендерге бұйырдым. Сондай-ақ жәннаттан алыстатып, тозаққа жақындататын не білсем, бәрінен де сендерді тыйдым» дейді. Ендеше, жұмаққа кіргізетін істер өте көп. Олардың ешқайсысы әрине, оңай болмасы анық. Сол жолда еңбек етіп, қажыр қайрат жүмсау, қиындығына шыдау жиһадқа жатады.

«Малдарыңмен, жандарыңмен Алла жолында жиһад жасаңдар!» деген бұйрықтың бір мағынасы осы. «Жаныңмен жиһад жаса!» дегенді тек қана «өзің өл немесе біреуді өлтір» деп барынша тар мағынада түсіну қате.

Әрине, ел шетіне жау тиіп жатса, қолыңа қару алып отан қорғауға шығасың. Бұл – жиһад. Қазір де елге тиіп жатқан жау аз емес. Бірақ қазіргі дұшпандардың көбі соғысты жалаң қарумен ғана емес, саясатпен, биотехнологиямен, неше түрлі гипер техникалармен, киномен, мультфильммен, ғаламтор желісімен жүргізеді. Отан қорғап жиһад жасағысы келетін адам сол жолда жасағаны дұрыс. Түнімен ұйықтамай ғылым іздесін, жастардың сауатын көтерсін, кітап жазсын, неше алуан жазылмайтын аурулардың емін іздесін – осының бәрі ниет дұрыс болса, Алла жолындағы жиһадқа жатады. Ендеше, жұмаққа апаратын істердің бір шоғыры, міне, осылар.

Ал әйелдер үйінде отырып, жұмаққа жолдама алуына болады. Бір кісі пайғамбарымызға келіп былай деді: «Уа, Алланың елшісі, менің әйелім бар. Үйге кірсем, алдымнан шығып қарсы алады. Шығар болсам, шын пейілмен шығарып салады. Менің көңілім түсіп кеткенін көріп қалса маған: «Неге көңіліңіз түсіп кетті? Рызық-несібемізді уайымдап отырсаңыз, оған  сіз емес, басқа жауап береді ғой. (яғни рызық-несібеміз Алладан ғой). Егер ақырет жағдайын ойланып отырсаңыз, Алла уайымыңызды арттырсын» дейді. Бұған не айтасыз?». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйеліңнен сүйінші сұра. Ол – жаннаттық. Оған айт: «Сен Алланың қызметшілерінің бірісің, саған әр күн сайын Алла жолында жан тапсырған жетпіс шейіттің сауабы жазылып тұрады» деп жауап берген екен. Міне, көрдіңіз бе, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шетел асып, қантөгісті жиһадпен шатастырып жүргендерге тәніңді ұсын деп бұйырып жатқан жоқ. Өзіңнің үйіңдегі адал жарыңа қызмет ет деп жатыр.

Алла Тағала момын жұртымызды бәле-жала, кесір-кесапаттан сақтасын.

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ,

филология ғылымының кандидаты, дінтанушы, 

«Асыл сөз media» шағармашылық бірлестігінің директоры

Бөлісу: