НАМАЗ БІЗГЕ НЕНІ ҮЙРЕТТІ?

НАМАЗ БІЗГЕ НЕНІ ҮЙРЕТТІ?

Мақалалар
Жарнама

Әсілі, дінімізде намаздың үлкен орыны бар. Намаздан пайда алып, құндылығын түсіну үшін әр бір мұсылман намазға ерекше ден қойып, ойлану қажет. Намазды екі дүниенің сәруәрі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың және саңлақ сахабалардың орындағанындай оқыған жөн. Намазға қатысты шарттарын, үкімдерін, парыз-сүннеттерін, дәрет пен тазалыққа қатысты мәселелердің барлығын меңгерген дұрыс.

Намаздың біздің өмірімізге беретін пайдалары сансыз. Ғылым қанша зерттесе де, намаздың хикметтерің толық қамти алмайды. Олай болатын болса, намаздың бізге үйреткен төмендегі аса маңызды тұстарын қарастырып көрсек:

         – Намаз бізге уақыттың маңыздылығы мен құндылығын үйретті. Өйткені намаз мұсылмандарға белігілі бір уақыттарда оқуға бекітілген. Өз уақытынан ерте оқу дұрыс емес. Ал кешіктіріп оқу, тек үзір болған жағдаймен рұқсат етіледі. Намаздың уақыттары жайында Құран Кәрімде: «Намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды»[1], – делінген.

         – Намаз бізге жұмыс-тірліктерімізді түрлендіріп істеуді үйретті. Намаз күніне бес рет оқылады. Әр намазда оқылатын ракағаттардың саны әр түрлі. Намаздың бірі дауыстап оқылса, бірі іштей оқылады. Намаз ішінедігі осындай айырмашылықтар мұсылмандарды терең ойландырып, одан ғибрат алуға септігін тигізетіні сөзсіз.

– Намаз бізге білімнің маңыздылығын үйретті. Білімсіз ғылым таппайсың. Білімсіз орындалған амал дұрыс болмайды, тіпті адасуға апару ықтималы бар. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Білгендер мен білмегендер тең бе?»[2]. Ілімнің маңыздылығы жайында Әли ибн Әбу Талиб (р.а): «Ілімсіз ғибадатта, түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ», – деген.

– Намаз бізге ізгі істерге деген немқұрайлық танытпауды, кешікпеуді, қалдырып қоймауды үйретті. Бесін намазын оқып болған момын-мұсылман, намаз аяқталған сәттен бастап, екінті намазының басталуын күтеді. Уақыты мен жұмыс-жоспарын туралап, келесі намазды өткізіп алмай, өз уақытында орындауға әрекет етеді. Құран Кәрімде: «Елді игілікке бұйырып, өздеріңді ұмытасыңдар ма? Кітапты оқисыңдар, ойламайсыңдар ма?»[3], – делінген.

– Намаз бізге бір имамға ұюды және оған мойынсұнудың маңыздылығын үйретті. Егер жамағат өздері жиналып, имамсыз намаз орындаса, әркім әр түрлі оқып, намаздың шырқын бұзатыны сөзсіз. Сондай-ақ, бір намазда, бір жамағатқа, бір уақытта екі-үш имамның болуы мүмкін емес нәрсе. Сондықтан, жамағаттың араларынан тағайындалған имамға ұюы мен оған мойынсұнуы ерекше мәнге ие. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар»[4], – деген.

– Намаз бізге күш-қуат жамағаттың бір сапта тұрып жиналуы арқылы болатындығын үйретті. Жұма күндері мешіттің іші-сыртында жұма намазына келген қалың жамағаттың бой көрсетуі, әр бір мұсылманның жүрегіне ерекше патриоттық сезім ұялататыны сөзсіз. Жамағат арасында татулық, ауызбіршілік, келісім болса, жік-жікке бөлініп, бір-бірімен араздамаса, арандатушылыққа бой бермесе, қоғамның тұрақтылығы мен үздіксіз дамуына жол ашылады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер[5]»[6], – деп ескерткен.

– Намаз бізге шайтанмен күресудің тиімді жолын үйретті. Иыққа иық тіреп, саптың түзулігін сақтап, жамағат болып оқылған намаз шайтанның «қолын байлап», айласын әлсіретеді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисте: «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннәттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын»[7], – деген.

– Намаз бізге нәпсімізді тәрбиелеп, оны өзімізге бағындыруды үйретті. Расында нәпсісіне ие бола білген момын-мұсылман жеңіске жеткен адам. Таң намазына ерте тұрып, кешкілік уақытта құптан намазына тұрған мұсылман нәпсісін бағындыра білген мұсылман болып саналады. Намаз – нәпсіні тәрбиелеудің негізгі жолдарының бірі. Алла Тағала Құранда: «Әлдекім тазарса, ол құтылады», «Ол, Раббының атын еске алып, намаз оқыды»[8], – деп, намаз оқу арқылы нәпсіні тазартуға болатындығын баян етті. Ардақты пайғамбарымыз Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисте: «Егер сендердің біреуіңнің есігінің алдында бір өзен болып, ол оған күніне бес мәрте шомылатын болса, оның бойындағы кір қала ма?» – деп сұрайды. Адамдар: «Жоқ, оның кірінен ештеңе қалмайды», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ендеше бес уақыттың мысалы да солай. Алла Тағала ол арқылы қателіктерді кешіреді»[9], – деді.

         – Намаз бізге Құран мен сүннеттің қадір-қасиетін біліп тануға үйретті. Намазды тек Құран аяттары оқып, жаттаған мұсылман ғана оқи алады. Намазда орындалатын амалдарды сүннетті білген адам орындай алады. Сонай-ақ, жамағатпен намаз оқығанда, егер негізгі тағайындалған имам немесе жергілікті әкім болмай қалған жағдайда, Құранды көп жаттап, сүннетке көбірек берік болған адам имамдыққа өту құқығына ие бола алады.

         – Намаз бізге үлкендерге құрмет көсетіп, оларға қамқорлық білдіруді; Алланың үйі мешітті қадірлеуді; азанға мән беруді; алғашқы саптың сауабына ұмтылуды; дене мен жан тазалығын сақтауды үйретті.

         Намаз бізге нені үйретпеді?! Намаз бізге бәрін үйретті.

Дайындаған: Берікбол Мергенбайұлы

 

 

[1] «Ниса» сүресі, 103-аят.

[2] «Зүмәр» сүресі, 9-аят.

[3] «Бақара» сүресі, 44-аят.

[4] «Ниса» сүресі, 59-аят.

[5] Бөлінбеңдер, керісінше бір жамағат болыңдар.

[6] «Әли Имран» сүресі, 103-аят.

[7] Тирмизи.

[8] «Әғла» сүресі, 14,15-аят.

[9] Бұхари, Мүслим.

Бөлісу: