Жеті хадис жаттап ап, алты қырдан айқай сап...

Мақалалар
Жарнама

Надандық – дінге тек бір жақты қарау, айналасындағыларды өз көзқарасын қолдауға мәжбүрлеу сынды әрекеттерден тұрады. Расында, қазіргі таңда ел ішіндегі діннің төңірегінде шолақ белсенділер де көбейді. «Ілімі таяздың дауысы да қарлығып шығады», өз бойының қысқалығын көрмей, бойы ұзынмен таласатындардың әрекеті адам жанын қайтсе де жараламай қоймайды. Кеудеде шықпаған бір жан болса да, жан жарасы көбейген сайын мың жаның бардай сезіледі кейде. Данышпан Абай жарықтықтың «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» дегені осындайда еріксіз ойға оралады екен. Атам қазақ «Жақсы ниет – жарым ырыс» демеуші ме еді, жақсы ниетпен қателессе игі еді деп, өз-өзіңді жұбатқандай боласың.

Ислам діні ықылым заманнан ақиқаттың жаршысы, ғылымның атасы болып келген. Қайбір пенде білмегенді білемін деп, дінді саяламай, есесіне дінді өзіне құрал етіп, қайшы етіп жүрген болса, ол задында өзінің бейшаралығы емес пе?! Жаныма соңғы кездері суық күнде бүйірден тиген ызғарлы темірдей батып жүрген бір жайт, ол – ел арасында «дін білемін, діннің үкімі былай, діннің үкімі анадай» деп жүрген ілімсіздер жайында болмақ. Бұл күнде оқығандар баршылық болса да, жастар арасында өзін ғалым санағандар көптеп бой көтерді. Хакім Абайдың «Дағарадай сәлдесі, теріс оқыр Құранды» дегені, әрине, осындайларға меңзелген іспетті. Яғни, надандар. Олар өздерінің дінге келгенде сауатсыздығымен қоймай, қарапайым ел тұрмақ имамға да, оқыған дін ғалымына да ақыл айтып, айға шапқан арыстандай тайталасуды, тістесуді әдетке айналдыра бастады. Желмаясына мініп, мұқым қазақтың даласын жортқан Асанқайғы «Надандықтың белгісі – тілін алмау білгеннің» десе, Шәді ақынның «Қалтасында пұлы жоқ – өзін-өзі би сайлайды» дегенінің кері келіп тұрғандай мына таңда.

Біреу менен «Бұл өмірде, осы жасыңа дейін сені ең көп таңқалдырған, сауалын тауып, жауабын таппаған не нәрсе?» деп сұраса, бөгелместен, іркілместен былай деп айтар едім:«Дінді білмей, дін дегенде өзін құстың төресіндей көретіндер. Оларға сіз химия жайында бір сауал ұсынсаңыз, «Е, оның жайын химик білер» деп дереу жауап беретіні, әрі қарай математика, биология, мединцина жайында терең бір сауал қойсаңыз, «Оны қайтпексің, шет-жағасын көргенбіз мектепте, әйтсе де оның жайын сол мамандар мен ғалым майталмандар біледі емес пе, сіздің бұлай қойғаныңыз мені мазақ ету ғой» деп өзіңізге қырғи қабақ танытып, қыранша шүйліге кететіні бар. Ал егер сіз одан дін жайында, шариғаттың дариясына желкен жайып, тереңінен інжу-маржан сұрасаңыз, шімірікпестен, күн жауардай күркіреп ап, гүлге қонған бұлбұлдай боп, талай кітап бітірген боп, Құранды да мың қайтарғандай сайрай кете жөнеледі. Мұндайды қазақ «өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» деп сипаттайды. Яғни, гәпірме, өтірікші, дүмшенің халі.

Шындығында, жай ғылымда адам қателессе, бұл өмірін жоғалтады, ал дінде қателессе, қос ғұмырын жоғалтады. Соны әлгіндей «данышпандар» біле ме екен? Адамның жаманы –өтірікші. Сол өтіріктің атасы – дінді өзінің надан көзқарасының қорғаушы құралы етіп алғаны.

Ілгеріде, жас күнімде ілім алып жүргенімде ұстаздарымыздан:«Исламдағы бір Имам Ағзам мәзһабын үйрену үшін, қырық жыл керек» депеститін едік. Сол Ағзамның өзі де «Намаздың он екі мың мәселесін білуші едім» деп айтады екен. Дін ілімнің қайнар көзі екенін білдік. Енді келіп, бұл заманда кей адамның үйінде электр шамы сөнсе, арнайы электр маманын шақырып, қолындағы ұялы телефоны бұзылса, майталманға жүгіріп, ауыра қалса, дәрігерге шапқылап, күн ұзаққа соның аузынан бір ауыз «фәтуа» күтіп, ал дінге келгенде шейхул-исламдай оп-оңай үкім бере салатынын және онымен қоймай, сол үкімін имамдарға да мойындатқысы келетінін көргенде, кімнің жаны жай таппақ. Құранда Хақ тағала: «Егер білмесеңдер, ілім иелерінен сұраңдар» деп анық айтып тұрғанда, бұлардың өздерін білетін санағаны қай қисынға сай келмек.

Атақты, күні бүгінге дейін есімі аталса дүйім елді дүр сілкіндірген Ахмед ибн Ханбал жарықтық та бір адамның дін жайында үкім беруі үшін мынадай бес сипаттың болуы қажеттігін көпшілікке жария етеді.Әуелгісі, пейілінің дұрыс болуы, ниетінің ықыласты болуы. Әрбір ісінде, өмірінде бір Алланың ғана ризалығын бағуы. Болмаса, пейілі тардың, ниеті жаманның ой бағамы да жарға итермек. Көзқарасының көш басын бұрысқа бұрмақ.

Екінші ерекшелгі, ілімі болуы, сол іліміне сай кішіпейіл және салихалы, салмақты болуы қажет. Ұшқалақтық, жеңіл мінез, тәкаппарлық жарға жығады.

Үшінші бір қасиеті, өзінен және сол тұшынған, бойға сіңірген іліміне сенімді болу, белін бекем буа білуі. Ілімі болса да өзіне сене алмаған біреуге сенім ұялата алмайды. Ал ілімін сіңіре алмағаннан желбуаз, секем пікір мен үкім туады.

Төртінші, бір айқанымен ел-жұртқа, жалпақ елге өз беделін мойындата білуі. Бұл дегеніміз, бүгінгі кей адамдардай, қара құйынмен өзін таныту деген сөз емес. Ілімімен, сөзімен, ісімен танытуы. Сөзі мен ісі бір жерден шығуы.

Бесінші, һәм, соңғы өсиеті, алдына келген адамды да, қарапайым халықты да жақсы тани білуі. Бұл дегеніңіз, алдына келген адамының жандүниесін ә дегеннен тануы, сонымен қатар жалпақ жұрттың хал-ахуалын, мәдениетін, салт-дәстүрін берік білуі және санасуы қажет.

Ал, енді бұл заманның сөз басындағыдай «оқымысты», «діндарларына» келер болсақ, имаммен тайталасып тұрғанда жанына барып, сәлем беріп, жай ғана қолына Құран ұстата қойсаңыз, жетіп жатыр. Өйткені, бұлардың дені Құран оқуды да, сол Құранның аудармасын да айта алмайды. Сонда деймін-ау, бұлар қайдан шыққан «данышпан»?!

Қолымды Алланың соңғы кәләмі – Құранға қойып, Алла атымен ант ете отырып, осы қалада Мысыр көрген, ілім алған көрегенді бір имамның сөзімен ойымды тәмәмдағым келеді. «Мешітте бір күні елге уағыз айтып отырғанымда, жұрт арасынан сақалды бір жігіт тұрып сөзіме киліге қалды, – дейді ол. – Өзінің білімін дәлелдегісі келді ме, әлгі азамат:

– Сіздің бұл айтып отырғаныңыз дәлелсіз. Оның жөні былай болмақ – деп өз білген үкімін ортаға салды.

– Ал, жарайды, бауырым, сенікі дәлелді болса қабылдалық, әкелші қане дәлеліңді,- дедім.

– Дәлелім мен айғағым сол, сізге көрсетер айбарым сол – Бұхаридың кітабында тайға таңба басылғандай жазылған, дейді шімірікпестен.

– Жарайды, онда әкеліңдер Бұхариды, міне кітап, көрсетші.

– Бұл арабша, мен білмеймін арабшаны.

– Қай тілден сіз оқып едіңіз?

– Орыс тілді аудармасын.

– Саспаңыз, сабыр қылыңыз, әкеліңдер орыс тілді аудармасын, қане көрсетші, міне кітап.

Осы кезде әлгі айғағы мол «оқымысты» қатты састы, әйткенмен,берілер емес. Сол сәтте жамағатты таң қалдырған оқиға орын алды, әлгі жігіт мойнына асқан дорбасынан бойы шағын, өзі қалың бір кітапты суырып алып:

– Міне, менің айғағым да, айтқаным да осы кітапта. Осында бар, көріп ал да мойындап, бізге келіп қосыла қал,- дейді.

Мешіт іші жамағатқа лық толы еді, әлгінің шырқырауы олардың да аздап болса да көкейіне қонған. Әйткенмен, мына кітап көзге түсіп, түрпідей батып, мешіт іші жамыраған шуға толды. Парақтап қарасақ, әлгі жігіттің сол кітабы, өзі шағын, мол кітабы Інжілдің аудармасы болып шықты.

Інжіл кітабы түп нұсқасы болса да, Құранға айғақ бола алмас. Сол себепті, бұл жігіттің «нақты айғағы» көңілге тұнып, қона алмас. Әлгі жігіт есін жиды, сөзін тыйды, «қатты састы, тұра қашты жалма-жанның» кері келді»...

Имамның сөзінен кейін, бұл «оқымыстының» әлгі Ахмед ибн Ханбал айтқан бес қасиеттің қайсысы бар бойында деген ойға қалғаным бар.

Мұхитдин ИСАҰЛЫ,

Теология ғылымының докторы, 

Дерекөзі: E-islam.kz

Бөлісу: