Өзін алмадық, сөзін алдық...

Мақалалар
Жарнама

Белгілі канадалық-америкалық кино жұлдызы Киану Ривз өзінің Фейсбук парақшасында адамдарға өмірге қандай қатынас құру жайында кеңес берді. Оның бұл постын 250 000-ға жуық адам ұнатып, таратқан.

Кианудің кей пікірлері расында өмірдің мәнін ұғынуға бір қадам жақындатардай. Оқып көріңіз, бағасын беріңіз. Біз автордың өзін емес, оның сөзін ғана үлгіге алдық. Сонымен, К.Ривз былай дейді:

 

«Сіздер менің артымдағы адамдарды көріп тұрсыздар ма? Олар жұмысқа асығуда және ешнәрсеге мән бермейді. Біз кей кездері күнделікті күйбең тіршіліктің шырмауына кіріп, арасында үзіліс жасауды және өмірдің ғажап көрінісінен ләззат алуды ұмыт қалдырамыз. Бейне бір зомби секілдіміз.

Көзіңізді ашыңыз. Құлақтарыңыздағыны (құлаққап) алыңыз.

Қарсы алдыңыздан шыққан адамға «Сәлем» беріңіз, көңілсіз біреу болса, оны құшақтаңыз  (1). Қолыңыздан келгенінше көмектесіңіз (2).

Сіздер әрбір күндеріңізді соңғы уақытыңыздай өмір сүріңіздер (3).

Адамдар осыдан екі жыл бұрын менің сұмдық күйзеліске ұшырағанымды білмейді. Мен ешқашан ол жайында айтпадым. Мен өзім жеңіп шығуға және сол күйзелістен шығар жолды табуға міндетті едім. Менің бақытты болуыма себепкер адам, ол – ӨЗІМ ғана (4).

Әрбір күн – бағалы. Сол себепті, сол күнге дұрыс көңіл бөлейік.

Ешкім дәл ертең не боларына кепілдік бере алмайды. Бүгініңді бағала!» (3)

 

Ал күллі әлем мұсылмандары құрмет тұтатын қасиетті Құран аяттары мен пайғамбар өсиеттерінде былай делінеді:

1) Аят: «Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар!» («Ниса» сүресі, 86-аят).

 Хадис: «Расында, адамдардың ішінде Алла Тағалаға ең жақыны – басқаларға бірінші болып сәлемдескені», «Ислам бұйырған қайырлы іс – танитынға да, танымайтынға да сәлем беру. Араларыңда сәлемді таратыңдар».

 2) Аят: «Сендер жақсы көрген нәрселеріңнен жұмсамайынша, игілікке жете алмайсыңдар. Әрі сендер не жұмсасаңдар да, Алла – оны Білуші» («Әли Ғимран» сүресі, 92-аят).

Хадис: «Жасырын не ашық түрде көп садақа беріңдер, ризықтарың көбейеді, көмекке ашық болыңдар, дұғаларың қабыл болады.»

3) Аят: «Ешбір жан ертең не істейтінін білмейді, ешбір жан қашан өлетінін білмейді» («Лұқман» сүресі, 34-аят.)

Хадис:«Екі нығмет бар, адамдардың көбі оның қадірін білмейді. Ол – денсаулық пен бос уақыт».

4) Аят: «Әрине, сабыр еткендерге істеген істерінен де жақсы сый береміз» («Нахл» сүресі, 96-аят).

Хадис: «Кімде-кім сабырлы болуға тырысса, Аллаһ оған сабыр береді. Адам баласына сабырдан артық қайырлы әрі үлкен сыйлық берілмеген».

 

Қызық дерек

Киану Ривз қаншалықты танымал тұлға болғанымен, актерді қала көшелерінде жабырқау күйде, жалғыздықты серік етіп кетіп бара жатқанын көре аласыз. Оның қала бағындағы шеткері лашықта оңаша ойға батқан сәттерін, бетон бордюрде кофе ішіп немесе метрода газет оқып отырғанын көпшілік жиі байқайды. Тіптен, ғаламтор бетінде Ривздың көңілсіз күйі бейнеленген фотомен 2010 жылы «Көңілсіз Киану» атты интернет-мем пайда болды. Ал Facebook желісіндегі актердің жанкүйерлері 15 маусымды «Киану Ривздың көңілін көтеруге арналған бейресми күн» етіп белгілеп алған.

Киану Ривз өзінің атаулы мерейтойларын да елеусіз өткізіп жібереді. Голливуд жұлдызы 50 жылдық мерейтой кешін өз шаңырағында, отбасымен және әпкесімен ғана атап өткен.

Жайық НАҒЫМАШ

Бөлісу: