Иманды қоғамның даму кепілі

Мақалалар
Жарнама

Бұйыра бермейтін бақыт

Жуырда Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет І республикалық имамдар форумы өтті. Тарихи шарада«Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті», «Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қызметкерінің этикасы» атты тәлімдік құжаттар қабылданды.

 

Діни басқарма тарихында тұңғыш рет қабылданған осынау құжаттардың имам-молдаларға жүктеген міндеттері мен талаптары жайлы ойларымызды ортаға салуды жөн көрдік.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:«Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, соған дінді терең түсінуді нәсіп етеді», – деген. Демек, дінді түсіну, оған амал ету, Исламды насихаттау бақыты кімге болсын бұйыра бермейтін бақыт. Сондықтан діни қызмет – мәртебелі міндет. Түсінген пендеге Алла жолында қызмет етуден артық жетістік, бақыт жоқ.

Діни басқармаға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы келгелі бері имам-молдалардың білімі мен біліктілігіне аса мән беріліп келеді. Мешіт қызметкері тек шариғат ілімдерімен шектеліп қалмай, ғаламтор, заманауи ақпарат алмасу және байланыс құралдарын жетік меңгеруі, шешендік өнер мен сөйлеу әдебін игеруі талап етіле бастады. Өзін жан-жақты дамытып, үгіт-насихат жұмыстарында уағызды Қазақстан тарихымен, салт-дәстүрмен, әдеп-ғұрыппен, би-шешендеріміздің қанатты сөздерімен мақал-мәтелдермен ұштастырып айтуы тиіс. Сонымен қатар дін қызметкерінің уағыз-насихатты қазақ халқының данышпан, оқымысты, тұлғаларының, мәселен, әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Жүсіп Баласағұни, Абай, Ыбырай, Шәкірім, Мәшһүр Жүсіптердің өсиет өлеңдері мен ғибратты әңгімелерімен көркемдеп айтуы – уақыт талабынан туындаған шешім.

ҚМДБ-ның 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялауы дінімізбен бітеқайнасқан дәстүріміздің де халық арасында кеңінен насихатталуына серпін берді. Қазір имамдар тек діннің ғана емес, дәстүрдің де насихатшысына айналды.

«Тамақты шайнауға уақытым жоқ»

«Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қызметкерінің этикасы» тәлімдік құжатының біздерге, имамдарға жүктеген тағы бір талабы – халықпен жұмыс жасағанда аймақтағы тілдік, мәдени, рухани ерекшеліктерге жіті мән беріп, жергілікті тұрғындармен санаса білу. Бұл да өзекті мәселелердің бірі. Әр өңірде бұрыннан қалыптасқан түсінік, тілдік ерекшеліктер бар. Мұны ескеруге тағы болмайды. Осындай аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, уағыз айтып, имандылыққа шақыру – имам жұмысын жеңілдетеді әрі нәтижелі болмақ.

Дін қызметкерінің этикасында діни қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікір алмасуларды көркем түрде әдеппен жүргізу, биязылық танытып, дөрекелікке жол бермеуі көзделген.

«Имамның тұлғалық келбеті» деген құжатымыз да мешіт қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктейді. Имамның бойында көрініс табуы тиіс қасиеттердің бірі – білімділік, парасаттылық. Білімді талап ету, ілім үйрену, даналық жолын ұстанып, ғылыммен шұғылдану – пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қалған асыл сүннет. Хадисте: «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – делінген.

Имам-молдалар халық арасында діни ағарту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында көптеген әртүрлі салаға қатысты сұрақтарға тап болады. Оған дер кезінде жауап беріп, сұраушыны қанағаттандыру үшін де, әрине ең әуелі білім керек. Сондықтан Исламда білім алудың маңызы өте үлкен.

Белгілі ғұлама әл-имам Әбул Уәфа Али ибн Ақил былай деген екен: «Мен тамақтану уақыттарын қысқарту үшін қолымнан келген әрекеттерді жасаймын. Тіпті, көп шайналатын тамақтан гөрі тез жұтылатынын таңдаймын. Неге десеңіз, шайнауға да уақыт кетіп қалады. Осылайша, жазуға, оқуға көп уақыт табамын».

Қасиетті кітабымыз Құранда: «Раббым, білімімді арттыр!» – деген аят бар («Таһа» сүресі, 114-аят). Тағы бір сүреде: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» – деп білім иелерін ардақтаған («Зумар» сүресі, 9-аят).

 Имам тыңдаушыны зеріктірмеуі тиіс

Имам адамдарға уағыз айтады, олармен сұхбаттасады, әңгімелеседі. Тыңдаушыны баурап, имандылыққа ұйытып, діни мәселе төңірегінде қанағаттандыру да – оңай шаруа емес. Бұл шебер сөйлеп, шешендік өнерді меңгеруді талап етеді. Алайда бүгінгі заманның сұранысына орай, имамдар да сөйлеу шеберлігін үйренуі қажет. Заман сұранысы дейміз-ау, әуелде Алла Тағала әсерлі сөлеуді бүкіл адам баласына бұйырған. Жаратушы Иеміз мүбәрак Құранда: «...Оларға үгіт бер де, оларға әсерлі сөз сөйле», – деп бұйырған.

Имам уағызы халықты зеріктірмеуі тиіс. Бір сарында сөйлеу тыңдаушыны жалықтыратыны рас. Сөзді анық әрі нық жеткізу, маңызды сөздерге басымдық беру, болған оқиғаны көтеріңкі дауыспен білдіру, «яғни», «мысалы», «сосын», «жаңағы», «сондай-ақ» деген сөздерді жиі қайталаудан алшақ болу, аудиторияға немқұрайлы қарамау, қолмен көркем түрде ишара жасау, тыңдаушының жас-ерекшелігін және жағдайын ескеру, т.б. – шешен сөлеуші тұлғаға қойылар талаптардың бірі.

Жан-жақтылық – барлық жанға қажет қасиет. Бұл артықшылық имамдар бойынан көрініс тауып жатса, нұр үстіне нұр. Жан-жақты қабілетке ие адамды халқымыз: «Сегіз қырлы, бір сырлы», – деп сипаттаған. Имам-молдалар тек діни біліммен ғана шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты білімді игеруі тиіс. «Имамның тұлғалық келбеті» атты тәлімдік құжатымыз осыны көздейді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендердің жақсыларың дүниесін ақыретке, ақыретін дүниеге тастап қойғандарың емес, бәлкім екі дүниенің арбасын бірдей ұстағандарың. Шын мәнінде, дүние ақыретке жетелейді», – деген.        

Адамзат күйзелісте...

Астанада өткен І республикалық имамдар форумында әлемдегі діни ахуал туралы сөз болды. Бейбіт тұрғынның берекетін қашырған оқиғалардан сабақ алып, елдің тұтастығын сақтап, халқымыздың имандылығы мен бірлігін бекемдей түссек деген ізгі ойлар айтылды.

Қазір адамзат баласы жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келіп отыр. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісі де көрініс табуда. Бұл оқиғалар барша адамға, имамдарға да жауапкершілік жүктейді.

Әрбір парасатты адам әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару. Иә, бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына ауадай мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына көбірек үміт артылады. Имам дегеніміз – ол ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы. Діндарға қарап, дінді танимыз.

Қазір біз иманды қоғам құру жайлы айтудамыз. Иманды қоғам өзінен өзі құрыла салмайтыны да ақиқат. Әрекетсіз үміт ету – теңізге ескексіз шыққан қайықпен бірдей. Егер біздің арамыздан иманды, білімді мұғалімдер, дәрігерлер, жанашыр иманды кәсіпкерлер, иманды қаржыгерлер, көбірек шықса, олар әр салада белсенділік танытып, жанашырлықпен жұмыс істесе, сонда ғана иманды қоғам қалыптаса бастайды.

Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық беріп, халқымызды әртүрлі бүлік әрекеттерден сақтасын. Жаратушы Иеміз елімізге берекетін жаудырып, иманды қоғам құруда талмай еңбек етуді нәсіп еткей! Әмин!

Смайыл СЕЙТБЕКОВ,

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы 

бойынша өкіл имам

Бөлісу: