Кемел елдің ертеңі - адал атқан таңында

Мақалалар
Жарнама

Адамзат игілігі үшін хақ дінді түсіріп, соңғы елшіні жіберген Жаратқан Иеміз біз мекен еткен жердің асты-үстін сансыз нығметке толтырып, тарту етті. Ұшқан құс, жүгірген аң, тамылжыған жеміс-жидек, бар байлығын құлдарына берген Алла Тағала қасиетті Құранда арам асқа жоламауды да ескертеді.

Ал шариғатымызда тыйым салынбаған нығметтің адал саналатындығына «Алла жер бетіндегі барлық нәрсені сендер үшін жаратты» («Бақара» сүресі, 29-аят) деген аяты дәлел болады. Сондай-ақ, «Көк пен жердегінің барлығын нығмет ретінде сендердің игіліктеріңе беруші – Сол» («Жасия» сүресі, 13-аят) деген аят адамзат үшін Құранда тыйым салынбаған нәрсені ішіп-жеуге болатынын баяндайды.
Аятта баян етілгендей, барлық нығметтер адамдар үшін жаратылғанымен, Алла тағала бірқатар шектеулер қойған. Себебі, ненің халал, ненің харам екендігі шариғат иесі Аллаға ғана аян. Біз, бұл орайда, қасиетті Құран аяттары мен әз елші Мұхаммед пайғамбар өсиеттеріне назар аударамыз. Сол себепті де, иісі мұсылман баласы Алла Тағала тыйым салған нәрседен қайтып, адал деген аспен азықтанғаны екі дүниесі үшін де қайырлы болмақ.
Астың адалын таңдау турасында Құранда: «Ей, адамдар! Жер бетіндегі халал әрі таза нәрселерден жеңдер» («Бақара» сүресі,168-аят) делінеді. Ал «Нахыл» сүресінің 115-аятында: «Әй, мүміндер! Алланың сендерге халал еткен жақсы нәрселерді харам етіп, шектен аспаңдар. Шынында, Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді. Және Алланың сендерге берген халал, таза несібесінен жеңдер. Сондай-ақ, өздерің иман келтірген Алладан қорқыңдар» дейді.
Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адалды іздеу – әрбір мұсылманның міндеті» деп, астың адал болуын мұсылмандарға міндеттеген. Халқымызда «маңдай тер, табан ақымен келген адал астың» қадір-қасиеті мұсылмандығымыздың бір белгісін көрсетсе керек. «Ауру – астан…» болатыны да баба тарихтан белгілі. Діни һәм адами қасиет тұрғысыдан ас-суымыздың халал да таза болуына және тапқан табысында кісі ақысы болмауына баса мән беру – мұсылманның міндеті.
Тақуалықпен ғұмыр кешіп, Алланы сүйген Ибраһим Әдһам: «Кісі ішіп-жеміне мұқияттылық танытқанда ғана рухани кемелдікке қадам басады» деген екен. Асыл шариғатымыз бен дін ғалымдарының насихаттарына назар аударсақ, адамзат бойындағы тазалық, жүректің жақсы болуы да осы харамнан аулақ болып, халал нәрсені пайдалануға байланысты болып келеді екен.
Өзіміздің өмір сүру бағытымызға қарай ұрпағымыздың да келешегі айқындала бастайды. Мәселен, салиқалы да саналы бала намысты әке мен аяулы да кіршіксіз арлы анадан пайда болады. Тоғыз ай толғатқан баланың қандай болмағы анасының ішіп-жеген асы, жүріп-тұрғаны, отбасын асыраушы әкенің тапқан нәпақасының қайдан, қалай келгеніне қарай айқындалады.
Алла Тағала «Муминун» сүресінде: «Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әркез игі іс істеңдер» деп бұйырған. («Муминун» сүресі, 51-аят). «Мәфәтиху әл-ғайб» кітабында Фахруддин ар-Рази (р.а.): «Бұл аят пайғамбарларға қарата айтылғанымен, мүміндерге де тікелей қатысты болып табылады. Аяттың құрылымына мұқият мән берер болсақ, мынадай мағына шығады. Игі іс істеу үшін алдымен жеген асыңның адалдығына мән беруің керек. Себебі аятта игі іс жасаңдар деген бұйрықтың алдында адал, таза ризықты жеңдер нұсқауы бар» деген.
Харам жол арқылы табыс табу адамзатты зиянға ұшыратушы басты себептің бірі. Отбасындағы ас-су харам жолмен келсе, оны қорек қып өскен ұрпақ ата-анасына не қоғамға орасан зор зиян әкелмек. Әрі бұл құлшылығымыздың қабыл болуына да өз әсерін тигізбей қоймайды.
Бұған қатысты Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дұғаларың қабыл болсын десеңдер, адал әрі таза аспен қоректеніңдер» деп ескертеді. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Ішінде харам болған кісінің Алла намазын қабыл етпейді» деп, адамзаттың ақыреттік жағдайының бұл дүниедегі тіршілігімен тікелей байланысты болатынын алға тартады.
Отбасын асырау жолында адал еңбек еткен адам Алла жолында жиһадқа шыққан дәрежеге көтеріледі. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім өз отбасына халалдан азық жеткізуге тырысса, ол – Алла жолында күресуші тәрізді» деді. Осы себепті де, игі мұсылман өз жұмысының, абырой-беделінің жоғарылығына емес, оның қандай жолмен табыс табатынына, адалдығына аса мән беруі керек. Тау қопарып, тас уатып, ауыр жұмысқа жегілсе де, көше сыпырып, жер қазса да әрбір тиыны маңдай терімен келгенде ғана Алла алдындағы ең абыройлы табыс саналады.
Суфян Саури (р.а.) есімді дін ғалымы: «Аллаға бойсұну ісіне харамнан бір нәрсе жұмсалуы – лас киімін несеппен (зәрмен) тазартқан кісі іспетті. Ал, нәжіс киімді су ғана тазарта алатыны сияқты күнәні тек қана халал нәрсе жуып шаяды» деп, адал кәсіп қылып, табыс табудың дәрежесін сипаттайды.
Иісі мұсылман халқы үшін құлшылықтың тоғызы халалда болады. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құлшылық он бөліктен, ол он бөліктің тоғызы – халал рызық-несібе табудан тұрса, бір бөлігі – күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқу» деп, харам-халалға өте мұқият болудың маңыздылығына назар аудартады. Ілгергі өткен ғұламалар құлшылығына тиянақты мұсылманның бүкіл өмірі, жүріп-тұрғаны, тіптен, ішіп-жегені де ғибадат еткендей сауапқа кенелетінін айтып кеткен.
Ал харам астың зияны жайында әз елші өсиеттерінің бірінде: «Адамдарға кісі өз тапқанының халал ма әлде харам ба екеніне көңіл бөлмейтін бір заман келеді» делінеді. Қазіргі таңда айналаға көз тігер болсаңыз, кейбір адамдардың қандай жолмен болса да, халал-харамына қарамай, дүние жинау жолына түскенін байқайсыз. Қазақтың діндар ақыны Ғұмар Қараш «Жігітті Құдай ұрғаны, …Адалға мойны жар бермей, Арам істі қылғаны» деп, бүгінгі қоғамның көлеңкелі тұстарын баяндап кеткендей.
Бір күні сахаба Сағъд ибн Әбу Уаққас: «Уа, Алла елшісі! Менің әрбір дұғамның қабыл болуы үшін маған дұға етіңіз» деп өтінгенде, ардақты пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дұғаларыңның қабыл болғанын қаласаңдар, адал аспен қоректеніңдер. Кейбіреулер харам жейді, харам киеді. Сонан соң, көкке қолын жайып дұға етеді. Мұндай кісінің дұғасы қалай қабыл болсын?» деген екен.
Сөз соңында айтарымыз, кешегі «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, әділдігімен қара қылды қақ жарған батыр бабаның бүгінгі ұрпағы болашағының баянды болуы үшін сол ізгілер жолымен, Хақтың бұйрығымен, ана сүтіне адал болып, әке аманатын ақтай білсек, Ұлы даланың таңы арайлы, тау-тасы құнарлы, жері шырайлы боларына, кемел елге айналарына сенім мол.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ наиб мүфтиі, 
«Нұр Астана» орталық 
мешітінің бас имамы

 

 

 

Бөлісу: