Пайғамбарлар кәсібі

Мақалалар
Жарнама

Пайғамбарлар – Хақ-Тағаланың қалауымен ерекше кемел болып жаратылған адамзаттың ардақтылары. Хақ Елшілері сөз жоқ, ғалам үшін илаһи нығмет, адамзаттың бақ құсы. Олар Ұлы Жаратушының пәрменін қаз-қалпында жеткізіп, илаһи үкімді қалай ұғыну һәм қалай тұтыну керектігін үйретуші - тәлімі мінсіз тәлімгерлер. Шыр етіп дүние есігін ашқандағы ұлы миссиясы - хақиқатты паш ету болғандықтан, Хақ Елшілері бұл уәзипаны тегін әрі мінсіз атқарған.

 

Дін – Алланың ұлы заңдылығы. Осы ұлы заңдылықты тәпіштеп, бүге-шігесіне дейін түсіндіруші пайғамбарлар адам ретінде қалай ғұмыр кешті? Нәпақасын неден айырды? Отбасының қалай тіреу бола алды?

Иә, олар дінтұтқа болғанымен, күн-көрісіне дінді құрал қылмаған еді. Пайғамбарлардың ғұмырына көз жүгіртсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Хақ Елшілері дінді көркем түрде насихаттағанымен, қарымтасына дүниелік пайданы көздемеген. Олар әрдайым алаған емес, береген қол бола білген. Пайғамбарлар шежіресінің соңғы алтын арқау, күміс жалғауы Мұхаммед (с.а.у): «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген» деп, теміршілік кәсіптің пірі болған хз.Дәуіттің еңбекқорлығын өзгелерге өнеге еткен. Әсілі. хз. Дәуіт тек пайғамбар емес, ел билеуші патша болатын. Демек, әрі пайғамбар әрі ел билеген хз.Дәуіт нәпақасын өз маңдай терімен теріп жесе, патшалық құрмаған пайғамбарлардың тек адал еңбекпен ғана күн көргенін пайымдай аламыз.

Мәшһұр Құран тәпсіршісі Құртуби хз.Дәуіттің темір ұсталығын игеруіне мына жайттың түрткі болғанын айтады:

Хз.Дәуіттің киімін өзгертіп киіп алып, халық арасына шығып, жұрттан: «Дәуіт қандай кісі?» деп сұрайтын әдеті бар еді. Бірде Жәбірейіл (с.а.у) жас адамның кейпінде онымен кездеседі.

Хз.Дәуіт:

* Әй, жігітім! Дәуіт туралы не айтасың? - дейді

Жәбірейіл (с.а.у):

* Дәуіт жақсы адам. Бірақ оның бір кемшілігі бар, - деп уәж айтады.

Хз.Дәуіт таңданып:

* Ол қандай кемшілік еді? деп сұрайды.

Жігіт айтады:

* Ол күн көріс ақысын мемлекеттің қазынасынан алады. Ал, адамдардың ең қайырлысы өз еңбегін қорек қылған адам, - дейді.

Жігіттің сынын естіп, аузына құм құйылған хз.Дәуіт ағыл-тегіл көз жасына ерік беріп:«Аллаһым! Маған қазынаға мұқтаж етпейтіндей бір нәпақа табу жолын үйрет көр!»деп Жаббар Хаққа жалбарынады. Алла Тағала тілегін қабыл қылып, хз. Дәуітке сауыт жасауды үйретеді. Темірді жұмсартады. Ол темірді қамырдай илейді.

Иә, Хақ Елшілері отбасын өз маңдай терімен нәпақа тауып, асырайды. Ішкен асына адал болғандықтан да, оларды қалың бұқара қадір тұтқан.

Пайғамбарлардың бәрі күн-көріс үшін белгілі-бір кәсіптің қас майталмандары болған. Мәселен, жер бетіндегі ілкі тіршілік иесі әрі алғашқы пайғамбар хз.Адам - диқан, хз.Нұх - ағаш шебері, хз.Ыдырыс - тігінші, хз.Ибрахим - маташы, хз.Дәуіт - темір ұстасы, хз.Сүлеймен - себет тоқушы, хз.Зәкария - ағаш ұстасы, хз.Иса анасы иірген жіптерді сатушы әрі дәрігер, хз.Худ пен хз.Салих - саудагер, хз.Әюб - диқан, хз.Мұса мен хз.Шұғайып шопан болған. Яғни, пайғамбарлар белгілі-бір кәсіппен шұғылданып, нәпақасын, ішер ас, киер киімді өздері тауып жейтін. 

Мұхан ИСАХАН

Бөлісу: