Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: ҚАСИЕТТІ АЙЛАРДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Мақалалар
Жарнама

Әрбір мұсылман баласына ақиқат нәрсе – мына дүниеге бостан-бос жіберілмегендігі. Дәлірек айтсақ, Алланы тану, жаратушы жүктеген міндеттерді уақытылы орындап, құлшылыққа берік болу, күнәдан алыстап, сауапқа ынталану – өткінші өмірдің сынағын еске салады. Дегенмен, адам бойындағы пендешілік әрекеттер кейде рухани жұтаңдыққа жол ашып жатады. Алайда адами құндылығымызды сақтап, рухани кемелдігімізді арттыруда дініміздің қағидаттарына мұқтаждығымыз бар.

Өйткені, ислам дініндегі қасиетті мерекелер, күндер мен түндер, тіпті айлар имандылыққа тәрбиелейді. Солардың қатарында қасиетті ережеп, шағбан, рамазан айларын ерекше атауға болады. Ережеп, шағбан, рамазан – Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы екенін еске түсіреді. Бұл үш ай Хақ Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-таситын айрықша мүбәрак айлар. Шынайы мұсылман адам осы айларда – пенделік қылықтардан арылып, нәпсісіне тойтарыс беріп, жүрегін қайта тазартары анық.

Шын мәнінде Алла Тағаланың берген нығметтерінің бірі – біздерге көптеген жақсылықтар мен игіліктерге қол жеткізіп, еселенген мол сауаптарға ие болатын мезгілдер мен айларды  нәсіп етуінде. Міне, біз осы қасиетті үш айға қадам бастық. Дәлірек атасақ, сәуірдің сегізі яғни, қасиетті жұмадан бері үш қасиетті айдың бастаушысы болған ережеп айының ішіндеміз.

Исламға дейінгі жәһилият дәуірінің кезінде ережеп айы арабтар үшін қасиетті ай болып есептелетін еді. Осы ай кірген кезде араб тайпалары өзара соғыс пен жанжалдарын тоқтатып, ешкімге тимеуге тырысатын. Сондықтан бұл айда араб қауымы өздерін қауіпсіз сезінетін. Сол үшін «рәжәб» яғни «ұлықталған» ай деп аталды. Ережеп айы Құран Кәрімде баяндалғандай Алланың қасында ерекше құрметке ие болған қасиетті төрт айдың бірі. Бұл жөнінде Жаратқан Хақ Тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында дейді:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِنْدَ اللَّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْراً فِي كِتَابِ اللَّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ

«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар» (олар: зүлқағъда, зүлхиджә, мұхаррам және рәжәб). Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жыл он екі айдан тұрады. Бұлардың төртеуі харам айлар. Оның үшеуі бірінен кейін бірі келеді. Бұл айлар зүлқағъда, зүлхиджа, мұхаррам. Төртіншісі болса, ережеп»,- деген.

Сондықтан әрбір мұсылман пендеге бұл айларды қадірлей білуі міндет болып табылады. Алла Тағала Құран Кәрімде ережеп айында зұлымдық жасауға, күнәлі істерге бой алдыруға қатаң ескерту жасап:

فَلا تَظْلِمُوا فِيهِنَّ أَنْفُسَكُم

«Бұл айларда өздеріңізге зұлымдық жасамаңыздар»,- деп қайтарған. («Тәубе» сүресі, 36-аят). Имам Құртуби өзінің «Жамиғь» атты еңбегіндегі осы аяттың тәпсірінде:  «Алла Тағала бұл төрт айды ерекше еске алып, тіпті, зұлымдық жасау әрқашанда тыйым салынған болсада осы айды дәріптегендіктен зұлымдық  жасауға  бұл айда ерекше тыйым салған», - деп ескертті. Абдулла ибн Аббас (р.ғ.) та осы аятқа түсініктеме беріп былай дейді: «Қасиетті айларда – яғни, Алла Тағала он екі ай бойы күнә істеуден тыйып, кейін сол он екі айдың төртеуін қасиетті етіп, олардың ерекшелігіне нұсқады. Осы себептен бұл төрт айда күнә істеу – ауыр қылмыс, ал игі іс істеу – үлкен іс әрі оның сауабы ерекше ұлық».

Демек, ережеп айында жасалған күнәнің жазасы ауыр болады, ал оқылған намаз, тұтылған ораза, берілген садақа секілді кез келген құлшылықтың сауабы еселеніп жазылатыны айтылуда. Қатада (р.х.) айтады: «Алла Тағала жаратқанның ішінде екі жаратылысты ерекше етті. Яғни, Хақ Тағала періштелердің және пенделердің ішіндегі елшілерді ерекше етті. Сөзден Хақ Тағала – зікірді, жерден – мешіттерді, айлардан – Рамазан айын және қасиетті (төрт) айларды, күндерден – жұманы, түндерден – қадір түнін ерекше етті». Имам Ахмад жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с.) ережеп айы кірген уақытта: «Аллаһым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр! Бізді рамазанға аман-есен қауыштырғайсың!», - деп жалбарынатын.

Ережеп айында орын алған тарихи оқиғалар мәселесіне келер болсақ, ережеп айында исра мен миғраж оқиғасы орын алды. Ғалымдардың басым көпшілігі исра мен миғраж ережеп айының 27-түні болды деген көзқарасты ұстанған. Биыл миғраж кеші мамыр айының 3-4 қараған түнге сәйкес келеді.

Исра мен миғражды ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұлық мұғжизаларының бірі. Исра – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеден Иерусалимге жасаған түнгі сапары. Миғраж – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жеті қабат көкке көтерілуі. «Исра» сүресінің 1-аятында осы оқиға жайында баяндалған:

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آَيَاتِنَا إِنَّه هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

«Құлын (Мұхаммедті с.ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін мешіт Ақсаға апарған Алла, әртүрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол, естуші, білуші».

 Алла елшісіне (с.ғ.с.) миғражда үш үлкен сыйлық берілді: Біріншісі -  мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз болды әрі осы миғраж түнінен соң Әбу Бәкір (р.ғ.) «Сыддық» (шыншыл) деген мәртебеге ие болды. Өйткені, мұсылмандардың көбі пайғамбарымыздың (с.ғ.с) миғраж еткеніне күмәнданған кезде тек Әбу Бәкір (р.ғ.) ғана сөзге келместен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жеті қабат аспанға көтерілгеніне нық сенді. Екіншісі – Алла Тағалаға ортақ, серік қоспаған жандардың жәннатқа кіретіні жайындағы сүйінші. Үшіншісі – «Бақара» сүресінің ең соңындағы екі аяты.

Ережеп айынан кейінгі келетін қасиетті ай – Шағбан. Иә, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айды да құлшылықтармен өткізген. Усама ибн Зәйд (р.ғ.) былай дейді: «Мен Нәбиден (с.ғ.с.): «Мен сіздің шағбан айында ораза ұстағандай өзге айларда ораза ұстағаныңызды көрмедім. Мұның мәнісі неде?», - деп сұрадым. Сонда Алла елшісінің (с.ғ.с.) жауабы:

ذَاكَ شَهْرٌ تَغْفُلُ النَّاسُ فِيهِ عَنْهُ، بَيْنَ رَجَب وَرَمَضَان، وَهُوَ شَهْرٌ تُرْفَعُ فِيهِ الأَعْمَالُ إِلَى رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَأُحِبُّ أَنْ يُرْفَعَ عَمَلِي وَأَنَا صَائِمٌ

«Бұл айға көп адамдар немқұрайлы қарайды. Бұл Ережеп пен рамазан арасындағы ай. Осы айда амалдар әлемдердің Раббысы алдына көтеріледі. Ал мен амалдарым оразамен көтерілуін қалаймын».(Хадисті имам ән-Насаи риуаят етті). Сонымен қатар имам Ахмад риуаят еткен хадисте Әнас ибн Малик (р.ғ.):

وَكَانَ أَحَبُّ الصَّوْمِ إِلَيْهِ فِي شَعْبَان

«Пайғамбар (с.ғ.с.) үшін нәфіл оразалардың ішінде ең жақсы көретіні – шағбан айындағы ораза еді»,- деген. Имам Бухари, имам Муслим, имам Тирмизи риуаят еткен хадистерде пайғамбарымыз (с.ғ.с) шағбан айында көп ауыз бекіткені жайында баян етілген. Осының бәрі шағбан айы және шағбан айындағы оразаның қаншалықты абзал екеніне ишара.

Шағбан айының 14-15 қараған ортасында  қасиетті «Бәраат» түні бар. Ол биыл мамыр айының 21-22-не қараған түн. «Әл-Кашшаф» еңбегінде «Бәраат» түнінің түрлі атауы жайында айтылған. Мәселен, «اَللَّيْلَةُ الْمُبَارَكَةُ» (берекелі түн), «لَيْلَةُ الْبَرَاءَةِ» (тазару түні), «لَيْلَةُ الرَّحْمَةِ» (рахмет түні). Сонымен қатар, бәраат түні зәмзәм суы молаятыны жайында жазылған. Имам Табарани және имам Ибн Мажәһ Муғъаз ибн Жәбәлдан (р.ғ.) риуаят еткен хадисте Расулулла (с.ғ.с.) былай деген:

يَطَّلِعُ اللهُ إِلَى جَمِيعِ خَلْقِهِ لَيْلَةَ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ، فَيَغْفِرُ لِجَمِيعِ خَلْقِهِ، إِلاَّ لِمُشْرِكٍ، أَوْ مُشَاحِنٍ

«Шағбан айының ортаңғы түнінде Алла Тағала бар жаратқанына назар салып, мүшрик және бауырымен араздасқаннан өзгенің бәрін кешіреді».Осы хадистен шығаратын тұжырым Алла Тағалаға серік қосу және туысымен араздасу – Хақ Тағаланың жарылқауынан мақұрым ететін іс болмақ. Сондықтан да осы екі істен де аулақ болған жөн.Имам Тирмизи Айша анамыздан (р.һа.) риуаят еткен хадисте Расулулла (с.ғ.с.):

إِنَّ اللهَ عَزَّ وَجَلَّ يَنْزِلُ لَيْلَةَ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ إِلَى السَمَاءِ الدّنْيَا فَيَغْفِرُ لِأَكْثَرَ مِنْ عَدِدِ شَعْرِ غَنَمِ كَلْبٍ

«Шағбан айының ортаңғы түнінде Алла Тағала дүние аспанына түсіп Бәни Кәлб тайпасының қойлары үстіндегі жүннен де көп пендесін кешіреді»,- деген. Міне, шағбан айының шарапаты осындай. Шағбан айы қасиетті болуының тағы бір қыры – имам Ибн Мажәһ Али ибн Абу Толибтен (р.ғ.) риуаят еткен хадисте Расулулла (с.ғ.с.) былай деген:

إِذَا كَانَتْ لَيْلَةُ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ، فَقُومُوا لِيْلَهَا وَصُومُوا نَهَارَهَا فَإِنَّ اللَّهَ يَنْزِلُ فِيهَا لِغُرُوبِ الشَّمْسِ إِلَى سَمَاءِ الدُّنْيَا فَيَقُولُ: أَلاَ مِنْ مُسْتَغْفِرٍ لِي فَأَغْفِرُ لَهُ! أَلاَ مِنْ مُسْتَرْزِقٍ فَأَرْزُقُهُ! أَلاَ مُبْتَلًى فَأُعَافِيهِ! أَلاَ كَذَا أَلاَ كَذَا، حَتَّى يَطَّلِعُ الْفَجْرُ

«Шағбан айының ортаңғы түні болғанда оны құлшылықпен, ал күндізді оразамен өткізіңдер. Себебі, күн батқанда Хақ Тағала дүние аспанына түсіп, таңатқанға дейін былай дейді: «Менен кешірім тілеуші бар ма екен? Оны кешірейін. Менен ризық-несібе тілеуші бар ма екен? Оған ризығын берейін. Дертіне шипа тілеуші бар ма екен? Дертіне шипа берейін. Кім не қаласа, оған соны берейін».

Шағбан айына айта кететін тағы бір жәйт, мұсылмандардың бастапқы буыны, мәселен табиғиндер, шағбанды «شَهْرُ الْقُرَّاءِ» -яғни, қарилар, Құран оқушылардың айы – деген. Мәселен, Хабиб ибн Әби Сәбит (рахматуллаһи ғаләйһи): «Шағбан айы – қарилар айы» - десе, басқалар: «Шағбан айы – Құран айы», - деп айтқан. Мұның мәнісі Рамазан – Құран айы. Бұл баршамызға мәлім. Ал шағбан айында Құранды көп оқу – рамазан айына дайындық. Яғни, шағбан айында Құранды көп оқыған адамға рамазан айында Құранды көп оқу оңай болады.

Күллі үммет үшін аса маңызды ай әрі сауаптар сарқылмай, жан-дүниені рухани кемелдендіре түсетін кезеңнің бірі – Рамазан. Адам баласына хақ жолды көрсетіп, иман нұрына бөлеген Алла құлдарына осындай берекелі айды тарту етті. Бұл айда шайтандар кісенделіп,  тозақтың есіктері жабылатын, жәннаттың есіктері айқара ашылатын кезі.

Рамазан оразасы – исламдағы бес парыздың бірі. Бұл айдағы ораза хижри мұсылман күнтізбесі бойынша екінші жылы парыз етілді. Парыз болуына Құран мен сүннет дәлел. Құранда былай делінеді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Уа, мүміндер! Сендерден бұрын өткен қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят). «Әт-Тарғиб уат-тарһиб, Мишкәтул-масабих, кәнзул-уммал» еңбектерінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) рамазан айының қарсаңында айтқан өсиеті келтірілген. Сахаба  Салман әл-Фариси (р.ғ.) былай дейді: «Шағбан айының соңғы күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) бізге мынадай хұтпа жүргізіп уағыз айтты:

 «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауыз ашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да еш нәрсе кемітілмейді». Осы тұста сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Ауызашар жасауға бәріміздің мүмкіндігіміз бола бермейді ғой», – деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Оразашының аузын, тіпті, бір түйір құрмамен, не бір жұтым сумен, сүтпен аштырған жанға да сондай сауап жазылады. Бұл айдың басы рахым, ортасы кешірім, ал соңы тозақтан құтылу кезеңі», - деді.

Имам Бәйһақи риуаятында Пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер Алланың пенделері осы айдың берекесі мен артықшылығын білсе, рамазан айының жыл бойы болғанын қалар еді», – деп берекелі айдың баға жетпес биік мәртебесін айтып кеткен. Имам Тирмизи риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) ұлық айдың ерекшелігі жайлы былай дейді:

إِذَا كَانَ أَوَّلُ لَيْلَةٍ مِنْ شَهْرِ رَمَضَانَ صُفِّدَتِ الشَّيَاطِينُ وَمَرَدَةُ الْجِنِّ ،وَغُلِّقَتْ أَبْوَابُ النَّارِ فَلَمْ يُفْتَحْ مِنْهَا بَابٌ،  وَفُتِّحَتْ أَبْوَابُ الْجَنَّةِ فَلَمْ يُغْلَقْ مِنْهَا بَابٌ

«Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен қара ниетті жындар кісенделеді. Тозақтың есіктері біреуі де қалмай жабылады. Жәннәттің есіктері біреуі де қалмай айқара ашылады. Сонда бір жаршы:

وَيُنَادِى مُنَادٍ:  يَا بَاغِىَ الْخَيْرِ أَقْبِلْ، وَيَا بَاغِىَ الشَّرِّ أَقْصِرْ .وللهِ عُتَقَاءُ مِنَ النَّارِ وَذَلِكَ كُلَّ لَيْلَةٍ

«Уа, жақсылық қалаушы, жақсылық  істеуге кіріс! Ей, жамандық қалаушы, зиян істеуді доғар! Бұл айда Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады». Бұл хадистің мағынасы турасында Қади Иьяд (р.х.) тағы басқа да ғалымдар түсінік берген. Соның бірінде: «Рамазан айында Жәннатың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері  жабылады», деген сөйлем тозаққа жетелейтін күнәлардан пенденің ойы аулақ болуы себепті тозақтан алыстап жұмаққа жақындайтындығы жайында айтылуы мүмкін. Ал шайтандардың байлануы олардың азғыруға деген дәрмендерінің құрып, нәпсі құмартқан істерді безендіруде әлсіздік танытулары сөз етілуде», - делінген.Имам Ахмадтің Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ораза тұтушының ерекше қасиеттері жайында былай дейді: «Менің үмбетіме рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді: 1.Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен де артық болады; 2.Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар (жарылқау) тілеп тұрады; 3.Алла Тағала рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерден тастап, саған кіретін күні жақын қалды», – дейді; 4.Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды. 5.Ал соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі». Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол түн Қадір түні ме?» – деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с): «Жоқ, жұмысшы да ісін толық бітірген соң өзінің сыйын алмаушы ма еді? Сол сияқты» – деген».

Қорыта айтсақ, отыз күн ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ол – рухтың азығы һәм тәннің шипасы. Рамазан айының қадір-қасиетін жете білген ардақты сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға етеді екен. Бұл жайында Ибн Фадл (р.х.): «Алдыңғы буынның ізгілері Алла Тағаладан алты ай бойы рамазанға жеткізуін тілейтін, содан соң рамазаннан кейін олардан оны қабыл етуін сұрайтын», - депайтқан. Шапағаты мол осындай айларда күнәлі істерден бас тартып, сауап амалдарға ынталануымыз керек. Бағалай білсек әр күніміз қадірлі, ал қазіргі күндеріміз онан да қадірлі. Олай болса, Алла ережеп және шағбан айларын берекелендіріп, қасиетті Рамазан айына төрт көзіміз түгел жақысылықпен жетуді баршамызға нәсіп етсін!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,

«Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы

 

 

Бөлісу: