Уахабизм ағымының шығу тарихы

Мақалалар
Жарнама

Салафия немесе Уахабия термині Сауд Аравия жерінде 18-ғасырдың аяғында  бастау алған саяси діни қозғалысқа қатысты айтылады. Негізін қалаушы -  Мухаммад ибн Абдул Уаххаб.

Оның толық аты-жөні Мухаммад ибн Абдул Уаххаб ибн Сулейман ибн Мухаммад ибн Ахмад ибн Рашид әл Мушшарафи әт-Тамими. Нақты туған жылы белгісіз, шамамен 1703 жылы Нәдж аймағында Уяйна деген қалашықта дүниеге келген. Әкесі Абдул Уаххаб Бану Тамим тайпасында атақты ғалым болған. Жас кезінде әкесінен Ахмад ибн Ханбалдың мазхабы  бойынша фиқһ ілімін оқыған. Ағасы Сулеймен де сол уақыттағы атақты ғалымдардың бірі еді. 12 жасында қажылыққа Мекке, Мадинаға барып кейін үлкен ғалымдардан білім алып ілімін шыңдайды.

Дегенмен, жастайынан өзі өмір сүрген қоғамда өзіне тән бұрыс жол ұстанады.[1]Құран аяттарында, пәк сүннетте мүшріктер мен кәпірлерге қатысты  келген аяттарды өздерінің пікірлерімен келіспеген мұсылмандарға қолданып, оларға соғыс жариялап, мұсылмандардың қаны төгіліп, мал-мүліктері талан-таражға түседі.[2] Өз дағуатында келтірген Құран аяттары:

وَمَنْ أَضَلُّ مِمَّن يَدْعُو مِن دُونِ اللَّهِ مَن لَّا يَسْتَجِيبُ لَهُ إِلَىٰ يَوْمِ الْقِيَامَةِ وَهُمْ عَن دُعَائِهِمْ غَافِلُونَ 

Алладан өзге қияметке дейін өзіне жауап бере алмайтын біреуге табынғаннан кім залымырақ? Әрине табынғандары олардың жалбарынуларынан хабарсыз.[3] 

وَلَا تَدْعُ مِن دُونِ اللَّهِ مَا لَا يَنفَعُكَ وَلَا يَضُرُّكَ ۖ فَإِن فَعَلْتَ فَإِنَّكَ إِذًا مِّنَ الظَّالِمِينَ 

«Және де Алладан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Сонда егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боларсың»[4] 

Бұл әрекетімен ол сол кездегі Осман империясына қарсы шығады. Олардың сенімі бойынша Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде келген құтылушы топ тек олар ғана.[5] Осы соғыстардың нәтижесінде солтүстігі Дамаскке оңтүстігі Оманға жеткен бірінші Сауд Аравия мемлекеті құрылды. 1818 жылы Осман империясының бұйрығымен мемлекеттің тұтастығына сызат түсірген Сағд руы астанасы Дарғия қаласында Ибраһим Башаның басқаруымен болған мысыр әскерімен талқандады. Алайда, бұл мемлекет Абдул Азиз ибн Сағудттың басқаруымен (1902-1953 ж) қайта құрылды.[6] Ол кезде мұсылман арасында тараған діни амалдарды ислам негізіне керағар деп танып, солардың ішінде қабірлерге бару, тауассул, бидғаттың барлық түрін харамға шығарды. Ол өзіне ілескен адамдарға таза салафус салих уақытындағы кіршіксіз исламға қайтамыз деп үгіттеген болатын.[7] Сол уақытқа дейін қалыптасқан төрт фиқһ мазһабын мойындамай ғалымдардың пікіріне емес тікелей Құран аяттары мен хадистерден алу керек деп шақырды.

Аталмыш діни ағымның «Уахабизм деп аталу себебі» негізін қалаушы Мухаммад ибн Абдул Уаххабтың есіміне қайтады. Бұлай аталуына бұл ағымды ұстанушылар қарсы, өйткені олар өздерін саяси қозғалыс емес діни дағуат деп түсінеді[8]. Олардың пікірінше Мухаммад ибн Абдул Уаххаб жеке мазһаб ойлап шығармады,  ол сахабалардың төрт имамның ұстанған жолы Құран жолы мен пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетін ұстанады деп сенеді. Олар өздерін «салафилер» немесе «Ахлус сунна уәл джамаға»  деп атағанды қалайды. Бұлай аталумен олар басқа мазһаб ұстанушы топтардан өздерін ерекшелегісі келеді. Өйткені олардың мұсылмандаға қоятын сұрақтарының ішінде «сен әһлу сунна уәл джамағасын ба, әлде мазһаб ұстанасың ба?» осылайша олар мазһаб ұстанатындарды әһлу сунна уәл джамаға  шеңберінен алыстатқысы келеді.

Уахабизмнің пайда болу себептері мен олардың мақсаттарына келер болсақ, жария болған мақсат және жасырын құпия мақсат болып екіге бөлінеді. Жария жұрт аузындағы мақсаттары – Алланың бірлігіне, серік қосуға жоламауға, бидғат атаулыдан алыс болуға үндейді. Ал шынайы негізгі мақсаттары ол мұсылман үмметінің ішінен ірткі салу, бір-біріне айдап салу, исламның атына кір келтіру, батыстың айтқанына бағындыру, оларға тәуелді ету. Өйткені, әу баста ислам жаулары мұсылмандармен бетпе-бет келіп, соғысуға шамалары келмейтін, талай жорықтарда жеңіліс тапқан болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у) кезінен басталған күрес, Умаяттар, Аббаситтер, Аюбилер, Мамлюктер кезінде де жалғасты, сол ғасырларда бетпе-бет келген ірі соғыстардың ешбіреуінде мұсылмандарды жеңген емес. Ақырында мұсылмандармен соғысу әдісін ең соңғы ислам империясы - Осман империясы кезінде тапты. Мұсылмандардың ішінен ірткі салу. Сол кездегі араб жазирасының түгелімен Осман халифатының астында болғанын тілге тиек етіп, арабтардың ұлтшылдық намысын оятты. Сол уақытта Мухаммад ибн Абдул Уаххабтың керағар ұстанымы өте дәл сәйкес келген еді. Өйткені,  ол өзіне ермегендерді күпірлікке шығарудан тайсалмады.

Уахабия ағымының бүліктері жайында Мекке мен Мадинада мүфтилік қызмет атқарған Шафиғи мазһабының ғалымы  Ахмад ибн Зайни Дахлан (1816-1886ж) кеңінен баян етеді. Өзінің «Фитнатул Уахабия» яғни «Уахабилер бүлігі» деген кітабында Мухаммад ибн Абдул Уахабтың жастайынан тартысқа басқалардан өзгешелену мінезімен байқалған, тіпті әкесі Абдул Уахаб адамдарға оның адасуынан сақтану керектігін ескерткен болатын. Тағы бір кітабында ағасымен болған мына әңгімені мысалға келтіреді. Ағасы шейх Сүлейман: «Исламның неше негізі бар Мухаммад?» – дейді. Ол: «бесеу» дейді. Сүлейман: «Сенде ол алтау, алтыншысы кім саған ермесе ол мұсылман емес, алтыншы негізі осы» деді.[9]

Сол уақыттағы ғалымдардың бірі Мухаммад ибн Абдул Уахабтан : «Сенің ойынша, Алла рамазанның түнінде неше адамды тозақтан босатады?» деді. Ол оған: «Бір күнде Алла жүз мың адамды бостады, ал ең соңғы түні бүкіл айда босатқан адамдай адамды босатады» деді. Сол кезде анау адам саған ергендердің саны жанағы аталған жамағаттың оннан бірінен де аз, сонда қалған мұсылмандар кімдер?» деп сұрады. Бұл сұрақ жауапсыз қалған болатын.[10]

Бұл адам басқа сектанттар секілді өзінің жолына тартқанда адамның білімсіздігіне жіті назар аударды. Ол өзінің тобын өркениеттен алыс шөлде өмір сүретін надан бидуиндерден[11] құрды. Ол сол кездегі білім орталықтары болып саналатын Кайр, Басра, Куфа, Бағдадқа барып өзінің дағуатына шақырған жоқ. Ол Осман халифатын жек көретін, басқаруға ыңғайлы арнайы бидуин топтардан жасақ құрды. Өйткені бидуиндер пайғамбарымыздың (с.а.у) кезінен-ақ өздерінің тұйықтылығымен қаталдығымен ерекшеленетін. Алла тағала Құран кәрімде:

الْأَعْرَابُ أَشَدُّ كُفْرًا وَنِفَاقًا وَأَجْدَرُ أَلَّا يَعْلَمُوا حُدُودَ مَا أَنزَلَ اللَّهُ عَلَىٰ رَسُولِهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ 

Бәдәуилер, қарсылық және екі жүзділік тұрғысынан қаттырақ. Сондай-ақ олар Алланың Елшісіне түсіргендерінің шегін білмеулеріне аса бейім. Алла толық білуші, аса дана.[12] 

Сол заманда бұл ағым жайлы білгендер аз болды. Ең бірінші қарсыласы әкесі Абдул Уаххаб және ағасы Сүлейман еді. Өзінің жолына шақырған кезде әкесі тірі болған кезде оған ешкім ермеді. Һиджра бойынша 1153 жылы әкесі өмірден өткеннен кейін өзінің дағуатын қайта жандандырды.

Туған бауыры Сүлейман ибн Абдул Уаххаб ағасы жайында былай деген:

«Қазір заман адамдары үлкен бәлеге бастарын тігуде Құран аяттары мен пайғамбарымыз (с.а.у) хадистерін бұрмалап, оларға қарсы ой айтқандарды елемеуде. Кімде-кім оларға қарсы уәж айтатын болса, олар оны кәпірге шығарады. Олардың ижтихад жасаушы ғалымдардың ілімінің оннан бірі болмаса да көп надандар оның артынан ілескен, шын мәнінде бәріміз Аллаға қайтушымыз.[13]

            Уахабилер бүлігі кезеңінде өмір сүрген Ханафи ғалымдарының бірі Ибн Абидин (1784-1836) өзінің «Раддул Мухтар» кітабында уахабшыларды заманымыздың хауаридждері деп анықтама берген. Ол өз сөзінде сипаттай келе былай дейді:

«Әлидің (Алла оған разы болсын) кезінде оған қарсы шыққан өздерін тек мұсылман ретінде санап қалғанын кәпір санаған топты хауаридж деп атайды. Сол секілді біздің заманымызда да Наджден шыққан Мухаммад ибн Абдул Уаххабтын ерушілері екі қасиетті жерге иелік етіп, өздерін шынайы мұсылман санап оларға қарсы шыққандарды мүшріктерге теңеген қауымдар. Осылайша олар мұсылмандардың қанын төгіп әһлу сунна ғалымдарын өлтіруге рұқсат берген.[14]

Сол секілді қазіргі ислам ғалымдарының бірі Саиб Абдул Хамид өзінің «Уахабия фи суратиһа әл-хақиқия» (Уахабилердің шынайы бейнесі) кітабында олармен хауаридждердің көптеген ұқсастықтары бар екенін ескертеді. Солардың ішінде:

-хауаридждер үлкен күнә жасаған адам кәпір десе, уахабилер де адамды жасаған күнәсі үшін күпірлікке шығарған.[15]Тарихшы Осман ибн Башар әл-Ханбали[16]  өзінің «әл-мәжд фи тарих Нажд» кітабында Уахабшылардың Нажд аймағын бөліп жармастан түгелін кәпірге шығарғаны жөнінде келтірген.[17]

-Хауариждер ислам жерлерінде үлкен күнә жасалса соғыс алаңы деп үкім беріп, соның нәтижесінде мал-мүліктерін талан-талажға шығаруға, қандарын төгуге жол береді. Сол секілді уахабизм ағымы да мұсылмандардың кейбір әрекеттерін күпірлікке шығарып, сол үшін соғыс жариялады. Олар адамдарды  пайғамбарымыздың (с.а.у) зиратына барып, шапағат сұрағаны үшін, күпірлікке шығарды.

-Ұқсас тұстарының бірі - діндегі қаталдық, оны бір беткей түсінулерінде, пайғамбарымыз (с.а.у) дінді жеңілдетуге шақырса, олар дінді тым қиын етіп көрсетеді. Бұл екі ағымға тән әрекеттер.

-Ибн Таймия айтқандай: «Хауариждер діндегі ең алғаш бидғат». Сол секілді уаххабизм де діндегі ең соңғы бидғат.

-Хауариждер кәпірлерге, мүшріктерге қатысты аяттарды мұсылмандарға қолданса, уахабилер де мұндай аяттарды мұсылман үмметіне қолданған. Пайғамбарымыздың сахих хадисінде хауариждер, уахабилер жайында келген хадисте:

 (إنَّهُمْ انْطَلَقُوا إلَى آياتٍ نَزَلَتْ فِى الْكُفَّارِ، فَجَعَلُوها عَلَى الْمُومِنِينَ).

Олар кәпірлерге түскен аяттарды алып, мұсылмандарға қатысты амал істеген.

Мұхаммад ибн Абдул Уаххаб қауым арасында өзінің жолына бейбіт түрде жая алмағандықтан дағуатын күштеп жүргізуге саяси күшті қажет етті. Сол себепті, ежелден билікті аңсаған Әл Сағуд тайпасымен келісімге келді. Өйткені бұл жерде екі жаққа бірдей пайда болды. Мухаммад Абдул Уаххаб үшін ол қуат көзі болса, Әл Сағуд үшін діни тұрғыда олардың әрекеттерін шариғат тұрғысында заңды қылатын діни көсем болды.

Өзара мәміле нәтижесінде келесі келісімдерге қол жеткізді, ол келісім бойынша Әл Сағуд және оның ұрпақтары «әмир әл-мүминин», яғни мұсылмандардың әміршісі болу керек. Өз кезегінде Ибн Абдул Уаххаб және оның ұрпақтары дағуат имамы болу керек болды. Айта кететін жайт, бертінге дейін мүфтилік қызметті тек Мухаммад ибн Абдул Уаххабтың ұрпағы иелік етіп келген.

Ахмад ибн Зайни Дахланның кітабында жазған деректерінде уахабшылардың ең алғаш соғысы 1804 жылы Тайф қаласына болған. Мекке мүфтиінің айтуынша, қалаға соғыспен кіргенде жалпы жас кәріге қарамастан жаппай қырған. Тіпті мешіттерде құлшылық жасап жатқан адамдарға дейін қырғаны жайында өз кітабында келтірген.[18]

Сол секілді Ибраһим әр-Раауи әр-Рафағи уахабшылардың соғыстарында қайтыс болған кейбір ғалымдардың тізімін келтірген, олар: Абдолла әз-Зауауи шафиғи мазһабындағы Мекке муфтиі, шейх Абдолла Абул Хайр Мекке қазысы, шейх Сулейман ибн Мурад Тайф қазысы.[19]

Уахабшылардың негізгі сипаттарына тоқталатын болсақ:

            1- Ақидадағы (сенімдегі) ауытқу. Олар  Аллаға дене, пішін береді. Олардың мұсылман бауырының сенімін анықтау үшін ең бірінші сұрайтын сауалдары «Алла қайда?». Олар Алланы тақтың үстінде аспанда орналасқан, түннің бір уақытында жерге түседі оның қолы, аяғы, беті бар Ол адамға ұқсайды деп сенеді.

            2- Адасуларының бірден-бір көрінісі сенім тұрғысында Ашғари, Матуриди ақидаларын адастыға шығарады. Кейбір пәтуаларда кәпір деген де үкім бергендер болған.

1-      Cуфизмнің барлық түрін жоққа шығарады.

           4- Исламдағы мазһабтарды мойындамайды, тек өздерінің ғалымдарына  (Ибн Таймия, ибн Абдул Уаххаб, Ибн Баз, ибн Усаймин т.б) шақырады.

           5- Оларда ең маңызды болған мәселелердің бірі қабірлерге құран оқу, дұға жасау мақсатында зиярат қылумен күрес.

6-Тауасулдың кез-келген түрін жоққа шығару.

            7- Олардың сенімі бойынша мұсылмандардың негізгі бөлігі кәпірлер, мүшріктер, ақидада қателескендер, бидғатшылар. Алланың құтылған тобы тек өздері екеніне иман келтіреді.

         8- Олардың сыртқы келбеттеріндегі ерекшеліктер Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде келгендей тақырланған шаштар. Бұл алғашқы уахабшыларда міндетті болған амалдардан еді.

            9-Олардың пайда болу тарихынан тек мұсылмандармен күрес жүргізгенін байқайсыз. Ешуақытта жалпы мұсылмандардың мәселесін көтерген емес. Әлемдегі көптеген мұсылман мемлекеттерінде соғыстарды тоқтатуға өз үлестерін қоспады керісінше басқыншы мемлекеттерге қолдау көрсеткені баршаға мәлім.

Аһлу әс-Сунна ғалымдарының уахабшылар жайында айтқан

Атақты ғалым шейх  Джамил Сыдқи аз-Захауи (1279-1354 ж.һ.) өзінің  «әл-Фаджр ас-садық» кітабында былай деді:

 «Уаххабшылар  деп Мухаммад бин Абдулуаххабқа ерушілерге  қатысты топқа (секта) айтылады. Өзінің дағуатымен һижри жыл санауы бойынша 1143 жылы (1730 ж)белгілі болды. Елу жасқа толғанда өзінің дағуатын ашық түрде жариялай бастады. Өзінің жалған жолына шақыруды Нажд аймағынан бастады. Оны Дариғия аймағының басшысы Мухаммад ибн Сауд қолдап, біртіндеп араб шөлінде орналасқан тайпаларға тарала бастады. Өзіне ергендерге ол: «Мен сендерді тек бір құдайға және ширк атаулының барлығын тастауға шақырам» деді. Жалған дағуатқа ерушілер көп болды. Біртіндеп ол басқа да жерлерді күшпен қаратып алды.[20]

         19-ғасырдағы атақты ханафи мазһабы ғалымдарының бірі Пайғамбарымыз (с.а.у) Фатима қызынан тараған ұрпағы имам Абидин (1784-1836 ж)өзінің «Раддул Мухтар» кітабына  Мухаммад бин Абдулуаххабтың ерушілері жайында былай дейді:

«Ерекше тоқталатын нәрсе заманымыздағы  Мухаммад бин Абдулуаххабтың соңына ерушілері  бүгінгі күннің харижиттері, олар пайғамбарымыздың (с.а.у) сахабаларын кәпірге шығарған. Бірақ бұл хариджит деп аталуға себеп болатын шарт емес. Бұл атау Әлиге  (Алла оған разы болсын) қарсы шыққандығымен түсіндіріледі. Хариджит деп аталу үшін өздеріне ермегендерді кәпірге шығарғандығы жеткілікті. Бұл біздің заманда Наждден шыққан Мухаммад бин Абдулуаххабтың соңына ерушілері де солай жасады. Олар Мекке мен Мадинаға үстемдік қылып, үкім жүргізді. Олар өздерін Ханбали мазһабына жатқызғанымен, тек өздерін ғана мұсылман деп оларға қарсы келгендерді мүшрік деп санаған. Сол себепті олар шариғи тұрғыда аһлу суннаны және олардың ғалымдарын өлтіруге рұқсат  берген. Бұл Алланың қалауымен һижра бойынша 1233 жылы  мұсылман әскерінің оларды тас-талқан еткеніне дейін жалғасты».[21]

Малики мазһабының атақты ғалымдарының бірі- имам Ахмад ас-Сауи әл-Мәлики (1761-1825  ж) өзінің «Тафсир әл-Жәләләйн» кітабында Құрандағы мына  аятты:

إِنَّ الشَّيْطَانَ لَكُمْ عَدُوٌّ فَاتَّخِذُوهُ عَدُوًّا ۚ إِنَّمَا يَدْعُو حِزْبَهُ لِيَكُونُوا مِنْ أَصْحَابِ السَّعِيرِ 

Шексіз сендерге шайтан дұшпан. Сондықтан сендер де оны дұшпан тұтыңдар. Шын мәнінде шайтан өз тобын тозақтықтардан болуға шақырады.[22] 

Харижиттерге қатысты түскені айтылған. Құран мен сүннетті өздерінің қалауларынша түсіндіріп өзгерткен. Осы қате ұстанымға сүйене отырып, мұсылмандардың қанын,  мал-мүлкін талан-таражға салуға жол береді. Дәл осы көріністі  олардың жолымен жүрген Хиджаздан[23]  «Уаххабшылар» деп аталатын ағымдардан байқауға болады. Олар өздерін тура жолдамыз деп пайымдағанымен шын мәнінде олар жалғаншылар. Оларға шайтан үстем келіп, өздеріне Алланы еске алуды ұмыттырды. Олар шайтанның тобы. Байқандар! Расында шайтанның жамағаты солар; зиян тартушылар[24]. Алладан оларды құрдымға ұшырауын сұраймыз. [25]

Уақытында Меккеде мүфти болған ханбали мазһабының ғалымы шейх Мухаммад ибн Абдолла ән-Нажди (1878 жылы қайтыс болған) өзінің атақты «Әс-Сухуб әл-уәбиля әля дараих әл-ханабиля» кітабында Мухаммад ибн Абдул Уаххабтың әкесі жайында былай деп жазады.

            «Ол яғни Абдул Уаххаб ибн Сулейман жоғарыдағы жалған дағуат иесі Мухаммадтың әкесі. Бірақ әкесімен баласының арасында үлкен айырмашылық болды.  Ол өзінің дағуатын тек әкесі Абдул Уаххаб қайтыс болғаннан кейін ғана бастады. Ғалымдардан маған жеткен хабар бойынша әкесі Абдул Уаххаб өзінің баласы Мухаммадтан көңілі қалғанын жеткізген, өйткені ол замандастарынан бөлініп, фиһқ ілімін оқымаған. Сол уақыттағы адамдарға баласы Мухаммадтан көптеген жаманшылық көретінін және Алланың қалауымен соған себепкер болатынын айтып кеткен».

Сол секілді оның туған бауыры шейх Сулеймен де оның жалған дағуатына Құран аяттарымен, хадис, сахабалардың ұстанымдарымен дәлелдер келтіріп, дағуатын қатеге шығарды. Сулейман өзінің бауыры Мухаммадтың ұстанымын қателікке шағарып  жазған еңбегін   «Фаслул Хитаб фи радди әлә  Мухаммадин ибн Абдул Уаххаб»  (Мухаммад ибн Абдул Уаххабқа жауап беруде соңғы сөз) деп атады. Мухаммад ибн Абдул Уаххаб өзінің заманындағы, оған дейінгі ғалымдардың сөзіне құлақ аспайтын. Тек Ибн Таймия мен оның шәкірті Ибн Қайымның ғана сөздерін алатын. Егер кімде-кім одан (Мухаммад) алыстап, оған қарсы шыққан болса, оны ашық түрде өлтірмей, оған қарсы шыққаны үшін тәкфир деген ұстаныммен біреуді жіберіп, түнде төсегінде немесе базарда өлтіргізетін».[26]

            Уаххабизм – теріс пиғылды идеология, олардың ұстанымы, олардың ислам үмметіне қауып-қатері  жайында көптеген кітаптар жазылған. Қателіктері - адасулары айқын дәлелденген. Дегенмен, әлі күнге дейін қоғамның сауатсыз бөлігін адастырудан бір сәт тоқтаған емес.

Пайғамбарымыз (с.а.у) Алладан берілген ілімінің арқасында мұсылман қауымын бұл нәубеттен ескерткен болатын. Өзінің мүбәрак хадисінде Алланың елшісі Нажд аймағынан шығатын бүлікші шайтанның әскерінен болған Мухаммад ибн Абдул Уаххабтың тобы жайында сипаттаған. Аталған хадис Алланың кітабынан кейін ең сенімді кітап болған «Сахих Бухари» хадистер жинағында келген:

حَدَّثَنَا عَلِيُّ بْنُ عَبْدِ اللَّهِ، حَدَّثَنَا أَزْهَرُ بْنُ سَعْدٍ، عَنِ ابْنِ عَوْنٍ، عَنْ نَافِعٍ، عَنِ ابْنِ عُمَرَ، قَالَ ذَكَرَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم ‏" اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي شَأْمِنَا، اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي يَمَنِنَا ‏"‏‏.‏ قَالُوا وَفِي نَجْدِنَا‏.‏ قَالَ ‏"‏ اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي شَأْمِنَا، اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي يَمَنِنَا ‏"‏‏.‏ قَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ وَفِي نَجْدِنَا فَأَظُنُّهُ قَالَ فِي الثَّالِثَةَ ‏" هُنَاكَ الزَّلاَزِلُ وَالْفِتَنُ، وَبِهَا يَطْلُعُ قَرْنُ الشَّيْطَانِ‏"‏‏.‏ 

Алла Елшісіне (с.а.у) Шам (Сирия, Иордания және т.с.с.), Йемен, Нежд өлкелерінен адамдар келіп, дұға жасауын тіледі, Алланың елшісі (с.а.у) айтты: « О Аллам Шамды берекеге бөлей көр, О Аллам Иеменді берекеге бөлей көр! Адамдар айтты: «О Алланың елшісі біздің Неджке ше?» Үшінші айтқаннан кейін пайғамбар(с.а.у) : «Жоқ, онда (Наджде) жерсілкіністері, сынақтар, бүліктер болады, онда шайтанның мүйізі пайда болады»[27].

Басқа бір хадисте:

 النَّبِيِّ صلى الله عليه وسلم أَنَّهُ قَامَ إِلَى جَنْبِ الْمِنْبَرِ فَقَالَ ‏"‏ الْفِتْنَةُ هَا هُنَا الْفِتْنَةُ هَا هُنَا مِنْ حَيْثُ يَطْلُعُ قَرْنُ الشَّيْطَانِ ‏"‏‏.‏

 «Пайғамбарымыз (с.а.у) мінбердің жанында тұрып, (шығыс жаққа меңзеп) айтты: «Бүлік осы жақтан! Бүлік осы жақтан! Сол жақтан шайтанның мүйізі пайда болады»[28].

Баршаға белгілі Надж Сауд Аравия аймақтарының бірі. Тілдік мағынасы: «Надж ол жерден биік тұрған нәрсе»[29].

Алайда көптеген уахабия жолын ұстанатын тұлғалар бұл хадистегі Надж аймағын Мадина қаласындағы Надж аймағына қатысы жоқ екенін дәлелдеуге тырысады. Олар сөздің тілдік мағынасын қолданып, Ирактағы Надж аймағы деп өздерінен бұл пікірді аластатады. Өйткені, «надж» сөзі жоғары биік деген мағыналарды білдіреді олардың тұжырымы бойынша Ирак Мадина қаласына қатысты биік орналасқан, сол себепті бүліктің барлығы сол жерден шығады деген ұстанымға келеді. Бірақ бұл жерде тек Ирак қана жоғары орналаспағанын атап өткен жөн. 
            Уахабшылардың ұстанымдары бойынша Нажд ол Сауд Аравиядағы Нажд емес, басқа Нажд аймақтары, сондай-ақ атау мағынасында емес, тілдік жоғары орналасқан деген ұстанымдарға тоқталады. Бұл хадистің Сауд Аравиядағы Нажд аймағына қатысты айтылғаны дәлелденсе, өздерінің негіздеріне балта шапқандай болады. 

Осы мәселеге кеңірек тоқталсақ:

1Ұлық хадисте келгендей пайғамбарымызға (с.а.у) Шамнан, Иеменнен, Наждтен мұсылмандар келіп, дұға жасауын сұрағаны жөнінде айтылған. Хадис жалғаса келе Нажд аймағынан келген адамдар пайғамбарымыздан (с.а.у): «О Алланың елшісі ал біздің Нажд ше?». Егер «надж» сөзі кейбір адамдардың айтқанындай бір жоғарланған жерге қатысты қолданған болса, Шам, Иемен деген жер атауларынан кейін «ал біздің жоғарланған жер ше» деп, айтылмас еді. Сол себепті оның алдында келген Шам, Иемен жер атаулары болса, Нажд те жер атауы болмақ.

2. Сол секілді бұл хадисті Нажд аймағына қатысты етіп қабылдағысы келмейтіндер Нажд есімдес көптеген аймақтар болған деген ұстанымды алға тартады. Мүмкін ондай жер атаулары болуы мүмкін, дегенмен Нажд деп аталғанда Мадинаның шығысында орналасқан Наждті мақсат етеді. Өйткені, Наждке ешқандай қосымшасыз айтылған. Мысалы ешбір қосымшасыз Әл- Фараби делінсе атақты ислам философы Әбу Насыр Әл-Фарабиді меңзейді. Алайда, Әл-Фарабилік басқа да ғалымдар болған. Егер оларды мысалға келтірген жағдайда толық аты жөнін айтып келтірер еді, бірақ хадисте олай келмеген. Егер Нажд сөзінің уахабшылар айтқандай көптеген жерлерге айтылды десек, хадисте келгендей «біздің Нажд» деп сұрамас еді, ол нақты қай Нажд екенін айтар еді.Сол секілді пайғамбарымыз (с.а.у) да істің мәнісіне жетпей «онда шайтанның мүйізі шығады» деп бекітпес еді. Сол үшін бұл Нажд баршаға мәлім Сауд Аравиясында орналасқан Нажд аймағы.ттттттттттттттттттттттттт
             3. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде Нажд сөзін нақтылап шегелеп айтқан және ондай жердің Араб жарты аралында орналасқаны да анық. Хадисте анық келген «ал біздің Нажд ше» деп, яғни пұтқа табынатындардың Нажді емес, мұсылмандардың Нажді. Өйткені ол уақытта баршаға мәлім Ирак аймағы мұсылмандардың қарамағына өтпеген. Мұсылмандардың халифатына тек Омардың халифаттылығының кезінде кірген. Сол үшін біздің Нажд деп Араб жарты аралындағы Нажді мақсат етіледі, Ирактағы Нажд емес.

4. Сол секілді Ирак пен Нажд аймағының жер құрылымының ерекшелігін салыстыратын болсақ, Ирак аймағы теңіз бетінен 200 метр биік, ал Нажд болса, теңіз бетінен 1000 метр биіктікте орналасқан. Сол себепті Нажд деп тілдік жағын да алатын болсақ, қазіргі Мадина қаласының шығысында орналасқан аймақ меңзеледі.

5. Жалпыға мәлім  заңдылықтарға сәйкес ешбір нақты дәлел болмаса, сөздің тура мағынасынан ауыспалы мағынасына ауысуға болмайды. Сол себепті, Нажд деп айтылса, Иракты емес, Араб жарты аралындағы орналасқан Наждті мақсат етеді.

            6. Хадистің Ирак жеріне қатысты емес екенінің ең салмақты дәлелдерінің бірі хадистерде фитналардың шығыстан болатыны  жайында көп айтылады. Кез келген әлемдік картамен жұмыс істей алатын адам картаға зер салатын болса, Ирак Мадина қаласының солтүстігінде орналасқан. Ал Нажд қаласы нақты хадистерде меңзелген шығыс аймағында орналасқан. Бұл тұжырымның растығын төмендегі картадан көре аласыз.


         7. Уахабшылардың бұл хадистің өздеріне қатысты емес екенінің тағы бір дәлелі ретінде хадисте келген зілзалалар Араб жарты аралында болмайтынын алға тартады. Бұл тұжырымдар екі себепті дәлелге жатпайды: Бірінші: Сафи әр-Рахман әл-Мубаракфури өзінің Тирмизи хадистер жинағына жасалған «Тухфатул ахуази» атты түсіндірме кітабында осы хадисті талдай келе сілкіністер тек материалды ғана емес, рухани да болатынын айтады, яғни жүрек сілкінісі, адамдар жасайтын сілкіністер.[30] Екіншіден Әбу әл-Хасан Әли ибн Халафтың «Шарх Ибн Баттал» кітабында Умардың кезінде жерсілкіністері болғанын келтіреді.[31]

 

Қорыта келе, «қарну аш-шайтан» шайтанның мүйізі деп аталған бұл хадис Мадинаның шығысында орналасқан Нажд аймағында болатын үлкен бүлік жайында айтып, оның сипаттарына тоқталған.

Кез келген жануардың мүйзі бірінші кезекте оның қорғаныс құралы ретінде қызмет атқарады. Кезінде шайтанның қаруы болған аталмыш ағым қазіргі уақытта да неше алуан қатерлі вирустар таратып, мұсылмандардың санасын улауда. Алла ауру атаулыдан сақтасын, соның ішін рухани аурудан алыс қылсын.

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы


[1] М. Сыддық Гүміштің «Ағылшын тыңшысының мойындаулары» кітабында Мухаммад ибн Абдулухабтың Британия мемлекетімен тығыз байланыста болғанын Осман империясын құлатуға негізгі қозғаушы күш болғаны жөнінде жазылған.

[2]Юсуф Аррафағидің  «насихату ихуанина улама надж» кітабы 17 бет

[3]Ахқаф сүресі, 5-аят

[4]Юнус сүресі, 106-аят

[5]Хазіреті Ауф ибн Мәликтен (р.а.) жеткен риуаят бойынша Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:«Яһудилер жетпіс бір ағымға бөлінді. Олардың біреуі жәннатта, қалған жетпісі тозақта. Христиандар жетпіс екі ағымға бөлінді. Олардың біреуі жәннатта, қалған жетпіс бірі тозақта. Мұхаммедтің жаны қолында болған құдіретті Аллаға ант етемін, менің үмметім жетпіс үш ағымға (фирқаға) бөлінеді. Солардың біреуі жәннатта, қалған жетпіс екісі тозақта». Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Олардың қайсысы жәннатта болады?» – деп сұрайды. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сахабаларымның жолында болғандар», – деп жауап берген екен (Ибн Мәжа, Фитән бабы).

[6]http://ar.wikipedia.org/wiki/%D8%B3%D9%84%D9%81%D9%8A%D8%A9_%D9%88%D9%87%D8%A7%D8%A8%D9%8A%D8%A9

[7]http://saaid.net/monawein/t/7.htm#3

[8]Рияд журналының №13458

[9]Ахмад Зайни дахланның «Әддарар әссунния фиррад алал Уахабия» кітабының 104 беті.

[10]Ахмад Зайни дахланның «Әддарар әссунния фиррад алал Уахабия» кітабының 104 беті.

[11]Шөлде өмір сүретін көшпелі араб тайпалары

[12]Тәубә сүресі, 97-аят.

[13]Муххамад Шукри Алусидің «тарих Надж» кітабы

[14]Ибн Абидиннің «Раддул Мухтар» кітабы, http://www.sunna.info/antiwahabies/IbnAbdeen2.htm

[15]Саиб Абдул Хамид  «Уахабия фи суратиһа әл-хақиқия» кітабы

[16]Уахабия ағымының тарихшысы 1780-1871 жылдары өмір сүрген

[17]Осман ибн Башардың «әл-мәжд фи тарих Нажд» кітабының  42-беті, 1982 жылы Рияд қаласында шыққан.

[18]Ахман ибн Зайни Дахлан «Хуласатул калам фи баян умараа биләдил Харам» Каир, 297 бет.

[19]Ибраһим әр-Раауи әр-Рафағи, «Рисаләтул Аурақ Бағдадия фи хуадис аннаждия» Түркия, 1976 ж 3-бет.

[20]Джамил Сыдқи аз-Захауи , «әл-Фаджр ас-садық» кітабы 16-бет

[21]«Раддул Мухтар» 4-том, 262 бет

[22]Фатыр сүресі, 6-аят.

[23]Араб жарты аралына айтылады

[24]Мүжәдәлә сүресі, 19-аят.

[25]Ахмад әс-Сауи, «Хашия әс-Сауи әлә әл-Джалалайн», 3 том, 255 б.

[26]Мухаммад ибн Абдолла ән-Наждидің «Әс-Сухуб әл-уәбиля әля дараих әл-ханабиля»  кітабы

[27]Бұхари хадистер жинағы, №7183

[28]Бұхари хадистер жинағы, №7092

[29]Фатх әл-Бари, 13 т , 51 бет.

[30]Сафи әр-Рахман әл-Мубаракфуридің  Тирмизи хадистер жинағына жасалған «Тухфатул ахуази» кітабының 9-т, 403 бет.

[31]Абул Хасан Али ибн Халафтың «Шарх Ибн Баттал» кітабы 5т, 23б.

Бөлісу: