Бақтыбай ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ: «Дін мамандарын дайындау – жетістік»

Мақалалар
Жарнама

ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ:

 

ДІН МАМАНДАРЫН ДАЙЫНДАУ – ЖЕТІСТІК

 

– ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөліміне 3 жылдан бері жетекшілік етіп келесіз. Біршама өзгерістерден көпшілік хабардар. Таратып айтып берсеңіз.

– 2014-2015 оқу жылынан бері яғни, екі жылдан бері Астана медресесінде, ал өткен жылы Алматыдағы Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша орыс тобы ашылды. Бұл бүгінгі сұраныстан туындады. Мәселе көп талқылауға түсіп, тиісінше сараланды. «Қазақстанда орыс тілінде мешіттерде уағыз айтуға жол беруге болмайды» деген пікірлер де айтылды. Дегенмен, елімізде орыстілді жамағаттың үлкен шоғыры қалыптасқаны белгілі. Олардың да діни сұраныстарын қамтамасыз ете алмасақ, түрлі ағымдардың жетегінде кетуі әбден мүмкін.

Сондай-ақ, университет пен медреселердің жаңа оқу бағдарламалары дайындалды. Оның да өз ерекшеліктері бар. Сол бағдарламаға сәйкес, бұдан былай қазақ, орыс, ағылшын тілдері де кәсіби түрде үйретіле бастайды. Бұл да уақыт талабы. Сондай-ақ, Сарыағаш пен Үшқоңыр медреселері колледж-медресе болып қайта құрылды. Осы оқу орындарында «Исламтану» мамандығы бойынша қыздар бөлімі ашылды. Осы орайда, қазақ жерінде ең алғашқы қыздар медресесі ағартушы-ғалым Ы.Алтынсариннің бастамасымен құрылғанын көпшіліктің қаперіне салғым келеді.

– Еліміздегі медреселердің мұсылман елдеріндегі орта діни оқу орындарымен қарым-қатынасы және тәжірибе алмасуы қай деңгейде?

– Тарихқа үңілер болсақ, Орта Азия мен қазақ жерін шариғат нәрімен сусындатқан Бұқара, Көкілташ медреселері сынды ортақ діни білім беру орталықтары болған. Ал, бүгінгі күні Қырғызстан мен Өзбекстан медреселерінің оқу жүйесін зерделеп қарағанымызда, бәріміздің басшылыққа алып отырған бағдарламаларымызда аса үлкен алшақтық байқамағандықтан, елімізде өтіп жатқан республикалық олимпиаданы халықаралық деңгейге де көтерсек деген ойдамыз. Ол да бір үлкен серпіліс тудырып, бізді бауырмалдыққа жетелеп, аймақтағы діни тұрақтылыққа жасалған игі қадам болар еді.

Түркия, Малайзия, Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдердегі озық деген діни білім беру бағдарламалары-мен таныса отырып, өзімізге қажеттісін сұрыптап, үздіктерін іріктеп алудамыз. Себебі, біздің медреселеріміз тек діни ғана емес, дүнияуи де пәндер бойынша да білім береді. Жалпы, қазақтың түсінігінде медресе деген тек ғана шариғатты оқытатын орын ғана деп есептелмей, бүкіл білім-ғылымның ошағы ретінде саналған. Аталарымыз көшпелі медреселерде дін ғылымымен қоса, математика, география, т.б. сол секілді пәндерді де үйренген. Біз қазір сол үрдісті қайта жаңғыртып отырмыз десек те болады. Жастарды тек қана шариғат шеңберіндегі біліммен шектеп қоймай, заманауи ғылыми жетістіктерімен де сусындату отыру аса маңызды. Діни басқарманың да ұстанымы осыған саяды.

–  Яғни, әлемдік үздік оқу үлгісі мен өзіміздің бұрынғы медреседегі жүйені ұштастырып жаңа бағдарламаға ден қойдыңыздар ғой?

– Иә. Мұнымызды ҚР Білім және ғылым министрлігі де қолдап отыр. Исламтанушыларды мемлекеттік грант негізінде дайындау әлемдік тәжірибеде бар. Бұрын медресе бітірген шәкірттердің дипломында мамандықтың атауы, шифры жазылмайтын. Оқу мерзімі де лицензияда көрсетілмеді. Бүгінде оның бәрін артқа тастадық. Енді мамандықтар тізбесіне арнайы шифрмен енгізілді.

– Медреселердің оқу бағдарламасында исламның классикалық кітаптарымен қоса, өз жерімізден шыққан ғалымдардың еңбектерін де оқыту жағы қарастырылған ба? Мысалы, Тарази, әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді ғұламалардың туындылары дегендей.

– Жоғарыда аты аталған елдердің орта діни білім берудегі тәжірибесін зерделей келе әрқайсысы өз жерінен шыққан ғұламалардың діни еңбектеріне көбірек сүйенетініне көз жеткіздік. Бізге де солар сияқты өзіміздің ойшылдарымыз бен даналарымызды, діндарларымыз бен ғұламаларымызды неге ардақтамасқа?! Сондықтан, жаңа бағдарламаға сәйкес оқу жүйесіне екі пән енгізіп отырмыз. Біріншісі – «Қазақ ойшылдары және құндылықтары» деген пән. Сонау әл-Фарабиден, Тарази, Балсағұниден бастап, кешегі Абай, Шәкәрім, Ғұмар Қараш, Ғылмани аталарымыздың пәлсапалық тұжырымдары Ислам құндылықтарымен байланыстырыла жүйелі түрде оқытылады. Екіншісі – «Шешендік өнер және уағыз айту әдістемесі» атты пән. Шәкірттерімізге шешендік өнердің қыр-сыры үйретіліп, уағыз айтуға машықталады. Бұған қоса облыс орталықтары мен қалалардағы үлкен мешіттердің жанындағы сауат ашу курстарында Ыбырай Алтынсаринның «Мұсылманшылық тұтқасы» мен Шәкәрім қажының «Мұсылмандық шарты» деген кітаптарын оқыту міндеттелген. Сонымен қатар, Құран әліппесі, тәжуид, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны, иман негіздері сияқты негізгі пәндер де отандық авторлардың жазған оқу құралдары негізінде оқытылып жатқанын айтқан жөн.

– Өткен жылы медресеаралық республикалық олимпиадаға 54, биыл 110 шәкірт қатысты. Жалпы, шәкірттердің білім деңгейі көңіліңізден шықты ма?

– Наурыз айының 10-11 күндері Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде ІІ медресеаралық олимпиада өте тартысты өтті. Тартысты болатын себебі жүлде қорымыз қомақты болғандықтан, қатысушылардың да қарасы көп болды. Жалпы жарыс негізгі үш пән бойынша өткізілді. Неге? Себебі, болашақ дін мамандары осы пәндерді толықтай меңгерсе, жамағатқа да сөзін өткізіп, түрлі адасушы ағым өкілдерімен де күресе алатын болады. Біріншісі Құран тәжуиді, екіншісі, ақида мен фиқһ, үшіншісі араб тілі.

Республикалық білім бәйгесіне еліміздегі тоғыз медресе-ден II және III курс шәкірттерінің тек үздіктері ғана сұрып-талып алынды. Бірінші турда 110 шәкірттен 60-ы іріктелді. Содан кейін топты жарып шыққан 20 үздік студент жүлделі орындарға таласты. III курс бойынша бас жүлде иеленгенге үлкен қажылық, II курс бойынша бас жүлде алғанға кіші қажылық (умра) жолдамасы табысталды. Ал, тиісінше жоғары курс арасында бірінші орын алған 6 шәкіртке 100 мың теңгеден, II курстар арасында бірінші орынды иелегенге 70 мың, үшінші орынға жайғасқан 6 шәкіртке 50 мың теңгеден берілді.

– Енді қызмет етіп жүрген имам-молдалардың білімін жетілдіру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Діни кадрларымыздың білімін үнемі жетілдіріп отыру – заман талабы. Бұл бойынша да көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұрынғы құжаттарды қарап отырсақ, «имамдар бес жылда бір рет білімін жетілдіруі керек» деп жазылыпты. Жалпы имам күн сайын білімін жетілдіруі тиіс. Бес жыл деген тым көп уақыт. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти  Ержан қажы Малғажыұлы: «Әрбір имамның кемінде бес шәкірті болсын» деп талап қойғаны белгілі. Ендеше, жамағатқа білгенін үйрету үшін де имамның өзі үздіксіз білімін жетілдіріп отырмаса, қалай сауатты шәкірт тәрбиелемек?! Сондықтан, дін мамандарының білімін жетілдіруге байланысты да біршама өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру институтының бұрынғы оқу бағдарламасы 4 айға жоспарланған еді. Ол 2 айға дейін қысқартылды. Бірақ білім сапасы артпаса, кеміген жоқ. Өйткені, еліміз бойынша мешіттерде қызмет етіп жүрген 3611 имам бар. Мүмкіндігінше олардың барлығын қамтуымыз қажет. Осы мақсатта 2014 жылы 200-ге жуық имам, 2015 жылы 245 имам аталмыш оқу орнын бітірді. Дегенмен, 3 мыңнан астам діндардың барлығын қамту мүмкін болмағандықтан, еліміздегі 9 медресенің жанынан имамдардың білімін жетілдіру курстарын аштық. Сондай-ақ, барлық облыс пен өңір өкілдіктері үш күндік, бес күндік, он күндік біліктілік семинарларын ұйымдастыруда.

Биыл Құдай қаласа, Түркістандағы Ахмет Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жанынан имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтын ашуды жоспарлап отырмыз. Университет басшылығы бізді қолдауға дайын.

Мұнан өзге Ресей, Түркия, Малайзия мемлекеттерімен жасасқан келісім-шарттарымыз да бар. Сол уағдаластықтың аясында имамдарымыз Ресейге, Түркияға, Татарстанға барып білімдерін жетілдіруде.

Әрине, дін мамандарының білім деңгейінің әркелкі екені жасырын емес. Осыны ескере отырып, алдағы уақытта имамдарды да білім деңгейіне қарап оқытуды қарастырудамыз. Мысалы, бір имам білімді болғанымен біліктілігі жетіспейді, екіншісі білікті болғанымен білімі кемшін. Осы жағдайларды қаперге ала отырып, жаңаша білімді сараптау бағдарламалары дайындалуда. Еліміз бойынша имамдарды аттестациялау жұмысы жақында ғана аяқталғанымен, бұл үрдіс тоқтап қалмайды. Бүгінде бізде имамдардың білім деңгейін анықтай-тын сараптау комиссиясы мен аттестациялық комиссия бар. Енді дайындалып жатқан бағдарламаға сәйкес біліктілік комиссиясы құрылып, дін қызметкерлерінің білімін үздіксіз тексеріп отырмақпыз. Еңбек өтіліне қарап, дін қызметкерлері категориялар мен санаттарға бөлінеді. Алдағы уақытта бес жүз қызметкерді категорияларға бөлу мақсатында сараптауды жоспарлап отырмыз.

Оқуды тәмамдаған діндар екі жыл оқу-ағартушылық жұмыспен айналысқан соң ғана молдалық қызмет атқара алады. Одан кейінгі сынақтың нәтижесімен ғана имам дәрежесіне көтеріледі. Бірінші имам, одан кейін наиб имам, содан соң ғана бас имам секілді жауапкершілігі мол қызметке білімі мен қарым-қабілетіне, еңбек өтіліне қарап тағайындалады. Бүгінгі талапқа сай жоғары білімді діндар ғана бас имамдық қызметті атқармақ. Тіпті азаншының өзіне де талап күшейтілетін болады. Азаншы болу үшін кемінде сауат ашу курсын бітіруі әрі бір пара Құранды жаттауы міндетті.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рақмет.

Сұхбаттасқан Кеулімжай ҚҰТТЫ, 

«Иман» журналы

Бөлісу: