Сүннет – салиқалы амал

Мақалалар
Жарнама

Адамзаттың ардақтысы аталып, шынайы бақыт жолын көрсеткен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың дүниеден өткеніне қаншама күндер, айлар, жылдар, ғасырлар өтсе де шынайы үмметтерінің сүйіспеншілігі бір сәтке де азайған емес. Өйткені, пайғамбар жолын өміріне өнеге еткен барлық жанның бір ғана мақсаты бар.

Алланың жіберген дінін саф күйінде сақтай отырып, берік ұстану болатын. Әрине, ол үшін пайғамбардың сара жолы болған сүннет жолын жақын танып-білу, оны тіршілігінің әр сәтінде өнеге ете білу және асыл дінді пайғамбарша ұстау басты маңызға айналды. Шындығында бұған пайғамбар жолымен жүру арқылы жетері хақ.

Асылында Алланың құлдарынан нені қалайтынын ең жақсы білетін жан пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) еді. Сондай-ақ, Құран өзіне түскендіктен оның мақсат-мұратын да жақсы білді. Құран – дініміздің қайнар бұлағы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен сендерге екі нәрсе қалдырдым: бірі - Құран, екіншісі – менің сүннетім. Осы екеуін басшылыққа алсаңдар адаспайсыңдар», - дейді. Демек, пайғамбар сүннетін Құранның түсіндірмесі мен бейнесі деуге әбден болады.

Құран тұрғанда пайғамбар сүннетін ұстану қаншалықты маңызды деген сауал да мазалауы мүмкін. Жауабына келсек, ең алдымен сүннет діннің шекарасынан шығып адасушылыққа жол бермейді, екіншіден адамгершілік құндылықтардың сақталуына себепкер болады. Себебі, мүміннің мұраты – пайғамбар секілді ұлы көркем мінезге ие болу. Алла тағала Құранда: "Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің", - («Қалам» сүресі, 4-аят) дей отырып пайғамбарымыздың тал бойындағы мінсіз мінезін құлдарына осылай баян етуде.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хақ тағаладан келген әрбір бұйрықты алдымен өзі жасайтын. Айша анамыздан (р.а.): «Пайғамбарымыздың мінез-құлқы қандай еді?» - деп сұрайды. Сонда Айша анамыз (р.а) сұрай келгендерге: "Сендер Құран оқымайсыңдар ма? Ол кісінің (с.ғ.с.) мінезі – Құран еді", - деп жауап берген екен. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Құраннан нәр алғандығын осыдан да байқай аламыз. Өйткені, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) көркем мінезбен қатар сахабаларына құлшылықта да, басшылықта да, адами қарым-қатынастарда да Құранның дүниедегі мақсатын өзінің іс-әрекеті болған сүннетімен көрсете түсті. Иә, тап бүгінгі қызылды-жасылды әрекетімен нәпсі қоздырар уақытта жүректегі маздаған иманымызға берік болу үшін сүннетті де тіршілікке серік ету ауадай қажет.

Қай жерде болмасын пайғамбардың сүннеті жандандырылмаса, ол жерде Алланың қалағанындай діннің толық жасалмай жатқанын білуге болады. Ондай сәтте мұсылманның ұстанымында кемшіліктер орын алып, үмметтің ішкі ынтымағына сызат түсе бастайды. Жер бетінде өмір сүру үшін адамға су мен ауа қандай маңызды болса, үммет үшін Пайғамбардың сүннеті қай сәтте де сондай қажетті. Себебі, пайғамбарымыздың ең жақын достары болған сахабалары дінді Алла Елшісінің (с.ғ.с.) нақ өзінен үйреніп, ол кісінің жасаған әрбір амалын қалтқысыз орындауға әрекет етті. Дініміз дұрыс көрмеген кез-келген істерден бойларын алыс ұстады. Қанша дәуір өтіп, заман өзгерсе де, Пайғамбардың сара сүннетінің кем қалмайтындығын сол кезде-ақ сахабалар айқындады.

Саңлақ сахабалар әрбір сүннет амалды өз жандарын қорғағандай қорғады. Олардың пайғамбарды сүйгені сондай, ардақты сахабалар Алла Елшісін (с.ғ.с.) көрмеген кісілерге де сүннетін жеткізіп бақты. Олар да пайғамбарды өмірінде көрмесе де, сүннетке сенімділік танытып, әрбір ісі мен күнделікті өмір қарым-қатынасын және құлшылығын Пайғамбар секілді жасауға ерекше көңіл қойды.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмір тарихына қарасақ, сүннетінің сахабалар арасында кеңінен жаңғыруына көңіл қойғанын байқаймыз. Тіпті, сүннетін үйретуде балаға деп, жігітке деп, қарияға деп бөліп жармай жалпылама жеткізе білді. Сонымен қатар, сүннетінің қашан да елеусіз қалуына жол бермеді. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдиналық сахаба Биләл ибн Хариске (р.а.): «Әй, Биләл мынаны үйрен!» - деді.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) әдеті осылай болатын. Маңызды нәрсе үйретер кезде қарсыдағы кісінің назарын өзіне толық аудартып, көңілін бұратын. Ерекше көңіл арқылы үйретілген нәрсенің оңайлықпен ұмытыла қоймайтындығын білетін-ді.

Сахаба Биләл (р.а.) таңқалып: «Нені үйренейін иә, Алла Елшісі?» - деді. Бұл жолы да пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мынаны үйрен, Биләл!» - деді. Осы сөзді пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшінші мәрте қайталағанда барып Биләл ибн Харис (р.а.) бүкіл болмысымен Алла Елшісіне (с.ғ.с.) ықылас қойды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған ұмытылған әрі елеусіз қалған бір сүннетті қайта жандандырудың маңыздылығын сөз етіп: «Кімде-кім мен дүниеден өткеннен кейін ұмыт қалған сүннетті қайта өмірге әкелсе, ол сүннетті ұстанған әрбір адамға берілетін сауаптың бір бөлігі оған да беріледі», - деп айтты.(Тирмизи, ілім, 16; Ибн Маже, мұқддима 15)

Сүннеттің маңыздылығына қатысты мына бір мысалды да келтіре кетелік. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бала болса да өзіне қызмет жасап жүрген Әнас ибн Мәликке (р.а.): «Балам!» деді де былай деді: «Таңнан кешке дейін, кештен таңға дейін көңіліңде ешкімге өшпенділік сақтамайтын болсаң, мынаны жасауға тырыс. Балам! Мынау менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіме берік болатын болса, мені жақсы көргені. Кім мені жақсы көрсе, жәннатта менімен бірге болады». (Тирмизи, ілім 16)  

Сүйікті пайғамбарымызды жанымыздан артық жақсы көруіміз керек. Өйткені, Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім мені әкесінен, баласынан және бүкіл адамдардан артық жақсы көрмейінше, кәміл иман еткен болып саналмайды», - деп айтқан. Әрине, пайғамбарға деген сол сүйіспеншілік жай тілмен емес, бар шынайы іс-әрекетімізбен жүзеге асуы тиіс.

Осы орайда, тілге тиек етер бір мәселені де айта кетуіміз керек. Бүгінде кейбір дін ұстанған бауырларымыз Құран және суннамен (сүннетпен) жүреміз деп жүріп, пайғамбар сүннетіне еш сәйкес келмейтін әрекеттер жасап жүргені, әрине, жан-дүниені қынжылтады. Мәселен, ең теріс әрекеті ата-анасына қарсы шығуы, қоғамда әртүрлі мәселелерді сылтау етіп, ел ішіне бүлік тудыруы, мешітте жүріп жамағаттан бөлінуі, мінезде жұмсақтық емес, қаттылық танытып, халық ішіне үрей туғызуы мұның барлығы Алла сөзі аяттарға да және пайғамбар сөзі хадистерге де ешбір үйлесімділігі жоқ. Бұлардың мұндай амалы пайғамбар көрсеткен сүннет жолы емес. Мұны жақсы білген дұрыс.

Құранға итағат ету әрбіріміздің борышымыз. Дегенмен, қалай итағат етіп, өмірімізге сіңдіре алмақпыз?! Әрине, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) ғұмырына қарап. Қарапайым ғана күнделікті тіршілікте мұсылмандығымызды қалыптастыру үшін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) үй-ішінде, қоғамда қалай өзін ұстағандығын үйреніп бағуға болады. Пайғамбарымыздың немересі хазіреті Хусейн (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үй ішіндегі жағдайы туралы әкемнен сұраған едім. Әкем маған:«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйіне кіргеннен бастап уақытын Аллаға ғибадат ету, үй ішіндегілердің жұмыстары және өзінің істері деп үшке бөлетін», - деп айтты.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», - деген сөзінен де сүннеттің үммет үшін қаншалықты маңызға ие екенін біле аламыз. Осы бір ауыз сөзімен әрбір мұсылман баласының сүннетті іске асыру арқылы ғана кемелдікке қол жеткізетіндігін көрсетуде.

Мынаны да ескергеніміз жөн. Пайғамбар сүннетін ұстануда тек құлшылық-ғибадатпен шектелу емес, бәлкім күнделікті өмірдің қарым-қатынас мәселелерінде де сүннетке аса ден қою қажет секілді. Өйткені, салтын сүннетіне, дәстүрін хадиске үйлестірген біздің ата-бабаларымыз да әрқашан бақытты ғұмыр кешіп, ұрпағына мұсылманшылықтың айнасы бола алды. Имам Мәлик (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін Нұх пайғамбардың кемесіне ұқсатып: «Кім оған мінсе, құтылады. Кім мінбей қалса, тұншығады», - деген екен.

Олай болса, жақсы бір мұсылманның шынайы бейнесін қалыптастырып, жеке басымызға, үй-ішімізге және айнала қоғамымызға пайда келтіру үшін бізде ол кісінің ғұмырына терең бойлап, сүннетін тәрбие құралы етіп қолданғанымыз жөн. Қалай десек те, мұсылманшылықты ұстануда сүннетке әлі де қарыздар екенімізді естен шығармауымыз қажет. Өйткені, пайғамбар сүннеті күллі үммет үшін салихалы амал болып қала бермек.

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,

"Иманғали" орталық 

мешітінің наиб имамы

Бөлісу: