Шағбан айының қасиеті

Мақалалар
Жарнама

Рамазан айына санаулы ғана күндер қалды.

Ғалымдар былай дейді: «Ережеп айы егін егетін уақыт, шағбан айы егінді суғаратын, ал рамазан айы егінді жинайтын уақыт».

Қасиетті шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Айталық, бойымызды түрлі жаманшылықтан тазартып, ниет-ықыласымызды дұрыстап, мейлінше таза жүрекпен қадам басу.

Яғни, қызғаныш, көреалмаушылық, қастандық, жеккөрушілік, ашушаңдықтан жүрегімізді тазалап, ғайбат, өсек, сөз тасу, жамандау, кемсіту,  көпшіліктің алдында біреудің айыбын көзге басып ұялту секілді жағымсыз істерден өзімізді қорғау.

Өйткені, Әбу Умәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Шағбан айы кіргенде, нәпсілеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар»,-деген (Мукашәфәтул-қулуб, әл-Ғазали, 291-бет).

Өкінішке орай көпшілігіміз алдын-ала қамданбаймыз. Тек Рамазан айы кіргенде ғана құлшылығымызды бастап жатамыз. Ал сахабалардың өміріне көз жүгіртсек олар Рамазан айы кірместен бұрын қасиетті айлардың шарапатынан құр қалмайық деп алдын-ала өздерін рухани дайындаған екен.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Шағбан айының басқа айлардан артықшылығы Менің басқа пайғамбарлардан артықшылығымдай, ал Рамазан айының басқа айлардан артықшылығы Алла Тағаланың құлдарынан артықшылығындай»,-деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айын оразамен өткізген.

Шағбан сөзінің мағынасы — өсу, өну дегенді білдіреді.

Әбу Хурайрадан жеткен хадисте: «Алла Тағала рахметін жүзге бөліп, бірін осы дүниеге жіберіп, қалған тоқсан тоғызын қияметке алып қалып, қияметте сол тоқсан тоғызымен құлдарына рахмет қылады. Осы дүниеге жіберген бір рахметтің себебімен жануар өз баласын баспайды, және ана баласына мейіріммен қарайды»,-деді.

Осы айдағы ең жақсы құлшылықтардың бірі – ораза тұту. Сондықтан да ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шағбан айының көбін оразамен өткізетін.

Шүбәсіз, Шағбан айы Рамазан айына рухани дайындық жасайтын ай. Әсіресе күн ұзарып түн қысқарған уақытта Шағбан айында ораза ұстау арқылы біз міндеттелген оразамызға дайындық жасап қана қоймай, мол сауапқа кенеледі екенбіз.

Сөзімізді ардақты Пайғамбарымыздың хадисімен аяқтасақ: «Кімде кім шағбан айын құрмет тұтып, ол айда тақуалықпен Аллаға құлшылық етіп, жаман іс әрекеттер мен күналардан боыйн аулақ ұстаса Алла тағала күнәларын кешіріп, сол жылғы болатын түрлі ауру-сырқаттан аман сақтайды.» (Зубдатул Уағизин. Дурратун насихин фил уағзи уал иршад кітабы, 278 бет)

 

Ерлан Әлменов

Бөлісу: