Бір жылдық сауаптар жазылатын ай

Мақалалар
Жарнама

Рамазан айын бос өткізіп алдың ба?! Қасиетті айда жасай алмаған құлшылықтарың үшін өкінесің бе? Оның бекер! Алла Тағаладан үмітіңізді үзбе! Бәрінің де орнын толықтыруға болады. Себебі, сен бір жылдық сауаптар жазылатын Шәууәл айына қадам бастың!

Шәууал айы – Рамазанда жіберіп алған кемшіліктеріміздің орнын толтыру үшін таптырмайтын мүмкіндік. Міне,  қазір сол мүмкіндік айы. Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеп, кейін Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса болады. Рамазан айынан кейін келетін Шәууәл айында алты күн нәпіл ораза ұстаудың сауабы – бір жылдық оразаның сауабына тең. «Сахих Муслимде» риуаят етілген хадисте Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Рамазан айының оразасын ұстап, оған қосымша Шәууәл айында алты күн ораза ұстайтын болса, ол бір жыл ораза ұстаған сияқты болады» деп сүйіншіледі [1].

Алла Тағала Құранда: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» [2] – деген. Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Міне, бұл да Алла Тағаланың бізге деген шексіз мейірімі.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шәууал айының оразасы үшін берілетін сауапты Рамазан айымен байланыстырды. Және кім осы сауапқа ие болғысы келсе, алдымен Рамазанның оразысын өтегені абзалырақ. Ораза ұстау арқылы сауабын еселеп алғысы келген кісі екі оразаны екі бөлек өтегені жөн. Себебі, қаншалықты көп ораза ұстаған болсақ, соншалықты сауабы да мол болмақ. Ал, енді артық ораза ұстауға қиналатын немесе артық ораза ұстауға жағдайы келіңкіремейтін кісілер рамазан айынан кейін тек қаза оразаларын ұстаса, Шәууәл айының да нәпіл оразасын қатар өтегендей болып, бір жылдық ораза сауабына кенеледі деген үмітпен оған да рұқсат екенін айтады кейбір ғалымдар.

Шәууал айының жемістерінен: ғұлама Ибн Раджаб (р.а) айтты:

1. Шәууал – Рамазанмен басталған оразаны бір жылдық сауапқа толтыратын ораза болып табылады;

2. Оразаға дейінгі Шағбан айында ұсталатын оразалар мен Рамазаннан кейінгі Шәууал айында ұсталатын алты күндік ораза бейне бір парыз намазының алдында және кейіннен оқылған сүннет намаздары сияқты. Осылайша олар парызда жіберген кем-кетіктерін орнын толтырады. Себебі, парыз амалдар Қиямет күні нәпілдермен толықтырылады. Адамдардың көпшілігінің оразасында кемшіліктер болуы мүмкін. Ал нәпіл оразалар болса, осылардың орнын толтырушы ізгі амалдардан;

3. Парыз Рамазанның артынан сүннет Рамазанның келуі Рамазан оразасының қабыл болуына дәлел болады. Себебі, Алла Тағала құлының бір амалын қабыл етсе, оны басқа сауапты іске бастайды. Кей ғалымдар: «Жақсы істің сауабы кейінгі жасалынатын жақсылықпен жалғасады. Егер адам бір жақсылықтың артынан тағы бір жақсылық жасаса, кейінгі жасаған жақсылығы алдыңғы жақсылықтың қабыл болғанына дәлел болады. Сол сияқты жақсы істің артынан жаман іс еретін болса, бұл жаман ісі алдыңғы жақсылығының қабыл болмағанына дәлел болады», – деді;

4. Жоғарыда айтып өткендей Рамазан оразасы алдыңғы жасалған күнәлардың кешірілуіне себеп болады. (Шәууал айының оразасы болса, күнәлары кешірілген жаңа парақты жақсылықтармен толтыруға себеп болады);

5. Рамазан айының оразасын ұстаушылар Ораза айт күні сауаптарын ауыз ашқан кезде алады. Себебі, бұл күн сый-сияпат, қуаныш күні. Ал бұл қуаныштың себебі, Алланың берген нығметіне шүкіршілік ету болып табылады. Нығметтің ең үлкені болса, күнәлардың кешірілуі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аяқтары ісіп кеткенше намаз оқитын еді. Сонда Айша анамыз (р.а): «Сіз осыншама ғибадат жасайсыз ба, Алла Тағала сізге жасаған, жасайтын күнәларыңызды кешіріп қойған емес пе?» деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?» деп жауап берді.  

Алла Тағала ниет етіп ұстаған оразаларыңызды қабыл еткей!

[1] Сахих Муслим

[2] «Әнғам» сүресі, 161 аят.

ummet.kz

Бөлісу: