Мінезді көркемдейтін төрт қасиет

Мақалалар
Жарнама

Ауру тек денеде ғана болмайды, мінезде де бар. Егер біреуден жаман мінез көрсеңіз, оған шипа сұрап дұға қылыңыз.

Оған жабысқан кеселден сізді сау қылған Аллаға мақтау айтыңыз. Ислам ғұламалары мінезді екіге бөледі: 1). Жаратылысынан Алла берген, ана сүтімен дарыған мінез, 2). Адам өзі еңбектеніп, өзі қалыптастыратын, өзі табатын мінез. Біріншісін өзгерту мүмкін емес. Себебі, ол – ұлы Алланың құзырында. Жүсіп Баласағұн: «Құрсақта біткен қылық қара жерге бірге кетеді» деген екен. Ал екіншісін Құран, хадис, пайғамбарлар өмірбаянымен сусындау, ізгі, шыншыл адамдардың ізіне еру, Мұхаммед Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұстаз тұту арқылы өзгертуге әбден мүмкін. Мінезіңіздің көркем болуы үшін мына қасиеттермен дос болыңыз.

Шүкіршіл болыңыз! Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңнан ең жақсы көретінімді және Қияметте маған ең жақын болатындарың кім екенін айтайын ба?, –деген сұрағын үш немесе екі рет қайталады. Адамдар: «Уа, Алла Елшісі! Иә, айтыңыз», – деді. Ол: –  Мінез-құлқы жақсыларың, – деді» (Ахмад). Егер көркем мінезді болуды қаласаңыз, онда Алла Тағала жаратқан бітім-болмысыңызға, біліміңізге, табысыңызға риза болыңыз, қанағат қылыңыз. Тіпті кейбір данышпандар бұдан да тереңдей түсіп: «Сен өзіңде болып тұрған жағдайдың төменіне де риза бол», – дейді. Сондықтан, Алла Тағаланың сізге бергеніне риза болыңыз. Ал адамдар сізге таңқалып жатса, оған масаттанып мақтанбаңыз. Себебі, олар сіздің Алла жарыққа шығарған жақсы жақтарыңызды ғана көріп жатыр. Ал, олар сіздің Алла жасырған жаман жақтарыңыздан хабарсыз болғанына шүкір етіңіз. Себебі, іштей шүкір ете білудің адам мінезіне тигізер оң әсері ерекше.

Сабырлы болыңыз! Көздер ұмытпасын десеңіз, əдемі киініңіз. Көңілдер ұмытпасын десеңіз, көркем мінезді болыңыз. Көркем мінез өзгелердің нашар мінезі арқылы қалыптасады. «Алла Тағала: «Кімнің дене-мүшесіне, бала-шағасына немесе мал-мүлкіне бақытсыздық келіп, ол адам жақсы сабыр етсе, қияметте одан есеп сұрауға ұяламын» деген еді (Хаким).  Құдыққа тас тастаған адам ол түбіне жетіп даусы естілгенше қарап тұрады. Сол секілді сізді сөккен адамның көбісі жауабыңызды күтеді. Ұстамдылықпен көркем мінез танытыңыз. Өткізіп жіберіңіз. Құдық түпсіз екен деп ойласын. Көркем мінезділікті қаласаңыз, алдымен өзіңізді сабырға шақырыңыз. Себебі, сабыр – иманның жартысы.

Кешірімді болыңыз! Кешірім жасау арқылы бітпес даудың түйінін шешіп, ата жауды адал досыңа айналдыруға да болады. Кешірімділік қатаңдық пен қатігездіктің құрсауынан арылтып, бақытқа жеткізеді. Алайда, Алла Тағаланың адам болмысына берген кешірімділік қасиетін біріміз ұғынсақ, біріміз ескере бермейміз. Асыл дініміз адамдарды кез-келген уақытта кешірімді болуға шақырады. Ең жаны сұлу адамдар тіпті өзін ренжіткен кісіден өш алатын, сазайын беретін мүмкіндігі болып тұрғанда оны кешіреді. Бұл тұрғыда бізге Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі істері мысал бола алады. Кешірімділік адамдар арасына мейірім шуағын төгіп, мына әлемнің мәнін сезіндіре түседі. Кешірім сұрағанға кешірім ете білу – адамдықтың белгісі. Кешірімді болсаң – кең боласың. Кең болсаң – кем болмайсың. Адамдарды кешіре білгендер ғана Алланың кешіріміне бөленеді. Тіпті Құран Кәрімде кешірімді адамдарды Алла сүйіспеншілігіне бөлейтіндігі былай баяндалған: «Сондай-ақ, олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» («Әли-Имран» сүресі, 3/134-аят) дейді. Сахих хадистерде мұсылманның мұсылманға үш күннен артық ренжуіне тыйым салынғандығы айтылады. Ал кім бірінші болып ашуын басып, кешірім сұраса – Алла алдында мәртебелі болып, сауапқа ие болмақ. Мұсылман өз бауырына деген ашуын басуға өз бойынан күш табады. Бауырын кешіруді өзін төмен қою деп те, өзін масқара жағдайда қалдыру деп те түсінбейді, керісінше, ол мұны белгілі бір жағдайда өзін Алла Тағалаға жақындата түсетін, оны Алланың махаббатына ие ететін жақсы іс ретінде бағалайды.

Шыншыл болыңыз! «Он күнәнің тоғызы – тілден» деген аталы сөзді талай рет естіген шығарсыз. Егер сөз шынымен жүректен шыққан болса, онда ол міндетті түрде жүрекке кіреді. Ал, ол тек тілден шыққан болса, құлақтан ары аспайды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, шыншылдық тақуалыққа апарады, ал тақуалық Жәннәтқа апарады. Адам тек қана шындықты сөйлеп, соңында Алла алдында шыншыл деп жазылады. Шындығында, өтірікшілік күнәһарлыққа апарады, ал күнәһарлық тозаққа апарады. Адам өтірік сөйлеген сайын, соңында Алла алдында суайт өтірікші деп жазылады» деді (Бұхари, Муслим). Тілдің шын сөйлеуі мінездің көркем болуының басты белгілерінен. Мінез-құлқында көркемдік кездесетін адам өтірік сөйлеуге әуестік танытпайды. Осы күнге дейін ойланбай айтылған сөзден, өсек пен ғайбаттан қанша адамды ренжітіп, қанша достан айырылып қалғаныңызды санап көріңізші. Ауыздан шыққан зиянды сөзден кейін ұйықтай алмай шыққан түндеріңіз көп болды ма?! Немесе өзгенің әділетсіз сөзінен жүрегіңіз ауырған сәттерді еске түсіріңіз. Иә, пәле – тілден...

ummet.kz

Бөлісу: