Прокрастинация - мұсылман мінезі ме?

Прокрастинация - мұсылман мінезі ме?

Мақалалар
Жарнама

Бүгінде мұсылмандарға, соның ішінде өз ұлтымызға да жалқау, еріншек деген сипат жағылған күйедей сіңіп қалған. Ал, шын мәнісінде біз ертеден сондай жалқау ел ме едік немесе дінімізде жалқаулық пен бос сергелдеңді мойындаған, насихаттаған кезеңдер болып па еді?

Олай болса, «Үмметіме аманат ретінде Құран мен сүннет қалдырдым» деген Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетінен жауап іздейік. Бірде пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп, қолынан іс келмейтінін, отбасын асырауға шарасыз екенін айтып, қайыр сұрауға рұқсат сұрайды. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.): Үйіңде нең бар? – деген сұрақпен жауап қайырады.

 - Бір шапаным ғана бар  

- Онда соны алып кел

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кедейге шапанын сатқызып, түскен ақшасына арқан мен балта алдыртады. Содан кейін барып ағаш бұтап әкелуді бұйырады. Әкелген ағаштарын отын ғып шаптырып, базарда сатқызады. Түскен ақшасының жартысын жинап, жартысын жанұясына азыққа жұмсатады. Осылайша әлгі кісі шамалы уақыттан кейін мұқтаждықтан құтылған екен. Байқасаңыздар,  адамзаттың асылы, Соңғы Елші (с.ғ.с.) бұл жерде қолынан іс келмейтін кісіге кәсіп үйретеді.

«Беруші қол алушы қолдан хайырлы» деген хадис те табыс тауып, басқаға пана болып, көмек қолын созған кісілердің артықшығын білдіріп тұр. Бірде екі тақуа кісі Бағдаттың көшелерінде  кездесіп қалады. Бірі екінші досының әбден жадап, жүдеген халін көріп, не болғанын сұрайды. Сонда екіншісі: «Бірде керуенмен жол тартып бара жатқанда жоғарыдан ұшқан құстың қылығы ерекше болып көрінді. Ол тек бір бағытта ғана ұшып отырды. Сосын мұнда бір гәп бар екенін түсіндім. Сөйтіп жаңағы құстың барып-келіп жүрген жеріне мен де бардым. Байқасам бір тасбақа теріс айналып қалыпты. Шөл далада, жапан түзде жалғыз қалған тасбақаның рызығын құс арқылы үздіксіз жіберіп отырған Алланың шексіз құдіреті мен мейіріне тағы да көзім жетті. Меңіреу далада жатқан мына жәндіктің несібесін тоқтатпай жіберген Раббым мені де нәпақасыз қалдырмайтынын түсініп, өзімді бірыңғай ғибадатқа арнадым,» - деген екен. Сонда әңгімесін үнсіз тыңдаған досы: «Сен алушы қол болуды таңдаған екенсің, неліктен беруші қол болмасқа?» - деп мәселенің екінші жағына назарын аудартыпты.

Ислам дінінде жалқаулық, нәпақасын басқалардан күтіп, алақан жаю ешқашан құпталмаған. Себебі, жалқаулық - жалғыз жүрмейтін жаман ауру. Оның артынан тізбектеле еретін одан да нашар қасиеттер бар. Оны Абай хакім үшінші қара сөзінде дәл суреттейді. «Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.» Байқасақ мінезсіздік бір қоғамға немесе ұлтқа тән қасиет емес. Әрекет етуден бас тартып, қажыр-қайратын бос нәрселерге жұмсаған адамдардың жетер жері десек дұрыс болады-ау.

Заманына қарай адамы демекші, кейбір қасиеттер де заманына қарай бет пердесін ауыстырып, жаңа бейнеге еніп алған. Жалқаулықтың қазіргі кездегі жаңа түрі – прокрастинация. Яғни «ертең, ертең» деп  жасалатын істі кейінге қалдырудың нәтижесінде пайда болатын жалқаулық. Бұл жерде кісінің қолынан іс келмейді емес, келеді. Қабілеті мен өнері жоқ емес, бар. Бірақ майда істерді әне жасаймын, міне жасаймын деп жүргенде қалай астынан шығуы мүмкін емес үлкен іске айналғанын байқамай қалады. Әрине, бұл да жалқаулық, бірақ басқа бейне.

Мұсылманды ғибадат пен пайдалы істен айыра алмаған кезде шайтанның баратын айласының бірі – ақыретке де, дүниеге де пайдасы жоқ бос істермен қолын байлау. Яғни кісі өзін жұмыс жасап отырмын, уақытым жоқ деп ойлайды, бірақ екі дүниеге де пайдасы жоқ істермен шұғылданып отырғанын өзі де түсінбейді. Соның нәтижесінде пайда болған еріншектіктің жаңа аты – прокрастинация. Әрине, прокрастинациядан, жалпы жалқаулықтан құтылудың жолдары жайлы тренингтер де, мақалалар мен кітаптар жеткілікті.

Ал, дінімізде одан құтылудың жолдары қалай берілгеніне көз жүгіртейік. Ең бірінші қаули дұғалардан қарастырар болсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) таңертең-кешке тұрақты оқитын дұғаларының бірі: «Аллаһым, мені уайым жеуден, қайғы-қасіреттен, дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қарызға белшеден батудан және адамдардың зорлық-зомбылығынан сақтай гөр!» (Аллаһуммә йнни әуузу бикә минәл-һәмми уәл-хазәни уәл-ажзи уәл-кәсәли уәл-жубни уәл-бухли уә далийд-дәйни уә ғаләбәтир-рижәәли).

Мүминун сүресінде нағыз мүминдердің сипаттарының бірі ретінде «олар – бос сөз, пайдасыз істен іргесін аулақ салатындар[23:3]» деп көрсетеді. Яғни шынайы мүминдер уақытын дұрыс әрі тиімді қолдана білген. Алла елшісінің (с.ғ.с.) күн тәртібіне назар салар болсақ, оның физикалық істер мен ментальды жұмыстарды кезектестіріп отырғанын байқаймыз. Яғни түннің үштен бір бөлігін ғибадатпен жеке өткізетін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) таң намазын оқытуға мешітке баратын. Намаздан кейін сахабаларымен әңгіме-дүкен құрып, сұрақтарына жауап беретін. Сонан соң ханымдарын аралап, отбасының жағдайын біліп, кейін халықтың ісіне араласатын. Парыз намаздарын жамағатпен оқыса, нәпіл намаздарда көбіне Раббысымен жеке қалатын. Тағы бір назар аударарлық жайт - пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ісінде тұрақтылық болатын. Яғни жасалатын істерін күнделікті бір уақытта жасайтын.

«Иә, шынымен де, әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар. Ендеше бір істі бітірген соң бірден басқа іске кіріс [94:6-7]» дейді қасиетті Құранда. Демек істен жалығып-шаршап кетпес үшін әрі күнннің өнімді өтуі үшін жасалатын шаруаларды күн ішіне бөліп тастаған жөн. Дінімізде бес уақыт намаздың өзі жұмысты аз-аздан бөліп тастауға итермелеген. Сонда ешбір жұмыс ауыр тимейді.

Егер де дініміздің сыртқы формасына ғана үңілмей, ішкі терең қазыналарынан сусындайтын болсақ, Раббымызға, жол бастаған пайғамбарымызға (с.ғ.с.) және көркем дінімізге сай болар едік.

Ummet.kz

Бөлісу: