Яссауи - айырықша орыны бар тұлға

Яссауи - айырықша орыны бар тұлға

Мақалалар
Жарнама

Ұлттың ұлттығын қалыптастыратын екі негізгі арна бар. Оның бірі - дін, екіншісі - тіл. Дін - өркениеттің негізі, ал, тіл - ұлттық мәдениеттің өзегін құрайды. Осы екі арнаның бірі суалатын болса, ұлттың болмыстық тіршілігіне нұқсан келгені.

Бүгінгі таңда Егемен Қазақстанның мәдени құндылықтары мен ұлттық дүниетанымына қайта табысуы жолында үлкен істер атқарылды. Өркениетті сақтап қалуда дәстүрлі дінімізді жандандырудың маңызы зор. Себебі дәстүрлі дініміз өзіне тән мәдени, социо-психологиялық табиғаты жағынан толығымен мораль, адамгершілікті, адамзатты адамдыққа шақыруда революциялық (төңкеріс) жолды емес, даму жолын негізге ала отырып өркендеуді қолдайды. Тарих қойнауындағы қазақ елінен шыққан дін ғалымдарын еске түсіру дініміздің жандануына өз септігін тигізетіндігіне сенім мол. Осы тұста қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ғұлама ғалым Қожа Ахмет Яссауи жайлы қысқаша жазба қалдыруды жөн көрдік.

Қожа Ахмет Яссауи - 1093 жылы туылған түркістандық ғұлама. Яссауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі - Испиджабта абыройлы адамдардың бірі болған. Анасы - Айша (Қарашаш ана) Мұса шейхтың қызы. Мұса Испиджабта әулиелігімен белгілі ғұлама ғалым ретінде танылған. Түрік тарихшысы Заки Уалиди Тоған, Қожа Ахмет Иассауидің Қарахан әулетінен шыққандығы туралы мәлімет келтіреді [2, б. 165-166]. Қожа Ахмет Яссауидың ұстаздарының көшбасшысы - Арыстан баб. Кашифи “Рашахат-ул айн-ил хайат” атты еңбекте Қожа Ахмет Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан әртүрлі ілімдердің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы айтады. Яссауидың “Диуани хикметінде” де Арыстан баб есімі жиі жазылғаны ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі. Кейіннен  Қожа Ахмет Яссауидың өмірі мен қызметі туралы жазбаларда оның Юсуф Хамаданидың шәкірті екендігін көрсететін деректер болғанымен, соңғы зерттеулерде оны теріске шығаратын тұжырымдар айтыла бастады[3, б. 49]. Қожа Ахмет Яссауидың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр, ал екінші шәкірті – Сайид Ата Хорезми, үшінші көрнекті шәкірті – Сүлеймен Бақырғани болғандығы туралы деректер жетерлік. Яссауи шәкірттері жөнінде Фуат Көпрулу: “Мутасаууфтардың (сопылардың) өмірбаяны жайлы еңбекте Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген имамдардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Яссауи жолының шейхтары еді” дейді [1, б. 73].

Яссауидің бүгінгі ұрпаққа жеткен құнды шығармасы - «Диуани хикмет». Бұл еңбек алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше мәрте басылды. Соның бірі 1901 жылы Қазанда Маңқыстау Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан тауқметін, көрген қайғысын, сондай-ақ бұл фәнидің жалғандығын бейнелейді. Диуани Хикмет шығармасы  түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, қатысты бағалы деректерді қамтыған туынды болып табылады. Қортындылай келе Қожа Ахмет Яссауи қазақ елінен шыққан ғұлама ғалым, дін ілімдерінің асқан білгірі, соның тынымсыз насихатшысы. Білімді шәкірттер дайындап, сол тұстағы діннің кең етек жаюына септігін тигізген ғалым. Яссауи  ілімін терең зерттеу арқылы қазіргі қоғамдағы сопылық туралы жаңсақ пікірден мүлде алыс болғандығын байқауға болады. Себебі Яссауи  Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Ал, халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты - топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. 

Бегалинова К.К
ҚазақҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры
Байзақ М.М
ҚазақҰУ дінтану жəне мəдениеттану кафедрасы, исламтану магистранты.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.
  2. Муминов А. Новые направления в изучении истории братства йасавийа. – «Общественные науки Узбекистана», №10-12.
  3. N. Öztürk: The Eye of the Heart (Redhouse Press Istanbul 1988).
Бөлісу: