Балам жақсы болсын десеңіз...

Балам жақсы болсын десеңіз...

Мақалалар
Жарнама

Бүгінде ата-аналар арасында баланы қалай тәрбиелеу керектігі турасында көптеген талас-тартыстардың бары ақиқат.

Балам жақсы болсын демейтін ата-ана жоқ. Алайда... Біреу баласын ішкізіп-жегізіп, шалқытып өсірсем жақсы адам болады десе, енді біреулері «аюға намаз үйреткен – таяқ» дегенді ұстанады. Ал, енді біреулері «есейе келе өз жолын өзі тауып алады» деп самарқау қоя салады. Ендеше, бұғанасы қатпаған баланың ержеткенде «әкенің ұлы емес, адамның баласы» болуы үшін қайтпек керек? Бұл тұрғыда асыл дінімізде қандай қағидалар дәріптеледі? Қысқаша зерделеп көрелік...

Отбасын құрмай тұрып ескеріңіз

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде «Мен жер бетіне адамзатқа ұстаз етіп жіберілдім», – десе, тағы бір хадисінде «Мен көркем мінезді толықтырып, кемелдендіру үшін жіберілдім», – дейді. Міне, Исламның ең басты мақсаты да адамзатты көркем мінезділік пен жақсы құлыққа тәрбиелеу. Ендеше, адамзатты тәрбиелеу бала тәрбиесінен бастау алатыны белгілі.

Қазақ айтатын «баланы жастан» деген өмір пәлсапасын Ислам шариғаты да құп алады екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Әкесінің баласына жасаған жақсылықтарының ең бағалысы – жақсы тәрбие», «балаға бір мәрте көңіл бөліп, тәрбие беру – бір сағ (2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы» деу арқылы жақсы тәрбиенің қаншалықты маңызды екенін жеткізген. Әке мен шешеге тең дәрежеде жүктелген осы міндетті дұрыс атқару үшін асыл дініміздің рөлі ерекше. Бұл жайында хадистерде «әр қайсыларыңыз жауаптысыздар. Қарамағыңыздағыдан қиямет күні есеп бересіздер... Отағасы отбасынан сұралады» деп ескерткен.

Ал, Алла Елшісінің (с.ғ.с) «Әйелдің төрт сипатына қарап үйленеді» деп басталатын хадисінде «діндарын таңда» дегені бекерден-бекер болмаса керек. Салихалы, тақуа жар тапсаң, балаңды да солай тәрбиелейді демек-дүр. Ендеше, асыл шариғатымызда бала тәрбиесі арыдан, отбасы болмастан бұрын басталмақ. Тәрбие бұлағы болған анасын дұрыс таңдау да маңызды. Ақ некенің мақсаттарының бірі де, бірегейі өмірге ұрпақ әкеліп, иманды, салихалы бала тәрбиелеу емес пе?!

Бейресми деректерге негізделгенде, жыл сайын елімізде әлденеше мыңдаған бала ата-анасы бола тұра олардың қарауынсыз қалуы салдарынан кезбе-қаңғыбастыққа салынады екен. Бала нығметін аялай алмаған бейбақтардың кесірінен күл-қоқыс арасынан да бейкүнә сәбилер табылып жатады. Ал, бүлдіршіндерін бұлай тастап, үлкен күнәға батпаса да, балаларын сабырлылыққа шақыра алмағандықтан, қажетті кезінде жанынан табылмағандықтан басы ауырып, балтыры сыздаған күні өзіне-өзі қол жұмсайтын оқу жасындағы балалардың саны да көбейіп келеді.

Мағжан Жұмабаевша айтсақ, бәріміздің «тәрбиелеудегі мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса, барлық адамзат дүниесін бақытты қылу». Осы «бақытты қылуды» армандап отырған баламыздың бірде болмаса бірде қателеспейтін, жаза баспайтын кезі болмауы мүмкін емес. Мұндайда не істеу керек?

Құрандағы өнеге

Құранда Алла Тағала Лұқманның баласын қалай тәрбиелегенін адамзатқа былайша ғибрат етеді: «Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: “Әй, балақаным! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу – зор зұлымдық... Әй, балақаным! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыртпашылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден” (дейді)» («Лұқман» сүресі, 13-17 аяттар).

Жүсіп (а.с) пайғамбардың бала кезінде көрген түсін әкесі Жақып (а.с) пайғамбарға айтқанда, байыппен тыңдаған әкесі: «Балапаным, түсіңді бауырларыңа айтпа. Әйтпсе олар саған қастандық жасауы мүмкін», – дейді. («Жүсіп» сүресі, 5-аят)

Бұл аяттардағы Лұқман мен Жүсіп (а.с) қиссасынан баланы тәрбиелеу методикасы мен тәрбие кезеңдерін білуге болады. «Әй, балақаным!», «балапаным» т.б баланы баурап алар жылы сөздерден бастау, одан қала берді бұл аяттардан жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырататын «маңызды істерді» үйрету керек екенін, баланы сабырлылыққа тәрбиелеудің де маңызды рөл ойнайтынын аңғарамыз. Аяттың жалғасын оқи отыра «маңызды істердің» Исламның өзекті мәселелері, имани құндылықтар екенін бірден байқаймыз. Демек, балаға Ислам құндылықтарын үйретпеу – бала тәрбиесіндегі орны толмас кемшілік болмақ.

Қазақ қоғамындағы діннен бейхабар кейбір ата-аналар балаларының денсаулығына, киім-кешегіне, ішіп-жеуіне, сұраныстағы мамандықты оқуына қатты көңіл бөліп, оның рухани тәрбиесіне көңіл бөлмейтіні жасырын емес. Соның кесірінен бүгінгі күнде біздегі жастардың бей-берекет кетуі басым. Үлде мен бүлдеге оранып, «шоколад, кәмпитпен» бағылған, бірақ арзан ойын-күлкіні місе тұтып, үлкенді сыйламайтын, дөрекі, оғаш қылықтар мен бейпіл ауыз сөздерді ғанибет біліп жүрген жастардың алды ата-анасын қараусыз қалдырып, қарттар үйіне апарып, қоғамның жүгін одан арман ауырлатуда. Кеңес заманында балалар ислами тәрбие аз көрді, тіпті көрмеді де.

Пайғамбарлық үлгі

Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) мәдиналық мұсылман кісі, бір кішкентай Рафиға ибн Әмір деген баланы жетектеп, дедектетіп алып келеді. Бала қорқып, түсі суық болып, реңі қашып кеткен. Сонда әлгі кісі айтады:

–Мына бала менің құрма ағаштарыма тас лақтырып ұрлық жасап жүр. Тиісті жазасын беріңіз.

Әлгі бала Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қандай жаза береді екен деп үрейленіп тұрған кезде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мейірімділікпен:

–Ботақаным, – дейді. Қорқып тұрған адамынан жылы сөз естіген әлгі бала жадырап шыға келді. Сосын:

–Мұны неге істедің? – деп сұрайды. Бала өзінің қарны қатты ашқандығын, сондықтан ұрлық істеуге мәжбүр болғанын айтып шағымданады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы да «ботақаным» деп бастап, жерде шашылып жатқан құрмаларды жесе болатынын айтып, ағаш басындағы құрмаларды алмауды өсиет етеді. Сосын баланың басына қолын қойып, Алладан оның қарнын тойдыруын, көркем ахлақ иесі етуін сұрап дұға қылады.

Бір қарамаққа қарапайым мысал болғанымен астарында күллі адамзат үшін Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) тәрбие мектебінің асыл өнегесі жатыр. Әуелі, мейірім мен жылы сөз. Одан кейін бала жасаған қателіктің себебіне үңілу. Содан барып дұрыс тәрбие беру керек екенін ұғындырады. Бұл күнде қателік жасаған балаға себебін сұрастырмастан «неге бүйттің», «неге бұзықтық жасайсың» деп зекіп ұрсып, жөні келсе таяқтап, «екінші қайталайсың ба» деп аузынан ант аламыз. Бәрібір, баланы сол істен тыя алмаймыз. Себебі, бұл істер Алла Елшісінің (с.ғ.с) өнегелері емес.

Адамзаттың ұстазы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ұрлық жасаған балаға, Құранда келтірілген Лұқман, Жүсіп (а.с) бауырларының өнегесі бойынша, асқан мейірімділікпен байыпты тәрбие беру үлгісін көрсетті. Демек, «Жылы-жылы сөйлесе жылан ініне кіреді» дегендей жұмсақ мейірім мен жылы сөз де тәрбие методикасының құрамдас бір бөлігі.

Адамзатты жетілдіру үшін жіберілген ақиқат дін – мейірімділік пен ізгілік діні. Өз заманында Пайғамбарлар сардары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) сахабаларға мейірімділік көрсететіні соншалықты. Неше мың сахаба бар. Соның бәрі де «Пайғамбардың (с.ғ.с) ең жақсы көрген адамы мен шығармын» деп ойлап қалады екен. Міне, Адамзата асылының мұншалық мейірімділік үлгісін көрсетуі тегіннен-тегін емес. Адамның бақытқа, көп игілікке қол жеткізуінің өзі осы мейірімділіктен басталмақ. Бұл бала тәрбиесіне де қатысты.

Ұядан негі көрсе...

Тағы Құранға жүгінсек, «Саффат» сүресінде Ибраһим (а.с) пайғамбардың ұлымен ақылдасу үшін оны серуенге шақырғаны баяндалады. Бұдан тәрбиелік методикада ақылдасудың да өз орны бар екенін байқаймыз. «Расында Лұқманға хикмет бағыштадық» («Лұқман» сүресі, 12 аят) деп Құранда аты аталған салих пендесі Лұқманның өзі істеген амалдарын баласына насихат етуін бізге өнеге ретінде айту арқылы, Ұлы Раббымыз қияметке дейін келетін адам пендесіне бала тәрбиесінде бірінші ата-аналар өзі өнеге болуы керектігін ескертеді. Яғни, атам қазақ айтатын "Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны ілде" демектік.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы бір хадисінде «Балаларыңды құрметтеңдер және жақсы тәрбие беріңдер» дейді. Ендеше, өзіміз істемейтін істі баламызға бұйырып жүрген біздерге жол болсын! Баламызға «арақ ішпе», «темекіге жолама» деп тәрбие беріп, өзіміз қызып алып, тілімізді шайнап тұрсақ бала қалай арақ ішпейді. Темекіге жұмсаған баламыз қалай темекі тартпасын?!

Ислам дінін жақсы ұстанған замандарда халқымызда «қарттар үйі», «жетімдер үйі», «тастанды бала» деген ұғымдардың атымен болмағанын жиі айтсақ та, әлі күнге дінімізге мән бермей келеміз. Алла Тағаланың құлдарына берген сансыз нығметтерінің бірі - бала. Ендеше, осы көз қуанышымыз - ұрпағымыздың бақыт жолын Ислам құндылықтарымен байланыстырып, көркем қарым-қатынас, мейірім мен жанұя жылуы, өрелі өнеге көрсеткен абзал.

Оразбек САПАРХАН

Бөлісу: