Селфиді жек көрудің он себебі

Селфиді жек көрудің он себебі

Мақалалар
Жарнама

Нарцисс сөзі көбіне халық арасында  тәкаппарлық пен өзімшілдікті, өзін басқалардан  артық көруді бейнелегенде қолданылады.  Ал, психологияда нарциссизм ауруы деп тұлғаның психологиялық ауытқуын айтады. Яғни бір кісінің өзін немесе белгілі бір қасиеттерін ерекше жоғары санауы.

Қалай десек те, нарциссизмнің қазіргі кезеңде белең алып бара жатқаны, тіпті көпшіліктің өмірлік ұстанымына айналғанын айқын көруге болады. Соның бір көрінісі қазірде сәнге айналған - «селфи». Селфи сөзі ағылшын тіліндегі «селфиш – өзімшіл» сөзімен түбірлес, «self» - «өзі», «өзін-өзі...» деген сөзден шыққан. 2002 жылы 13 қыркүйекте Австралияда өткен «ABC online интернет» форумында «селфи» сөзі алғаш рет қолданылған, ал, 2012 жылдың желтоқсан айында шыққан Тайм журналы «selfie» сөзін жылдың ең көп қолданысқа  енген «Топ 10» сөзіне қосады. 2013 жылы  «selfie» сөзі кеңінен қолданысқа енгені сонша, Оксфордтың онлайн сөздік қорына енгізіліп, «жылдың сөзі» деп атап көрсетеді. Селфи сөзі мен түсінігінің пайда болу тарихы қаншалықты қысқа болса, кеңінен таралуы соншалықты тез.

Бүгінде селфи көптеген психологтардың тарапынан  ауру ретінде қабылданып отыр.  Енді, психологиялық тұрғыдан селфидің зияндарына тоқталайық.

Көштің басын тәуелділік ауруы бастайды. Тәуелділік (аддикция, ағ. Addiction – бейімділік, әдет) – белгілі әрекеттерді қайта-қайта жасауға деген құмарлық. Медициналық, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан өзіне төніп тұрған қауіпке қарамастан сол нәрсеге ұрына беру. Тәуелділік екі түрлі болады: физиологиялық – наша, ішімдік деген сияқты химиялық заттарды қабылдау арқылы және әрекеттік – құмар ойындары, шопинг, қауіпті іс-әрекеттер, т.б. Уақыт өте келе тәуелділіктің арта түсуі,  мөлшерінің шамадан тыс көбейе беруі - екеуіне де тән құбылыс.  Кісі белгілі уақыттан кейін өзін билей алмайды. Тәуелді болған нәрсе немесе әрекет өмірінің мәні мен мағынасына айналады. Тоқтатуға тырысу «ұзақтату синдромын» (синдром отмены) тудырады. Оның белгілері – тітіркену, қобалжу, ауру, жүрек айнуы және жағымсыз сезімдерден құтылу үшін психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолдану.

Селфидің жаһанға жария болған алғашқы құрбаны Дэнни Боуман жайлы естіген шығарсыз. Ол күніне 200-ден аса селфи түсіру үшін 10 сағаттан аса уақыт жұмсаған. Нәтижесінде өзі ойлағандай автопортрет жасай алмағандықтан алты ай бойы үйінен шықпай қойған. Онымен де шектелмей, әбден күйзеліске түскен британдық бозбала жалған дүниемен қош айтысуға бел байлап, үйіндегі барлық дәрі-дәрмекті ішіп, ауруханадан бір-ақ шығады. Ол ресми түрде селфидің салдарынан бойын аулақ салу үшін ем қабылдаған алғашқы пациент. Атышулы оқиғадан соң, The Sunday Mirror басылымында қатарынан бірнеше психиатр дабыл қақты. Олар: «бізге келетін әр үш пациенттің екеуі дисморфиялық күйзеліспен келеді. Олардың барлығы дерлік селфимен ауырады,» - деп жазған.

Қысқаша айтсақ, дисморфиялық күйзеліс  кісінің өзіне көңілі толмауын білдіреді. Бұл селфиге деген сүйіспеншілік тудыратын екінші психологиялық ауытқу. Көбіміз сыртқы бейнемізді тексеру үшін айнаға қараймыз. Әрине, сыртқы көрінісіміздің таза, сүйкімді, ұқыпты, жинақы болуын ойлауда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ кейбір кісілер бұл процеске көбірек уақыт арнайды. Әсіресе жасөспірімдер, себебі сыртқы бейнесі мен дене бітімдеріне көңілдері тола бермейді.  

Дегенмен қайсібір кісілер бет-әлпеті мен денесіндегі болмашы кемшіліктерді үлкейтіп немесе ойдан шығарып алатыны соншалық, сол ойдың жетегінен шыға алмай, уайыммен өздерін жегідей жеп тауысады. Бір жерінің кемдігі жайлы ойлар қыр соңынан қалмай, әрдайым мазалайды. Соның салдарынан тыныштығы бұзылып, өзін қоярға жер таппауын дисморфобия немесе дене бітіміне қатысты дисморфиялық күйзеліс, дисморфомания деп те аталады. Бұл аурумен селфидің байланысы айтпаса да түсінікті деп ойлаймын.

Осыған кереғар түсетін басқа бір ауру мақаламыздың басында айтып өткен нарциссизм десек болады. Бұл селфиді жек көрудің үшінші себебі. Психологияға ең алғаш бұл терминді енгізген Зигмунд Фрейд еді. Ол белгілі дәрежеде нарциссизм әр адамның бойында туылғаннан болады деген пікір айтты. Келесі бір психолог – Эндрю П. Моррисонның ойынша, әрбір ересек кісіге өз қажеттіліктерін өтеуде тепе-теңдіктің сақталуына осы нарциссизм көмектеседі екен. Манфред Кетс де Врис нарциссизм көбіне жетістіктерге қол жеткізген, басқарушылық қызметтегі ер адамдарда болады деп анықтаған.

 Өздерін барлық қалпымен ерекше көретін кейбіреулер, тіпті әжетханадағы немесе әртүрлі өте анайы, ақылға сыйымсыз, ашық бейнелерін жариялауы осының көрінісі. Яғни өздерін сол қалыптарында әдемі, тартымды, керемет болып тұрмын деп ойлағандықтан туындаған әрекет. Немесе ұйқыдан тұрғаннан бастап күнделікті өмірінің әрбір сәтін селфимен тарихта қалдыруға ұмтылудың астарында да осы өзін әспеттеушілік жатыр. 

Төртінші себеп – қоғамнан алшақтау. Виртуалды өмірдің қызығына, ондағы достардың лайктары мен пікірлеріне бой алдырған кісіге шынайы өмірдің күйбеңге толы тірлігі тартымды бола қоймасы белгілі. Жалпы анда-санда оңаша қалып, ойыңды жинақтаған, өткенді ой елегінен өткізіп, болашаққа барлау жасап, өміріңді таразылап, есепке тарту қажет әрі пайдалы. Хазірет Омардың (р.а) сөзімен айтсақ, «бір күнінің есебін бере алмаған кісі өмірінің де есебін бере алмайды».

Бірақ, түз тағысы іспетті туған-туыспен араласпай, дос-жаранын іздемей, тек ұялы телефонның бетіне үңіліп немесе өз әлемінен шыға алмай, жанұясындағы қарым-қатынастарда селқостық көрсету жақсылықтың нышаны емес. Мұның соңы жалғыздыққа әкеп соғары түсінікті.

Өмір өзі кереғарлыққа толы келеді ғой. Селфиге көп ұрынған кісілердің қоғамда жалғыз қалу қаупі болуымен қатар жеке кеңістігінің азаюы да өз алдына бір қауіп. Әрбір жасаған қадамың, жеген тамағың, барған-келген жеріңе дейін көпшіліктің назарына ұсынып отырсаңыз қайдан жеке өмір қалсын. Бәрі көпшіліктің ортақ дүниесіне айналмай ма? Мұның айқын көрінісі деп өмірін жұртшылықтың алдында жарқырап жүруге арнаған белгілі тұлғалардың бастарына қиындық түскенде немесе қалың көпшілікпен бөліскісі келмейтін жағымсыз жайттар белең алғанда әлеуметтік парақшалардағы суреттерін өшіріп, көпшіліктің назарынан алыстауға тырысуларын айта аламыз.

Келесі бір селфиден қашық жүрудің себебі – кісінің уақыт өте келе шынайы өмірден алшақтауы, өзін-өзі алдауы. Себебі, өмірде әрдайым күліп, жарқырап жүру мүмкін емес. Дұрыс түсініп, қабылдай білгенге,  қиындықтар -  ет тамақтың тұздығы іспетті өмірдің дәмін келтіреді. Бірақ виртуалды өмірде өзін әлемдегі ең бақытты жандай көрсетуге тырысатын кісілер өмірлерінде кездесетін қара жолақтарды кейде көтере алмай жатады. Өткінші өмірдегі келеңсіздіктерге қарсы тұру үшін күш-жігер, қайрат керек. Ал бойкүйездікке салынып, топыраққа басын тыққан түйеқұс іспетті, алдамшы интернет әлемінің уақытша беретін көңіл тоқшылығын сезіну үшін асқан ерік-жігер қажет емес.

  Сыртқы сұлулық пен жеңіл өмірдің әсіре насихатталған заманында өмір сүріп жатырмыз. Жауапкершіліктер мүмкіндігінше азаюда. «Болар бала он үшінде баспын дейді, болмас бала отызында жаспын» дейді, яғни жауапкершілік кісінің жасымен емес, іс-әрекетімен айқындалады. Қазірде отбасы құрудың статистикалық жасының ұлғайып бара жатқандығы, жан байлығынан гөрі, жылтырақ әдеміліктің әлдеқайда жоғары саналуы   ешкімге таңсық емес. «Іш пыстырар» рухани әңгімелерден гөрі, көзбояр сән әлемінің әңгімелері өтімдірек. Мұның барлығы адами құндылықтардың орны алмасқанын білдіреді. Селфидің сәнге айналуының көп себебінің бірі - өз сұлулығын әлемге паш ету, көбірек лайк жинау. Интернет желісін ашсаңыз болды мұның мысалы толып жатыр. Бұл өз кезегінде жастар үшін аз уақытта белгілі «жұлдызға» айналудың жолы іспетті. Оған басы айналған жастардың жан сұлулығымен шаруасы бола қояр ма екен?

Мұнан шығатын селфидің тағы бір дерті – басқалардың пікіріне тәуелділік. Яғни лайк жинасам, жазылушыларым көп болса деген ойдың жетегінде селфи мен оны қадағалап отырушылар пікірі өмірінің өзегіне айналғанын да байқамай қалуы әбден мүмкін.

Осыншама психологиялық ауытқулар мен соққылар адамның толыққанды тұлға ретінде қалыптасуына, жеке өміріндегі қарым-қатынастарға да әсер етпей қоймасы анық. Яғни ең жақын ортасы – отбасында біршама үйлеспеушіліктер мен келеңсіздіктерге себеп болуы әбден ықтимал.

Технология дамыған сайын адамды арбап, монитордың немесе төртінші экранның* алдына телміртіп қоюдың жолдары да көбейіп жатыр. Виртуалды өмірге еніп кеткені сонша, кейбір жасөспірімдер ой-санасымен сол жақта өмір сүреді. Бұл селфиді жек көрудің оныншы себебі.

Не нәрсенің болса да шамадан тыс мөлшері зиянды екенін білеміз, интернет желілерге, ойындарға,  селфиге деген көзсіз әуестік уақыт өте келе кісіні жалған дүниенің шындықтарынан алыстататынын  мойындауымыз керек.

Хадис-шәрифте «Алла Тағаланың құлын сүймеуінің белгісі – оның мәләйәнимен, бос нәрселермен шұғылдануы» делінеді. «Мәләйәни» деген ұғым  қазақшаға аударғанда «бұл дүниеге де, ақыретке де, өзіне де, қоршаған ортасына да пайдасы жоқ бекер істер мен бос сөздер» деген мағынаға саяды. Дініміз «мәләйәниден» бас тартуды бұйырады. Барлық нәрседе орта жолды құптайтын дініміз қандай да болсын әрекетте шектен шығуды құптамайды. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демекші, заман ағымына сай жаңа мүмкіндіктерді өз орнымен қолдана білу қажет, әрине. Бірақ пайдасы мен зиянын ажыратуды ұмытпаған жөн.

Мүмкіндігінше басқалардан өзгеше селфи жасауға деген ұмтылыстың нәтижесі кейде қайғылы жағдайлармен аяқталып жатады. Биік ғимараттың немесе көпірдің үстінде селфи жасаймын деп құлап кеткендер, күзетшінің қаруымен автопортрет түсіремін деп өзін-өзі атып алған немесе көлік апатына ұшырағандарға қазір тіпті артық рет көңілімізді де босатпаймыз. Себебі де белгілі, мұндай жағдайлар жиіленіп бара жатыр. Ал, жиі естіген хабарға қанша ауыр болса да етің үйреніп кететіні анық. Қазір көптеген психологтар селфиді психологиялық аурулар қатарына қосып, қанша дабыл қаққанымен, селфи тасқынының ағысы бәсеңдер емес. Ал, мұның жалғасы немен тынарын уақыт көрсетер.

Дайындаған Жұмабекқызы Индира

____________________

* төртінші экран – ұялы телефон.

Бөлісу: