Жетпіс күнәнің бірі – жемқорлық

Жетпіс күнәнің бірі – жемқорлық

Мақалалар
Жарнама

Мұсылманшылық тек намаз оқу, ораза тұту емес екенін қазіргі таңда көпшілік жұрт біле бастады. Дін тек мешіт аумағымен шектелмейді. Ол өміріміздің барлық саласын қамтиды.

Мұсылман тек жайнамаз үстінде ғана мұсылман емес. Оның мұсылманшылығы адамдармен сөйлесуден бастап, барлық қоғамдық және әлеуметтік қарым-қатынасында сезілуі және көрініс табуы тиіс. Яғни мұсылманшылық адал да әділ қарым-қатынасқа негізделеді. Кісі ақысын жеу, біреудің ала жібін аттау күнә. Күнә болғанда да үлкені.

Үлкен күнә

Үлкен күнә дегеніміз не? Ең ауыры – Алла Тағалаға серік қосу. Сосын бұл тізім жазықсыз және бейкүнә адамды өлтіру, сиқыршылықпен айналысу, намаз оқымау, рамазанда ораза тұтпау, мал-дүниесі жете тұра зекет бермеу, қаражаты болса да қажылыққа бармау деп тізбектеліп кете береді. Ұзын саны жетпіске тарта.

Имам Құртубидің үлкен күнәға берген анықтамасында: «Құран аятында, пайғамбар сөзінде немесе ғұламалар ижмасында бір әрекетті үлкен немесе ауыр іс яки болмаса ол іс үшін ауыр жаза бары айтылса немесе ол істі жасаушыға жаза бар делінсе немесе қатаң айтылса, ол – үлкен күнә», – деп көрсетілген.

Тағы бір анықтамада: «Бір істі істеушіге лағынет (қарғыс) немесе азап яки болмаса тозақ бар деп айтылса, ол – үлкен күнә», – делінген. Үлкен күнәлардың қатарына жемқорлық та жатады.

Жетпіс үлкен күнәнің бірі – жемқорлық

Бақара сүресінің 188-аятында:

ولا تأكلوا أموالكم بينكم بالباطل وتدلوا بها إلى الحكام لتأكلوا فريقا من أموال الناس بالإثم وأنتم تعلمون

«Араларыңдағы малдарыңды (дүниені) бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ, біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар» деп айтылған.

Мұның мағынасы: «Би мен қазыларға мал-дүние ұсынбаңдар. Дүние беріп, олардың көңілін табуға, пара беріп, біле тұра өзгеге тиесілі мүлікті, игілікті қолды етпеңдер», – дегенді білдіреді.

Жемқорлық пен парақорлық Құранда харам және қылмыс іс ретінде көрсетілген. Маида сүресінің 42-аятында:

سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ

Яғни: «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер...», - деп айтылған. Бұл аят – пара алып, арам табыспен күнелтетін яһудилер жайында. Сонымен бірге, парақорлық хадиспен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзімен де тыйым етілген қылмыс.

Әбу Дәуід және Тирмизиде сахаба Абдулла бин Амрдың (р.а.)

لعن رسول الله الراشي والمرتشي

Мағынасы: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) пара берушіні және пара алушыны қарғыс еткен», - деген риуаяты бар.

Жемқорлықтың зардабын жеке адаммен қоса жалпы қоғам да тартады. Жемқорлықпен кім айналысады? Мал бағып қой артынан жүрген жан ба? Әлде, көкөніс сатып күнелткен саудагер ма? Көп жағдайда жемқорлықпен қолында құзырлы қызметі, белгілі бір билігі бар біреу айналысуы мүмкін. Жемқор мемлекеттің өзіне жүктеген қызметін құлқыны үшін пайдаланады. Нәтижеде «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, мемлекет мүлкін талан-таражға салады. Иттің ісін жасаған бейбақты ар-ождан мазаламайтыны мәлім. Өйткені, оның парақорлығы салдарынан көптеген адам зардап тартатынын біледі. Сөйте тұра, осындай қылмысқа барады.

Мәселен, жемқорлық жайлаған қоғамды елестетіп көріңізші. Қылмыскер жемқор сотқа пара беріп жазадан құтылса. Жемқор дәрігер қалтасы жұқа науқасты емдемей қойса. Мектеп директоры тек пара берген мұғалімді ғана жұмысқа қабылдаса. Құрылысшы бөлінген қаржынын біразын өз қалтасына жымқырса. Кеденші қомақты қаржы үшін ел ішіне беймәлім жүк тиелген көліктерді лек-легімен өткізіп жатса. Мұндай мемлекеттің болашағы бұлыңғыр емес пе?

Ал, енді жемқорлық атымен жоқ елді көз алдыңызға келтіріңіз. Бұл елде «көке, жәке» деген жүрмейді. Бай мен кедейге заң ортақ. Бұл елдің соты тек әділдікке жүгінеді. Кеденшісі ақшаға сатылмайтын адал. Барлығы заң бойынша. Мемлекеттен тасжол төсеймін, тұрғын үй саламын деп қаржы алған құрылысшы жоба бойынша жұмысын істеуде. Бөлінген қаржыдан шашау шығармай, кереметтей етіп мектеп пен ауруханалар көтеруде. Жылдар өтсе де, бұл әлеуметтік нысандар ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Бұл елдің тұрғыны әділдікке сенеді. Өз құқығы толықтай қорғалатынын біледі. Айтыңызшы, сіз және отбасыңыз қай мемлекетте өмір сүруді қалар етіңіз? Ендеше, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам болып жемқорлықтың тамырын ортамыздан жұлып тастайық.

Табиғин тағылымы

Пара қомақты және бағалы болуы шарт емес. Бір тиын болса да, ақысыз берілген болса ол пара. Имам Әбу Амр әл-Әузағи (Алла Тағала оған рақым етсін) Бейрутта өмір сүретін. Күндердің күні оған бір насаралық кісі көмек сұрап келді. Ол Бағлабакка әкімінің өзіне зұлымдық жасап жүргенін айтып, ғалымнан араға түсіп хат жазуына өтініп келген екен. Насаралық бір құмыра балын (әселін) да ала келген еді. Сонда табиғин-ғұлама әл-Әузағи (р.а.): қаласаң, құмыра балды өзіңе қайтарып, әкімге хат жазып, саған көмектесейін. Ал, егер қаласаң, әкелген құмыра балыңды алайын. Бірақ әкімге хат жазбаймын, - деп әкелген балының өзі пара екендігін ұқтырады.

Сөйтіп ғұлама Бағлабакка әкіміне бұл насаралықтың салығын жеңілдету жайлы хат жазып өтінеді. Насаралық құмыра балын алып, хатпен әкімге барды. Әкім де табиғин ғұламаның құрметіне насаралықтың салығынан 30 дирһамды алып тастаған көрінеді.

Әбу Дәуід сунанында Әбу Умамадан (р.а.):

مَن شفع شفاعةً لأحدٍ فأهدى له هديّةً عليها فقبلها فقد أتى بابًا عظيما من أبواب الربا

Яғни: «Кімде-кім бір кісі үшін араға түссе, сол үшін оған сыйлық берсе, ол қабыл етсе, өсімнің (параның) ең үлкенін істегені», - деген.

Қази мен биге қатысты

Қазиға (сотқа) дауласушының екеуінен немесе екеуінің бірінен сыйлық алуы харам болып табылады. Ал, дау мәселесімен қази алдына келмеген болса және ең жақын туысқаны немесе жора-жолдасы болса сондай-ақ, әуелден бір-біріне сыйлық жасау әдеттерінде болса оқасы жоқ.

Сыйлық беру немесе алу әдетінде болмаған болса, демек қазиға сыйлық алу дұрыс емес. Ең дұрысы дау мәселесіне қатысы жоқ кісі сыйлық беріп жатса, қазидың да оған сыйлық жасағаны жөн. Бұл әрекет сыйлықты қабылдау есігін ең көркем түрде жапқаны болады. Өйткені сыйлық – берушіні даңдайсытып, ал алушыны лажысыз кейбір жайттарға көз жұмып қарауына итермелейді.

Жақын туған-туыстан сыйлық алу бұған жатпайды. Өйткені туысқаннан дау мәселесі бойынша сыйлық алмайтыны белгілі. Бұл туысқандық қарым-қатынас болып саналады. Керісінше, туысқаннан сыйлық алмау туыстық қатынасты үзу болып табылады. Ал, туыстық байланысты үзу харам.

Ал, парақорлық Әбу Дәуідтің жеткізген

لعن رسول الله الراشي والمرتشي

«Алла елшісі (с.ғ.с.) пара берушіні және пара алушыны қарғыс еткен» деген хадисі негізінде ешбір даусыз харам іс болып саналады.

Қази (сот) бір істі пара алып төрелік етсе, сол іс бойынша әділ шешім шығарған болса дағы қазилығы өтпейді. Сондай-ақ, өзінің әділ сот ретіндегі мәртебесі де жойылады. Ал, егер параны қазидың баласы немесе хатшысы немесе кейбір көмекшілері алған болса және де олар параны тікелей қазидың тапсырмасымен алған болса, бұл қазидың өзі қолма-қол алғандай болып есептеледі. Бұл жағдайда да қазидың төрелігі заңсыз болып есептеледі. Ал, қази параны баласы немесе хатшысы яки көмекшілерінің бірі алғанынан бейхабар болса, оның шешімі заңды болады да, алынған параны кері қайтарып беруі тиіс.

Ибн Масуд (р.а.): «Харам табыс (сухт) – бауырыңның бір шаруасын бітіріп бергенің үшін, ол саған бір сый-сияпат жасаса, соны сенің алуың»,– деп түсіндірген.

Масруқ (р.а.) Ибн Зиядқа барып бір жәбірленуші үшін араға түседі. Ибн Зияд та жәбірленушінің ақысын қайтарып береді. Сонда риза болған жәбірленуші Масруққа бір қызметшіні сыйға тартады. Бірақ Масруқ: мен Ибн Масудтан (р.а.): «Кімде-кім мұсылман баласының дауын шешіп берсе, сол кісі аз болсын, көп болсын бір нәрсе берсе ол харам табыс (сухт) деген», - деп қабыл етпейді.

Сонда әлігі кісі: «Ей, Әбу Абдурахман (Масруқ)! Біз харам табыс деп тек пара алуды ойлаушы едік, - дейді. Масруқ: «Пара алу күпірлік қой, Алла одан бізді сақтасын!» – деген екен.

Ия, шариғатымызда харамның анықтамасы: Алла Тағала Құранда қатаң тыйым салған, оны істеуші күнәҺар. Харамды істейін деп тұрып райынан қайтқан адам сауап алады. Ал, харамның харамдығын мойындамайтын немесе менсінбейтін кісі кәпір, - деп айтылған.

Харам табыстан сақ болу әрбір мұсылман баласына парыз. Әрбір отағасы өз бала-шағасын тек адал табысымен асырауы қажет.

Жемқорлықсыз қоғам

Ал, имам Ахмед кітабында Саубан (р.а.) риуаят еткен хадисте:

لعن رسول الله الراشي والمرتشي والرائش

Яғни: «Алла елшісі (с.ғ.с.) пара берушіні, пара алушыны және пара алуға (екі адам арасында) дәнекер кісіні қарғыс еткен», - делінген.

Міне, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) параға қатысты үш адамның қарғысқа кіріптар болатындығын ескертуде. Беруші де, алушы да және екеуінің арасында шапқылап жүрген шабарман да лағынетке ортақ.

Ия, параны ұсынған да, оны шімірікпей алған да қылмыскер. Олар бұл әрекетіне қоғам алдында жауапты. Ең бастысы өз ар-намысы алдында кінәлі. Мемлекетімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шариғаттағыдай қатаң шаралар қолдануда. Бұл қылмысқа қатысты кез келген азаматты қатаң жазалау. Түрлі деңгейлерде жемқорлыққа қарсы іс-шаралар ұйымдастыру. Жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын өткізу. Жемқорлықты болдырмау үшін түрлі тәсілдерді енгізу. Бұл өз кезегінде оңды нәтиже беруде. Оған баршамыз куәміз. Алайда, жемқорлықпен күрестің ең тиімді тәсілі иман. Иман адамды қылмыстан тыюшы әрі ең үлкен бақылаушы.

Руслан Қамбаров

«Нұр Астана» орталық мешіті

сауат ашу бөлімінің директоры

Бөлісу: