Ұлт алаңдайтын мәселе

Ұлт алаңдайтын мәселе

Мақалалар
Жарнама

Бүгінгі таңда қоғамды да, ата-ананы да қыз бала тəрбиесі өте алаңдатады. Қазақ «қыз өссе - елдің көркі» деп бағалап, оның тəлім-тəрбиесіне  зор көңіл бөлген. Алайда, ақпарат кеңістігінде  қыз бала тағдыры жайлы жан түршігерлік əр түрлі  имандылыққа жат, өрескел оқиғалар көбеюде. Сол себепті, мұндай құлдыраушылыққа жалғыз тосқауыл -  ол қыз бала тəрбиесіне деген жауапкершілікті жан-жақты күшейту.

Қазіргідей заманауи технология дамыған, ғаламтор мен түрлі гаджеттерге қол жетімді уақытта «қызға қырық үйден тыйым…» салып тәрбиелеу өте қиын. «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, ата-ана алдында жасөспірім қыздар әлі бала көрінгенімен, әлеуметтік желілерде, ғаламтор ішінде балалыққа жанаспайтын тақырыптарды оқып, көріп, жазып жүрген болуы әбден мүмкін. Осыдан келе, оң жақта отырып-ақ балалы болу, аборт, тастанды сәби мәселелері туындайды. Ал, қызын әлі де бала көріп жүрген ата-ана неге душар болғанын, кінәні кімге артарын, кімді жауапқа тартарын білмей әлек болады. 

Ежелден ата-бабамыз «қыз баланы тəрбиелеу – ұлтты тəрбиелеу» деген ұстанымда болған. Сол себепті де қыз баланың тәрбиесіне ерте жасынан жіті мән берген. Бұл дүниеге шыр етіп келген соң, қыз бала ата-анасының көз қуанышы, өмірінің сәні. Құдіреті күшті Алла айтады: «мал мен балалар – дүние тіршілігінің сəні…» («Кəһф», 18:46).  Осы нағыз бақытыңызға ұзағынан сүйсінетіндей, қыз баланың инабатты, ибалы, ілтипатты болып өсуі үздіксіз, саналы тəрбиеге байланысты. Тіпті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) 2 немесе 3 қызы болып, оларға жақсы тәрбие беріп, құтты орнына қондырған кісімен жұмақта көрші боламын деп сүйіншілейді. Әнәс ибн Малик (Алла разы болсын) Алла Елшісінен (ﷺ) мына хадисті жеткізеді: «Кімде-кім екі не үш қызды немесе екі не үш қарындасын қамқорлығына алса,оған мұқтаж болмағанға дейін не ажалы жетіп қайтыс болғанға дейін, ол кісімен жаннатта мен дәл осындай күйде боламын» - деп, Алла Елшісі (ﷺ) сұқ саусағымен ортаңғы саусағын біріктірді[1]. Ибн Баттал (Алла оған рахым етсін) осы хадиске «Жәннатта Алла Елшісінің көршісі болудан биік мәртебе жоқ. Сол үшін де осы хадисті естіген жан қызыға амал етуі керек деп ойлаймын» деп түсініктеме береді.[2] Яғни, тұлымшағы желбіреген қаракөздеріміздің тәрбиесінің маңыздылығы сонша, оларға дұрыс тәлім берудің сыйы жұмақтың ең жоғарғы дәрежесінде, Пайғамбарымыздың (ﷺ) жанында болмақ.

Сондай-ақ, басқа бір хадисте махшар жерінде әйелден есеп алмас бұрын 4 ер адамнан есеп алынатыны жайлы айтылады. Олар: әкесі, ағасы, күйеуі және үлкен ұлы. Мұнан біз қыз бала жауапкершілігінің қаншалықты ауыр екенін және оған жан-жақтан қамқорлық пен жанашырлық көрсету керектігін байқаймыз. Қыз баласын кемсітпей, аялап, құрметтеп, мейірім төгіп жақсы көру асыл Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеті. Тіпті шариғатымыз әрбір әке үйге сый-сияпат әкелсе қыз баласынан бастап таратуды міндеттеген. Қызды кемсіту, ренжіту, кейіту яғни қыз назынан қорықпау Аллаға және ахирет күніне сенген кісілердің іс әрекетінен болмайды. Осы хадистерді ертеден білетін,  асыл Пайғамбардың (ﷺ) жолын бұлжытпай ұстанған қазақ халқы қыз бала тəрбиесіне ерекше мен берген. «Қыз бала – қонақ» деп сыйлап, төрден орын беріп, ақылмен еркелетіп, алтынның сынығына теңеп өсірген.  Дегенмен, бүгінгідей Раббысының емес, құлқынының құлы болуды әлдеқайда биік дәреже санайтын қоғамда, өкінішке орай аруларымызға тиісінше қамқор бола алмай отырмыз.

Өмір атты телегей теңіздің толқындарында адасып қалмасы үшін ата-ана тарапынан, қоғам тарапынан Алланың аманаты ретінде жіберілген аруларымызға қолдау көрсету, қамқор бола білу өте маңызды. Сондықтан, неғұрлым əлеуметтік желіден гөрі, анасы қызына жақын болып, жиі сырласып, жан жылуы мен ата-ана мейірімін, махаббатын сезініп өссе, онда ол қыз бойжеткенде көлденең келген көк аттының алдамшы уәдесі мен өткінші сезімдеріне еріп кете қоймас еді. Отбасының жылуына, ата-анасының мейіріміне қанып өскен қаракөз басқа ортаға түскенде де өзіне сенген ата-анасының жүзін жерге қаратарлық адымдарға бармас еді. Ата-аналар қыздарын қоғамда жайылған дерттерден түгелдей қорғай алмас, бірақ оларды өзін-өзі қорғай алатындай, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін нақты білетін ұстанымы берік, мінезі отырған, өз құнын білетін тұлға ретінде тәрбиелей алады. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді, ісмер, қылықты  болып өсуіне үнемі жағдай жасай алады. Сонда ғана ол бойжеткен күмәнді жерлерден бойын аулақ салып, соңы дүдәмал қарым-қатынастарға бара қоймасы анық.

Қорыта келе, бүгінгі қыз - болашақ жар,  аяулы ана,  асыл әже. ҚАЗАҚ қызының  тәрбиесі  бүкіл бір ұлттың тағдыры мен болашағы. Біз иманды да инабатты, тәрбиелі, көргенді қыз өсіру арқылы қазақы ұлттық құндылығымызды сақтаймыз.  Халқымызда «бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөз бар. Қыздарымыздың  бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді сіңірсек, халқының әдеп-салтын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, елі үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеген боламыз.

 Руслан Байзаков

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 _____________________

[1] Ахмад « Муснад» №12498

[2] Фатхул –Бари 10\536

Бөлісу: