Таңдаусыз берілген нығмет

Мақалалар
Жарнама

Ұлт – әр пенденің пешенесіне таңдаусыз бұйырған тағдыр тәлейі.

Алла Тағаланың өзі қасиетті Құранда «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық...» («Хұжурат» сүресі, 13-аят), - деп әркімнің ұлты мен ұлысының Алла тарапынан берілгенін тілге тиек етеді. Шынында, адам баласы бұл дүниеге келместен бұрын өзінің қай ұлттың өкілі болып, қай жерде туылатынын таңдай алмайды және өмір бойы Алла нәсіп қылған сол ұлттың өкілі саналады. Яғни, біздің ұлттық болмысымыз өзіміздің таңдауымыздан тыс, Құдай Тағаланың өзі берген зор нығметі. Асыл дінімізде әр азаматтың өзінің ұлттық құндылықтарын ұстануына, дәріптеуіне және қорғауына ешқандай қарсылық жоқ. Керісінше, өз ұлтының ғылым мен өркениетте көшбасшы болуына қызмет етудің өзі имандылықтың бір көрінісі ретінде бағаланады.

Пайғамбар ғалайһиссаламның хадистерінде де ұлттық  құндылықтарға көңіл бөлу жайында айтылады. Бір хадисте «Мұсылмандар нені жақсы деп санаса ол нәрсе Алланың алдында да жақсы, нені мұсылмандар жаман деп санаса ол Алла алдында да жаман...» делінеді. Ғалымдар бұл хадисте ұлттық дәстүр меңзелгенін айтады. Сонымен бірге, Әбу Ханифа мәзһабы бойынша ұлттық дәстүр үкім берудегі қайнарлардың бірі болып есептеледі.

Демек, ұлтжандылыққа, ұлтын сүюге дінімізде де шек қойылмаған.

Алайда, аяттың жалғасында «Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» деп адамдар арасында ұлт пен ұлысты желеу етіп бөлінушілікке барудан сақтандырады. Тағы бір аятта: «Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық…» деп әрбір істе өз арнасынан шықпауды дәріптесе, мына бір хадисте «Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен өкініште қалған» деп барлық істе, тіпті дүние мен ақыретті іреттеу нормасы болған дін ісінің өзінде де шектен шықпауға насихаттайды.

Мәшһүр хадистердің бірінде Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай өсиеті баяндалады:

«Арабтың араб еместен артықшылығы бар ма әлде араб еместің араб алдында артықшылығы бар ма? Немесе қара түстінің ақ түстінің алдында артықшылығы бар ма, әлде керісінше болады ма? Артықшылық тек – тақуалық пен жақсылықта ғана болады!». Демек, дінімізде ешбір ұлтқа бір ұлттың үстінен үстемдік жасауды, бір нәсілдің басқа нәсілден жоғары қоюды қаламайды. Бір руды келесі рудан артық қоймайды. Керісінше, барлығы тең. Артықшылығы тек құдайшылығында, тақуалығында.

Бүгінде кейбір бауырларымыз адамдар ортасындағы жекелік жанжалды немесе кіші-гірім келіспеушілікті пайдаланып, өзімізді зор өзгені қор санайтын тәкаппарлыққа жол беріп жатады. Әрние бір ұлттың еткен кеңбегі мен тарихи орынын бағалануға тиіс. Алайда, ел өзімдікі екен деп өзгелерге азар беру мұсылманшық сипатқа жатпайтынын да ескерген абзал.

Біздің ұлттық руханиятымызда да осындай сара жол, озық дәстүр бар. Кешегі Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деуі осының айқын айғағы. «Біреудің ала жібін аттама» дейтін жақсы тыйым бар. Бұл біздің халықтың мейлі кімге болмасын қиянат жасамауға шақыратын текті тәрбиесінің көрінісі. Тыйым заттық және рухани жақтарды бірдей қамтитынын ескерсек, бұл дегдар құндылық бүгінгі күнімізге аса қажетті екенін бағамдаймыз. 

Ұлы Дала төсінде мұсылманшылықтың үлгісі ұлттық болмысқа сіңіп, өмірлік ұстанымға айналған. Осы дегдарлығымызды сақтай білсек, тілімен де, қолымен де ешкімге зарар тигізбеген шын мұсылман, ешкімнің ала жібін аттамаған нағыз қазақ боларымыз айдан анық, күннен жарық ақиқат.

Асқар Мұқанов

«Нұр Астана» мешітінің бас имамы

Бөлісу: