Рамазан айы және жақсы әдет

Рамазан айы және жақсы әдет

Мақалалар
Жарнама

Жақсы мінез жақсы әдеттерден қалыптасады. Ғалымдар кей әрекеттерді күнделікті дағдыға, әдетке айналдыру үшін кем дегенде 21 күн үзбей қайталау керектігін айтады. Ал, әдетіміз мінезіміздің іргетасы екеніне келісесіз ғой. 

Жақсы әдеттермен қатар жүретін жаман әдеттер де бар. Қай-қайсысы болмасын біздің тұлға ретінде дамуымызға, қоғаммен араласуымызға, әлеуметтік рөлдерімізді дұрыс немесе бұрыс атқарумызға әсері зор. Кейде басқа нәрсе ойлап тұрсақ та бұрыннан әдетке айналған істі жаттанды түрде жасап жатқанымызды байқамай да қаламыз. Кей әдеттер бізге бала күнімізден, тәрбиемізбен сіңген болса, кейбірі уақытпен, өмір сүру салтымызға, ортамызға қарай сіңіп жатады. Есебі сұралатын уақытша өмірдің мәнісін түсінген әрбір саналы кісі өзінің мінезін кемелдендіріп, жаман әдеттерден бойын аулақ салуға тырысары белгілі.

Ақырет күні таразыда ауыр басатын амал – көркем мінез. Осылай насихаттаған ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) көркем мінезін тіпті азулы дұшпандары да мойындаған. Көркем мінез мұсылман адам үшін имандылықтың жаршысы. Бірде Алла Елшісіне (ﷺ) бір кісі келіп:

- Дін деген не? - деп сұрағанда:

- Ол – көркем мінез, ­- деп жауап қатады.

Басқа бір жерде де «іс-амалдардың қайсысы жақсы» деген сұраққа «көркем мінез» деп жауап қатқан екен. Олай болса ғибадат парыз болған әрбір ақыл иесі мінезін әсемдеуге ұмтылары  хақ. Ендеше айтуға қарапайым, бірақ жасауға келгенде оңайлықпен беріле қоймайтын әдептілік, ибалылық, ашу үстінде артық сөз айтпау сияқты мінезді көркем ететін қасиеттерді түгендеп, жоқ болса бірте-бірте сіңірген абзал.

Ал, қасиетті Рамазан айы жақсы әдеттерді қалыптастырып, бойымызды көркем мінезбен безендіруге таптырмас мүмкіндік. Себебі, бұл айда Алла Елшісі (ﷺ) бұйырғандай «шайтандар кісенделеді», демек адам өз еркімен және нәпсісімен бетпе-бет қалады. Сонымен бірге, күндіз ішіп-жеуден тыйылған кісі біршама уақытының босағанын байқайды, бұл да өз кезегінде жаңа әдет қалыптастыру үшін мүмкіндік.

Көптен бері жаттай алмай жүрген хадис немесе қысқа сүрелерді жаттау арқылы тұрақты рухани білім игеру әдетін қалыптастыру, бойыңызға сіңіре алмай жүрген басқа қандай да пайдалы, жақсы әдет, мысалы, қанша ашуға булығып немесе реніш кернеп тұрса да қарсыңыздағы кісіге сыпайы, салқынқанды жауап беру, өзіңізге қатысы жоқ әңгімеден бойыңызды аулақ салу, бөтен кісілерді өсектемеу, пайдасыз істермен шұғылданбау және тағы басқа көптеген  жақсы әдеттерді дағдыға айналдыру үшін таптырмас кезең.

Бір қарағанда маңызсыз көрінгенімен, күнделікті өмірімізде бізге қатысы жоқ қанша әңгімеге араласып, соның ішінде қанша «бауырымыздың етін жеп жатқанымызды» тіпті байқамаймыз. Кейде жасалып жатқан ескертуге «шындық қой, керек болса бетіне де айтамын» деп дөрекі жауап қататынымыз да болады. Ал, хадиске сүйенер болсақ, «бауырың туралы сыртынан ол ұнатпайтын түрде еске алып, айтуың» өсек яғни ғайбат сөз боп саналады. «Ал сондай сипат оның бойында болса ше?» – деген сұраққа Пайғамбарымыз (ﷺ): «Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан боласың», – деп жауап берген екен. Иә, кісінің бойында бар екені шындық болса да, кей қасиеттерін екеуара-үшеуара әңгіме ету ертеңгі күні есебі берілер ауыр амал. Мойнымызға жүк болатын әрі басқа кісілермен арамызға селкеу түсіретін мұндай амалдан арыла алсақ Алла Елшісі (ﷺ) өнегесімен көрсетіп кеткен көркем мінезге бір адым жақындаған боламыз.

Бос уақытымызда екі дүниеге де пайдасы жоқ істермен шұғылдану қазіргі күні қалай күніміздің едәуір бөлігін алып жататынын тіпті байқамаймыз. Мысалы, әлеуметтік желілерге соңғы жаңалықтарды оқиын немесе бір пост жаза қояйын деген оймен кіріп, екі сағаттан соң есіңізді бір-ақ  жиятын кезіңіз бола ма? Немесе осы сияқты түрлі гаджеттер ұсынатын қызықты әлемнің сиқырына арбалып біршама уақытыңыздың қалай зу етіп өте шыққанын байқамай да қалған кездеріңіз ше? Танымал табиғин Хасан әл-Басри «Алла Тағаланың пендеден бет бұрғанының белгісі, өзіне пайдасы жоқ іспен шұғылдандырып қоюы» десе, имам Шафиғи «ақыл үш нәрсемен арта түседі: ғалымдармен бірге отыру, салихалы адамдармен бірге отыру, өзіне қатысы болмаған сөзден арылу» деген екен.

Олай болса жақсы әдет қалыптьастыру үшін қажетті мына кеңестерді ескере жүріңіз:

  1. Алдымен нақты мақсаттарыңызды белгілеп алыңыз яғни кәдімгідей тізімін жасаңыз. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» демекші, жазғандарыңыз бір қарағаннан бар ынтаңызды басып тастайтындай тым ұзап кетпесін. Бір айдың ішінде тұрақты, тапжылмай қайталау арқылы әдетке айналдырып, мінезіңіздің бір қасиеті ретінде бойыңызға сіңіретін бірнеше дағдыны таңдап алу жеткілікті.
  2. Сонан соң игерілуі керек әдеттер немесе қасиеттер сізге неге қажет, не себепті дәл сол әдет/қасиет сіздің бойыңызда болуы керек, нәтижеге қол жеткізгенде қандай оң өзгерістер болады деген сияқты сұрақтарға жауап беріңіз. Бұл сұрақтардың жауабын жазып, көзіңіз көретін жерлерге іліп қойсаңыз немесе бірге алып жүрсеңіз де болады. Өйткені жігеріңіз әлсіреп, салыңыз суға кеткенде көмекке келетін бұлтартпас дәйек қол астында тұрғаны жақсы.
  3. Дұрыс бағытта келе жатқаныңызды қуаттай түсу үшін тізіміңізге енген әдет/қасиеттер жайлы жаңа, пайдалы, қызықты ақпараттар оқыңыз. Мысалы, өсек айту әдетінен арылуды мақсет еткен болсаңыз, оның зияндығы жайлы деректер оқыңыз, болмаса уақытты тиімді пайдалануға қатысты лайфхактарды қараңыз.
  4. Аз-аздан қалыптастыра бастаңыз. Бірден сіз ойлағандай нәтиже болмағанына өзіңізді іштей сөкпеңіз, ренжімеңіз. Азғантай жетістіктерге де қуаныңыз, риза болыңыз.
  5. Тұрақтылық. Еш қиналмастан, шынайы шығатын әрбір әрекетіміз, «жіліктеп, майын шағып берердей» кәнігі болып алған әрбір ісіміз жылдар бойы тұрақты қайталудың арқасында қалыптасқанын мойындау керек. Пайғамбарымыз (ﷺ) «Алла Тағалаға ең ұнамды амал аз болса да үздіксіз орындалатыны» деу арқылы игі істердің аз да болса тұрақты жасалуы үлкен нәтижелерге жеткізетінін меңзеп отыр.

Ендеше жылына бір келетін қасиетті Рамазан айында «мінезі Құран еді» деп Айша анамыз (р.а.) айтқандай «көркем мінезді кемеліне жеткізген» ардақты Пайғамбарымызға (ﷺ) ұқсап бағуды нәсіп етсін.

Индира Жұмабекқызы

Бөлісу: