Алла қайда?

Алла қайда?

Ақида
Жарнама

Көпшілікке мәлім күң әйелдің оқиғасы жөнінде бізге келіп жеткен хадистердің жиынтығы мудтариб (шайқалған) деген үкімді қабылдайды. Бұл хадис ғалымдарының шығарған термині. Мағынасы бір оқиғаға, бір уақытта, белгілі бір адамдар қатысса, бірақ ол жөнінде баяндаған деректердің мазмұны әртүрлі болса, мұндай деректердің дәлелдік күш-қуаты төмендеп, тұрақсыздыққа ұшырап, әлсіз үкімдегі хадистердің санатына қосылады. Сәйкесінше дін ілімінің ішіндегі ең маңыздысы мен негізгісі болған сенім іліміне дереккөз ретінде алынуға жарамсыз болып қалады. Өйткені мұсылманның сенімі анық әрі ашық, күмән мен шүбәдан таза, дереккөздік күш-қуаты жоғары, дәлелдік мазмұны пікірталас тудырмаған хабарға негізделуі тиіс. Ал керісінше болған жағдайда адамның сенімінен гөрі күмәні күшейіп, ілімінен гөрі надандығы артады. 

Күң әйелдің оқиғасын баяндаған хадистер осындай жағдайға тап болған хадистер. Ол оқиға 4 түрлі мазмұнда келеді:

1. Алла қайда? – Аспанда!

2. Раббың кім? – Алла!

3. Алла қайда? – аспанға қарай саусағымен меңзеді.

4. Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне куәлік бересің бе? – Иә!

Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл сұрақтарды қоюындағы мақсаты күң әйелдің мұсылман немесе кәпір екендігін анықтау болатын. Ал кез келген адам ислам дініне кіріп мұсылман атануы үшін кәлимә шәһәдәні жүрегімен қабылдап тілімімен айтуы арқылы жүзеге асады. Алайда мұсылман болғысы келген адамға «Алла қайда?» деген сұрақ қойылып, ол оған «аспанда» деп жауап беруі себепті мұсылман болады деген сөзді алдыңғы және соңғы ғалымдар да, тіпті есі дұрыс қарапайым момын да айтпайды.  Сол себепті, бүткіл әһлу сунна ғалымдарының бір ауыздан келіскен үкімдері аталмыш хадистердің барлығы үкімге яғни сенім үкіміне жарамайды. Ал алу керек болса, имам Мәликтен жеткен риуаят діннің негізіне сәйкес келгендіктен дәлелдер қатарына қосылады. Діннің негізіне сәйкес дегеніміз – адам дінге куәлік келтіріп қана кіре алса, хадистегі күң де өзінің мұсылман екенін куәлік келтіру арқылы дәлелдеді.

Ал қазіргі таңда дінбұзар надандар негізге қайшы, ақылға қонымсыз, ғалымдардың қара сөздеріне бөтен бір сенімді ұстанып, «Алла қайда?» деген сұрақ қоюға, оған «аспанда» деп жауап беруге болады деп жүр. Тіпті осы сұрақпен көрінгенге емтихан жасап, мекенді жаратқан мекенсіз Алланың затына лайықсыз ұғымды теліп, өзін де, өзгені де адастырып жүрген бірқатар азаматтар жетерлік.

Айтарымыз біз Пайғамбар (с.ғ.с.) жолынан, ғалымдардың мектебінен өзгені қабылдамаймыз. Діннің негізі болған сенімімізді әлсіз әрі қисынсыз алып-қашпа әңгімелерді айтып жүрген, ілімдері жоқ бейтаныс біреулердің сандырақтарымен лайлатқызбаймыз.

Нұрсұлтан Мамедалиев

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: