Мәзһабқа еру қажет пе?

Мәзһабқа еру қажет пе?

Ақида
Жарнама

Бүгінде еліміздің мұсылман азаматтары арасында мәзһабқа байланысты сұрақтар жиі көтеріледі. Бірі мәзһаб ұстану дұрыс деп айтып жатса, тағы бірі мәзһабты «бидғат» (дінге енген жаңалық) деп ойлайды.

«Мұсылманның мәзһабқа еруі қажет пе? Ешқайсысына қосылмай бейтарап бола алады ма? Мәзһаб ұстану не үшін қажет?» деген секілді сұрақтарға жауап беру үшін алдымен мәзһабтың не екенін, қоғамға не үшін керектігін ұғынып алу қажет.

Ислам дінінің өрісі кеңейіп, түрлі тайпа мен қауым өкілдері арасында тарала бастаған уақытта мұсылмандардың күн тәртібінде тың мәселелер туындай бастады. Мұхаммед пайғамбар мен халифалар дәуірінде мұсылмандар арасында ағымға бөліну орын алмады. Уақыт өте келе мұсылмандар түрлі ағымға бөліне бастады.  Жік-жікке бөліну Әлидің мұсылмандар халифі болған тұсында белең алды. Ислам дінінің таралуы араб түбегімен ғана шектелмеген еді. Ислам діні жеткен аймақтарда барлығы бірдей діни қағидаларды толық түсіне алмады. Дінді дұрыс түсіне алмауына байланысты саяси, әлеуметтік мәселелер мұсылмандардың ағымдарға бөлінуіне әкеп соқтырды. Умеялықтар қоғам арасында билікті тиімді жүргізе алмағандықтан, басқару жүйесінде кемшіліктер жіберу салдарынан ағымдар саны арта түсті. Сонымен қатар, Құранды түсіну ерекшеліктеріне байланысты да шариғи ауытқушылықтар бой көрсете бастады. Бір ғалымдар Құрандағы аяттардың сыртқы мағынасы бойынша түсінгендіктен захиритттер, ал ішкі астыртын мағынасымен түсініктеме бергендер батиниттер деп аталып кетті. Арабтарда және дінді енді қабылдаған ұлт пен ұлыстар арасында әсіре ұлтшылдық пен нәсілшілдік көрініс таба бастады. Сонымен қатар, түрлі саяси топтар билікке таласты. Мұсылмандардың кейбіріне философиялық ілім әсер етсе, басқасына  кертартпалық пен асыра сілтеушілік ықпалын тигізді.

Халифалық дәуір өткен соң көп ұзамай мұсылмандық төрт құқықтық мектеп құрылды.  Бұл құқықтық мектептер кейінірек «мәзһаб» деген атқа ие болып, күнделікті тұрмыстағы мұсылмандар арасындағы түрлі жағдайларды реттеп, ағымдардың алдын алуға бейімделе бастады.

Ислам дінінде мәзһаб ұғымы – фиқһтағы мәзһаб (құқықтық мектеп) және ақидадағы мәзһаб (сенімдегі мектеп) болып екі жақты қарастырылады. Сенімдегі екі мектеп матуриди мен ашʼари деп аталады, негізін қалағандар: Әбу Мансұр ибн Мұхаммед әл-Ханафи ас-Самарқанди әл-Матуриди және Әбу әл-Хасан Әли ибн Исмаʼил Ашʼари. Құқықтық төрт мектеп аббасидтер басқарған дәуірдің алғашқы жүз жылдығында пайда болды. Төрт мәзһабтың негізін қалағандар Әбу Ханифа, Малик ибн Әнас, Мұхаммад әш-Шафиʼи, Ахмад ибн Ханбал болды. Кейін мәзһабтардың атаулары, негіздерін қалаған ғұламалардың есімдерімен ханафи, малики, шафиʼи, ханбали деп аталып кетті.

Аталған мәзһабтардың ұстанымдары бір болғанымен, кейбір құқықтық мәселелерге қатысты айырмашылықтары бар. Ғалым кісі пәтуа бергенде әрбір үкімді дәлелге сүйеніп айтады. Бірақ бір ғалымның берген пәтуасына басқа ғалым келіспеуі мүмкін. Келіспеу деген сөз қарсы шығу дегенді білдірмейтінін де түсіну керек. Әрбір ғалымның өзінің дәлелі мен діни үкім шығару тәсілі бар. Сондықтан, исламда бір мәзһабтікі дұрыс, екіншісі бұрыс деуге болмайды.

Мәзһабтың не екенін дұрыс білу үшін алдымен мәзһаб туралы мағлұмат болу керек. «Мәзһаб» сөзі араб тіліндегі «зәһәбә» (бару) етістігінен шыққан, «жүрілген жол», «баратын жер», «бағыт» және «көзқарас» деген мағыналарды білдіреді. Шариғатқа негізделген арнайы тәсілдер мен ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын «мәзһаб» деп атайды. Сонымен қатар діни мәселелерге байланысты түрлі үкімдер беретін топты – мәзһаб деп атайды. Құран мен сүннетті негізге ала отырып қалыптасқан құқықтық мектептердің бар болуы мұсылмандар үшін аса маңызды.

Дегенмен еліміздегі мұсылмандар арасында «мәзһаб ұстану қате және бидғат деген көзқарастар орын алуда. Бұл орайда олар сахабалардың кезінде мәзһаб болмағанын алға тартады. Алайда, «төрт мәзһабқа дейін ешбір мәзһаб болмады» деген сөзбен ислам ғалымдары келіспейді. Олардың айтуынша мәзһаб ұстану сахабалар кезінде де болған, тек «мәзһаб» деген атқа ие болмады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) қасында үнемі жүріп, одан үлгі-өнегені бойына жақсы сіңірген сахабалар, кейбір жағдайларда жекелеген мәселелерде халық арасында пәтуа беру міндетін атқарды. Ондай сахабалар өзгелерге қарағанда Исламды тереңірек білген. Олар түсіну қабілеті, зейіні мен мінез-құлқының ерекшеліктері жағынан жан-жақты таңдалған адамдар, ұзақ уақыт бойы Мұхаммед пайғамбармен (с.ғ.с) замандас, дос болған адамдар еді. Мұсылмандар арасында қандай да бір сұрақтар туындап жатса, олар ең әуелі Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) барып үкімін сұрап отыратын. Ал Мәдинадан алыс жерде тұратындар болса, жергілікті ислами білімі терең сахабаға барып пәтуа сұрайтын. Үкім беруге лайықты деп саналған сахабалар қатарында Салман әл-Фариси, Әбу Сәғид әл-Хұдри, Үмму Салама, Әбу Хурайра, Әнас сынды тұлғалар болды. Уақыт өткен сайын сахабалар бірінен соң бірі дүниеден озып саны азайды. Дәл осы кездерде жалған оқымыстылар мен жалған пайғамбарлар көбейді. Түрлі мәселелерді ойдан шығарып, мұсылмандардың сенімін әлсіретуге тырысты.

Ханафи, малики, шафиʼи, ханбали мәзһабтарының пайда болып қалыптасуы ислам тарихында ерекше орынға ие болды. Мәзһабтар қоғамда ағымға бөліну, дінді бұрмалау мен үкімдерді өзгерту сияқты теріс құбылыстарға тосқауыл болды. Мұсылман қоғамы пайғамбар Мұхаммедтен (с.ғ.с) кейінгі төрт халифтік кезеңнен кейін бөлініп ыдырай бастаса, төрт мәзһаб кезеңінде біріге бастады. Дегенмен, төрт мәзһаб пайда болып, теріс ағымдардың саябырсуымен кейбір бұрыс сенім идеологиялары бүгінге дейін сақталып келді.

Мәзһабтардың әдістемесінде діни мәселелер «Муттафақун алайһ» (ортақ пікір) және «Мухталафун фиһ» (жеке пікірлер) деп аталатын екі тұрғыдан қарастырылады. Ортақ пікір дегеніміз – барлық ислам ғалымдарының нақты, бұлтартпас дәлелдерге негізделген ортақ тұжырымы. (мысалы, Алланың бір екендігі, соңғы пайғамбардың Мұхаммед екендігі, намаз, зекет, қажылықтың парыз екендігі сияқты мәселелердегі ортақ пікір). Мұсылмандардың ортақ пікіріне қарсы шыққан адамға шариғат бойынша: «Сенікі дұрыс емес, сен адасудасың», - деп айтуға болады. Ал жеке пікірлер дегеніміз бір пікірді ұстанатын ғалымның өзге пікірдегі ғалымға шариғат бойынша: «Сенікі дұрыс емес, тек қана менікі дұрыс, сен адасудасың», - деп айта алмайды, тек «Менің таңдағаным меніңше дұрысырақ», - деп қана айта алады. Осы орайда ханафи, малики, шафиʼи, ханбали мәзһабтары өз уақытында бірқатар теріс діни ағымдарға тосқауыл бола алған еді.

Ислам дінінде мәзһабты тек мужтахид ғалымның ғана ұстамауына болады. Бірақ белгілі бір мәзһабқа ергені көбірек құпталады. Мужтахид – бұл ижтихад тәсілдерін пайдалана алатын арнайы білімі бар ғалым. Ижтихад – бұл шариғаттың төрт негізі: Құран, сүннет, ижмаʼ (ғалымдардың бірауыздан келісуі) және қияс (Құран мен сүннеттің айқын дәлеліне сүйене отырып шешім қабылдау) шешім шығарудан тұрады. Ғалым адам мужтахид болу үшін Құранды толық білу, араб тілін мәдениеті мен тарихын, пайғамбар Мұхаммедтің және сахабалардың өмірін, фиқһ пен ақиданы жетік меңгеру сияқты тағы басқа қатаң талаптарға сай болу керек. Кез-келген ғалым мужтахид бола алмайды. Мужтахид дәрежесіне жету терең білім, үлкен еңбек пен қажырлылық қажет.

Мәзһаб жолы мен мәзһабсыздық ұстанымының айырмашылықтарының бірі – Құран мен сүннетті, шариғатты түсіну әдіс-тәсілдерінің әртүрлі болуында. Мәзһаб ұстанбайтындар Құран мен сүннетті оқығанда мағынаның анығына жетпей өз бетінше сөзбе-сөз түсінуге, ақыл-парасатты қолданбауға тырысады. Соның салдарынан ондай адамда діни мәселелерде теріс пікір қалыптасады. Жекелеген ғалымдардан басқа, өзге ғалымдарды мойындамайды. Өткен дәуірде жоғары білімді ғалымдардың, философтардың болмағанын және исламдық өркениеттің ғылымы мен мәдениетін жоққа шығарып, ғасырлар бойы көптеген әлемдік мұсылмандар қателескен деген пікір ұстанады. Мұхаммед пайғамбар кезіндегі мәзһаб болмаған деп, мәзһаб ұғымына, мәзһаб ұстанушыларға қарсы шығады. Олар көбіне әрқайсысы жеке-дара ақиқатты игереді. Бірақ негізінде, олардың әрекеттері тек қана мұсылмандардың ғасырлар бойы ұстанып келген мазхабтардың әдістеріне өзгертулер енгізу екенін аңғаруға болады.

Ислам әлеміндегі әйгілі тұлға Мұхаммед Ғазалидің: «Мәзһабтар – исламның теңдессіз мәдениеті һәм тіректері», – деп айтқан сөзі бар. Мәзһабтар бөлінуге емес, бірігуге бастайтын құқықтық мектептер болып табылады. Құран мен сүннетке негізделген ханафи, малики, шафиʼи және ханбали мәзһабтары мұсылмандар арасында береке-бірліктің орнауына, ішкі тұрақтылықтың сақталуына өзіндік септігін тигізген. Мәзһаб ғалымдары дін аясында қоғамның этникалық ерекшелігін, ділі мен жағдаятын, уақыт пен кеңістікке байланысты туындаған жайттарды ескере отырып, кейбір мәселелерге қатысты түрлі үкімдер шығарған. Мәзһабтардың қалыптасуы осындай қарапайым алғышарттарға ие болды. Егер кейбір мәселелер әртүрлі қоғамдарда бірегей шешімдерге ие болғанда, мұсылман үмбетінде көптеген қиындықтар туындар еді.

Дегенмен, қазіргі қоғамдағы мұсылмандар арасында мәзһабсыздықты қолдайтындар кездеседі. Мәзһаб ұстанбайтындардың пікірінше әр мұсылман шариғатты өзі оқып үйреніп алуы керек. Олар: «Әр адам араб тілін үйреніп алса болғаны, Құранды, сүннетті өз бетінше меңгере алады. Ешқандай мәзһабқа ермей, тек Құран және сүннетпен ғана жүру керек» деп айтады. Мәзһаб ұстанбаймын деген адамның мысалы – «математика, физика ілімдерін ғалымдардың ашып тапқан формулаларынсыз  өз бетінше үйреніп алуға болады» деген сияқты. Кезінде мұсылмандар қауымы ескі мәдениеттің ықпалынан шыға алмай, тылсымды таңуда бір-бірімен тартысып, түрлі наным-сенімдерге еліктеп, діннің ұғынылуын дұрыс түсінбеу салдарынан исламда түрлі ағымдар пайда болғаны белгілі. Құран мен сүннетті әр адам өз бетінше оқып өзінше түсіне берсе, жеке пікірлердің көптігінен қоғам арасында алауыздық орнайтыны анық.

Ортағасырларда Орта Азиядан көптеген ханафи мәзһабының көрнекті өкілдері шықты. Атап айтар болсақ, Қарақан дәуірінде ханафи мәзһәбінің теория методологиясын жетілдірген имам Дабуси, ас-Сарахси, Бәздауи, ханафи мәзһабының үкімдерін кодификациялаған Имам Маргинани, сондай-ақ, ханафи мәзһабының доктринасын жүйелеген имам Матуриди, Омар Нәсафи т.б. ғұламалар өмір сүрді. Алтын Орда дәуірінде имам Тафтазани, имам әл-Баззази, Қауамиддин Итқани т.б. ханафи мәзһабының жарық жұлдыздары өмір сүрді. Қазақ хандығы дәуірінде қабылданған заңнамаларымыз да ханафи мәзһабына сай дамыды. Мәселен, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз-Тәукенің Жеті жарғы заңнамалары бойынша қазақтың би-шешендері даулы мәселелерді шешкенде ханафи мәзһабындағы хилай-шария (сот преценденті) қағидасына сай даналықпен үкім беріп отырды. Әсіресе, Жеті жарғыда ханафи мәзһабына сай сахих ғұрыптармен өмір сүруге үндейтін құқықтық нормаларға көбірек орын берілді. Қазақ халқының ханафи мәзһабын берік ұстанғанын ХІХ ғасырда өмір сүрген Хакім Абай, Ы.Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Науан Хазірет, Ш.Қосшығұлов, Ш.Құдайбердиев, т.б. дін қайраткерлерінің еңбектерінен айқын аңғара аламыз.

Бүгінгі тәуелсіз қазақ елі үшін де бабалар сорабы – ханафи мәзһабы асыл бергек, алтын діңкек болып қала береді. Өйткені, Алаш баласын рухани біртұтастыққа ұйыстырушы күш – ханафи мәзһабының құндылықтары. Бізге бұдан басқа жол адал емес. Ел болып қаламыз десек, тарихи тамырдан ажырамауға тиіспіз.

Берікбол Жанақ,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: