Адамдар мен періштелерді дәреже тұрғысынан салыстыру

Адамдар мен періштелерді дәреже тұрғысынан салыстыру

Ақида
Жарнама

Адамдар періштелер секілді нұрдан жаратылмаған, қанаттары да жоқ, әрі олар секілді алапат күш пен жылдамдық иесі де емес. Мәселе солай бола тұра, адамдар дәреже тұрғысынан салыстырғанда, періштелерден әлдеқайда жоғары.

1. Адамдар арасынан шыққан пайғамбарлардың дәрежесі періштелердің пайғамбарларынан жоғары. Алла Тағала адамдар арасынан пайғамбар шығарғаны секілді, періштелер арасынан да пайғамбарлар сайлаған: «Алла періштелерден де, адамдардан да елшілер белгіледі. Шәксіз Алла әр нәрсені аса естуші, тым көруші» (22.Хаж-75). Ислами тақырыптағы еңбектердегі деректерге жүгінсек, ғұламаларымыз төрт үлкен періштені өзге періштелердің пайғамбарлары деп бөліп қарастырады.

Мұнымен қатар, Алла Тағала адамдарға «Халифа» ұғымын қолданып, (қараңыз:2.Бақара-30) періштелерден жоғары екендігін айқын білдіреді.

2. Алла Тағала Адам атаны жаратқан соң бүкіл періште атаулыға оған сәжде етулерін бұйырды және күллі періште Адамға сәжде етті (2.Бақара-34). Әлбетте, бұл да адам баласының періштелерге қарағанда дәрежесінің әлдеқайда жоғары екендігін тайға таңба басқандай дәлелдеп тұр. Егер періште адамнан жоғары болғанда адамға әсте сәжде етпеген болар еді. Ал дәрежесі төменнің дәрежесі үлкенге тағзым ететіндігі бесенеден белгілі жайт.

3. Адам ата Алла Тағаланың өзіне берген қабілет‑қарымы мен зеректігінің арқасында періштелерге қарағанда көп нәрсенің ақиқатына молынан қанық болатын. Себебі, Алла Тағала заттардың атауын періштелерден сұрағанда олар атай алмай, Адам атаның айтып беретіні белгілі (қараңыз: 2.Бақара-31-33). Бұл да білген мен білмегеннің бір деңгейде емес екендігін аңғартады.

4. Періштелердің ең ұлығы Жәбірейл (а.с.) Алла Тағала мен Оның пайғамбарлары арасында елшілік қызметті атқарған. Елшілікке барған кісінің өзі баратын кісіден дәрежесі жоғары болмасы белгілі. Олай болса, мұнда да пайғамбарлар, дәреже тұрғысынан алғанда, періштелерден әлдеқайда жоғары болып тұр деген сөз.

5. Періштелердің ең ұлығы Жәбірейл (а.с.) Миғраж түні Хазіреті Пайғамбарымызды көкке алып шығады да, Сидрәтул-мунтаха деген жерге келгенде Пайғамбарымызға: «Мен мына жерден ары өте алмаймын. Егер бір қадам аттасам, күл болып кетемін. Ары қарай өзің барасың», - дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса одан ары өзі көтеріліп, Алла Тағаламен перде арқылы дидарласады. Адамның көтерілген жеріне періштенің жете алмауы да, соңғысының дәрежесінің төмен екендігінің бірден‑бір айғағы.

6. Ұлық періштелердің пайғамбар емес қарапайым қатардағы пенделерден дәрежесі жоғары болмақ.

7. Тақуалар мен шейіттер, ізгі амал істеуші пенделер жай қатардағы періштелерден дәреже тұрғысынан жоғары тұрады.

8. Ал сол қатардағы жай періштелердің дәрежесі – адамдар арасындағы күнәһар, кәпір, мунафиқ, фасық секілді пенделердің дәрежесінен әлдеқайда жоғары болары сөзсіз.

9. Періште Жаратушыны көріп иман еткен болса, адам Алла Тағаланы көрмей иман етті. Иманның ең жоғарғысы - ғайыпқа, яғни көзге көрінбейтін нәрсеге сену. Олай болса, адам имани дәреже тұрғысынан да періштеден жоғары екендігі шүбесіз.

материал «Ислам негіздері» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: