Әлемнің жаратылғандығы мен Алланың бар екендігі

Әлемнің жаратылғандығы мен Алланың бар екендігі

Ақида
Жарнама

Араб тіліндегі әлем сөзі – Алладан басқа барлық болмыстың ортақ атауы. Әлемдегі жаратылыс атаулы ағян (субстанция) және ағраз (акциденция) болып екі түрге бөлінеді. Ағян деп – бар болуы басқа нәрселерге тәуелсіз заттарды, ал ағраз деп – басқа бір затқа сүйену арқылы ғана өзінің бар екендігін көрсететін, сол орынға тәуелділіксіз елестету мүмкін емес нәрселерді айтамыз.

Ғайн (ағян) – муфрад (жеке) және мураккаб болып екіге бөлінеді. «Муфрадты» жауһар (атом) деп те атайды. Ол – бөлінбейтін ең кішкентай бөлшек. Ал «мураккаб» – жисім деп те аталады. Ең кішкентай дене екі жауһардан тұрады. Кейбір ислам философтары мен мұғтазилиттер осы ең кішкентай бөлшектің бар екендігін жоққа шығарады. Бұл – қате тұжырым. Өйткені, бұл өз кезегінде тарының дәнін құрайтын бөлшектер мен тауды құрайтын бөлшектердің бірдей болуын қажет етеді. Ал олардың тұжырымы бойынша, кішірейе бөлшектенудің шегі жоқ (шегі болмау – жоқтықты білдіреді). Алла барлық нәрсеге құдыретті, бөлшектерді біріктіріп, затты құраушы да – жалғыз Ол ғана. Демек, ең кішкентай бөлшекті де ары қарай бөлшектеуге Алланың құдіреті жететіндігі сөзсіз. «Оны шексіз бөлуге құдіреті жетпейді» деу Алланы қауқарсыз, шарасыз деп санағандық болады. Ал ең кішкентай бөлшекті ары қарай бөлуге Алла құдіретті деп білсеңіз, ең кішкентай бөлшектің бар екендігі айқындалады.

Кейбір риязиятшылардың ойынша жисім (физикалық дене) – ұзындығы, ені, көлемі бар үш қабаттан (үш жәуһар) тұратын нәрсе. Біздің көзқарасымыз бойынша екі жауһардың бірігуінен тұратын нәрсені жисім деп атауға болады. Өйткені ұқсас көлемдегі екі жисімнің біреуіне бір жауһар қосылса, екіншісінен көлемдірек болады.

Демек, белгілі бір көлемге ие болып, дене (жисім) деп аталуы үшін, бір жауһарға екінші бір жауһардың қосылуы қажет. Олай болса, жисім – екі немесе одан да көп жауһардан (атомнан) құралған немесе бірігуінен пайда болған зат.

Ағраз (акциденция) – тілдік тұрғыда «тұрақсыз» деген мағынаны білдіреді. Анықтамасы: Бар болуы басқа нәрсеге тәуелді, тұрақсыз нәрсе. Мұның отыз неше түрі бар. Заттың реңі, түсі, қозғалыс, тыныштық күйі, иіс, дәм, дауыс, күш-құдірет пен қалау еркі т.б. осы ағраз категориясына жатады.

Дәһрия, сәнауия және кейбір мұғтазилиттер ағраздардың заттан бөлек түсінік екендігін жоққа шығарады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Мысалы ағармаған қара шаш бір күні ағарғанда «бұл – бұрынғысындай қара шаш» деп айтуға келмейді. Ақ пен қара екі басқа нәрсе екендігі анық. Егер осы түс заттың өзіне байланысты болса, зат жоғалмайынша, қара түс те жоғалмауы керек еді. Осыған қарап, өзгеріске ұшыраудың заттың тысында жүзеге асатын құбылыс екендігін білуге болады.

Қадим деп – бар болуының бастауы жоқ, хадис деп – бұрын болмаған, кейіннен пайда болған нәрсені айтамыз. Демек ағяндардың ағраздардан бөлек болуы мүмкін емес. Ал ағраздар хадис болып есептеледі. Өйткені, жауһарлар бірлескен немесе бірбірінен бөлек күйде де кездеседі (бірігу де, бөліну де бір ағраз болып есептеледі).

Сондай-ақ, бар болған зат не қозғалыста, не тыныш (қозғалыссыздық) күйде болады. Қозғалыссыздық – екі түрлі күйдің бір орында тұруы. Ал қозғалыс – екі түрлі орында екі түрлі күйдің орын алуы. Ал қозғалыссыздықтың хадис  (кейіннен жаратылған) екендігіне келсек, хадис екендігі сезім мүшелері және көру арқылы анықталады.

Ал қозғалыссыздықтың (тыныш) хадис екендігіне келсек, ол қозғалыс арқылы жойылады. Демек жойылған нәрсе хадис деген сөз. Өйткені қадим ешқашан жойылмайды. Ағяндар мен ағраздар бір-бірінен бөлінбейтіндігіне, ағраздардың хадис екендігіне қарайтын болсақ, ағяндардың ағраздардан бұрын (қадим) бар болуы мүмкін емес. Өйткені, ағяндардың хадистерден бұрын бар болуы олардың бір-біріненажырайтындығын көрсетеді.  Ағраздардың қадим болмайтындығы туралы «иститаға» (күш-қуат, шама-шарқ) тақырыбында тағы тоқталатын боламыз. Демек, хадистерден бұрын болуы мүмкін емес әрбір нәрсе жаратылыстармен қатар келетіндіктен өзі де хадис болып есептеледі.

Кейіннен жаратылған кез келген нәрсенің болмысы жоқтықтан кейін орын алады. Бұрын жоқ болған нәрсенің өздігінен пайда болуы мүмкін емес. Мұндай нәрсенің бар болуы мен жоқ болуы логикалық тұрғыдан тең дәрежеде. Олай болса, (осы бар болу мен жоқ болу секілді) екі ықтималдықтың біреуін таңдайтын бір таңдаушыға қажеттілік туындайды. Бұл таңдаушының бар болуы ықтималды емес бар болуы міндетті болуы керек. Егер осы Жаратушының бар болуы ықтималды болса, ол екінші бір күшке, ал ол үшіншісіне тәуелді болар еді. Осылайша шексіз тізбектеліп кете береді. Әрине, бұл мүмкін емес. Яки, жаратылуы өздігінен саналатын бір күшке барып тіреледі. Міне, Ол – Ұлы Жаратушы. Оның бар болуы өздігінен әрі міндетті (яғни жоқ болуы мүмкін емес) саналғандықтан ол – қадим. Өйткені, оның бар болуы басқа бір нәрсеге мұқтаж емес. Ол – өздігінен бар. Заты ежелден әрі мәңгі, оның жоқ болуы мүмкін емес.

Қорыта келгенде, Алла Тағаланы «жауһар», «жисім» немесе «ағраз» деп атау – қате. «Әлемнің бастауы жоқ, мәңгі және жаратушы жоқ» деп санайтын материалистік философиялық бағыт. Жақсылықтың жаратушысы – нұр, жамандықтың жаратушысы – қараңғылық деп санап, екі тәңірге сенушілер. Олардың ішінде реенкарнацияға сенушілер де бар.

Өйткені, бұл атаулардың мағынасын Алла Тағалаға телу мүмкін емес. Сондықтан бұл атауларды «Аллаға қатысты тікелей мағынада емес, ауыспалы мағынада қолданамыз деу» қате түсінік. Себебі, бір атау шынайы мағынасынан тыс тек астарлы мағынада ғана қолданылады. Қолданылатын астарлы мағына мен заттың шынайы бейнесінде өзара ұқстастық болуы қажет. Ал Алла мен жаратылыс арасында ешқандай ұқсастық жоқ.

Демек, жоғарыда аталған атаулардың ешқайсысы шынайы немесе астарлы мағынада Алла Тағалаға қатысты қолданылмайды. Жетістік бір Алладан!

материал «Матуридия» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: