Адам баласы не себепті өлімді жек көреді?

Адам баласы не себепті өлімді жек көреді?

Ақида
Жарнама

Өлім келіп, жан шығуға таяғанда адам баласы бұл дүниені қимайды. Тіпті онда әлі де қала тұруды армандайды. Бұл сәтті Алла тағала Құранда: «Қашан олардың біріне өлім келгенде, ол: «Раббым! Мені артқа (дүниеге) қайтарыңдаршы. Қалдырған нәрсемде (дүниеде) ізгі амал істейін»,—дейді. Олай емес! Негізінде, бұл—ол айтатын бір сөз ғана. Олардың алдында олар қайта тірілтілетін күнге дейін барзах бар», – деп әңгімелейді.

Әйтсе де мүмін пенде бойынан жаны шығар кезде Алламен жолығуға асығып, тағатсызданады екен. Айша (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кім Алламен жолығуды қаласа, Алла онымен жолығуды қалайды. Ал кім Алламен жолығуды қаламаса, Алла да онымен жолығуды қаламайды», – деген.

Мұны естіген Айша (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымызға (с.а.с.): «Шын мәнінде, біз өлімді жек көреміз», – дейді. Пайғамбар (с.а.с.): «Олай емес! Бірақ мүмінге өлім келсе, Алла тарабынан разылық және сый-құрметпен сүйіншіленеді де, ол үшін алдындағыдан (өлімнен) сүйікті ештеңе болмайды. Сөйтіп, ол Алламен жолығуды қалайды. Алла да онымен жолығуды қалайды», – деген.

Осылайша, мүмін адам Алланың өзіне әзірлеген сый-құрметіне ұмтылып, жанының тез шыққанын қалайды. Сондай-ақ Алла тағала да пендесінің ықыласына қарай онымен жолығуды қалайды.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) сөзін әрі қарай жалғастырып: «Ал кәпірге (өлім) келсе, Алланың азабы және жазасымен хабардар етіледі де, оған алдындағыдан жеккөрінішті ештеңе болмайды. Сөйтіп, ол Алламен жолығуды қаламайды, Алла да онымен жолығуды қаламайды», – деген.

Сондай-ақ тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жаназа оқылып, (табытты) еркектер желкесіне көтерген кезде (рух) ізгі болса: «Мені алып барыңдар», – дейді. Ал ізгі болмаса, өзінің туыстарына: «Соры құрысын, оны қайда апара жатырсыңдар?» – дейді. Оның дауысын адамзаттан басқаның барлығы естиді. Егер адам естігенде, есінен танар еді», – деген.

Умәуилер халифасы Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик деген кісі жайлы мына бір хикая әңгімеленеді:

Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик қажылық кезінде Мәдинаға келгенде, табиғиндер сапына жататын бір адаммен жолығысуды қалап, ондағылардан: «Осында бірнеше сахабаның көзін көрген, пайым-парасаты жоғары бір адам бар ма?» – деп сұрайды. Адамдар: «Иә, Әбу Хазим деген бір кісіні білеміз», – деп жауап береді. Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик оған адам жіберіп, құзырына алдырады. Әлгі табиғин келген кезде, Сүлеймен оған: «Ей, Әбу Хазим! Неге біз өлімді жек көреміз?» – деп сұрайды. Әбу Хазим: «Сендер дүниені көркейттіңдер! Ал Ақыретті бұздыңдар! Енді көркем мекеннен ойрандалған жерге шыққыларың келмейді», – деп жауап береді. Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик: «Рас айттың!» – дейді. Сосын: «Бізді Алланың алдында не күтіп тұр?» – деп сұрайды Сүлеймен. Табиғин: «Амалдарыңды Алланың кітабына жүгіндір!» – дейді2. Сүлеймен: «Оны қай жерінен табамын?» – дейді. Сонда табиғин: «Алла тағаланың «Шын мәнінде, ізгілер, әлбетте, нығмет ішінде болады. Негізінде, бұзықтар тозақта болады» деген сөзінен», – дейді. «Алланың рақымы қайда?» – деп сұрайды Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик. Әбу Хазим: «Алланың рақымы игілік істеушілерге бек жақын», – деп жауап береді. Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик тағы да: «Ертең Алланың алдына қалай барамыз?» – деп сұрайды. Әбу Хазим: «Игі кісі алыс бір жерден өз отбасына келе жатқан адам сияқты болса, жаман адам қожайынынан қашқан құл сияқты болады», –дегенде, Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик көңілі босап, дауыстап жылап жібереді. Сосын әлгі табиғиннен: «Маған өсиет айт!» – деп сұранады. Сонда Әбу Хазим: «Алла тағаланың тыйым салған істерін жасаушылардан емес, бұйырғанын істейтіндерден бол!» – депті.

материал «Ақырет өткелдері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: