Сәләфизм мен Мәтуриди мәзхабы арасындағы айырмашылықтар

Сәләфизм мен Мәтуриди мәзхабы арасындағы айырмашылықтар

Ақида
Жарнама

Сәләфизм бағыты мен Мәтуриди ақида мектебінің арасындағы ақидаға қатысты айырмашылықтардың кейбірі төмендегідей:

1. Алла Тағалаға мекен беру

Мәтуриди мәзхабында: Аллаға ешқандай мекен, ешбір тұс, қандай да болмасын тарап берілмейді. Бұлардың бәрі жаратылыстарға тән құбылыстар. Ондай құбылысты Жаратушыға жапсарластыру – Құдайды жаратылғандарға ұқсатқан болып табылады. Ал, Алла Тағала Құранда: «Оған ешнәрсе ұқсамайды», - дейді.

Сәләфизм ағымында: Алла Тағала – аспанда. Алла Тағаланың өзіне сай тарапы бар. Ол – барлық жаратылыстың үстінде, жоғарыда. Сәләфиттердің осы заманғы көсемі Ибн Бәз былай дейді: «Алла Тағала арштың үстінде, жоғарғы тұста. Барлық жаратылыстардың үстінде...».

Ибн Бәз тағы бір сӛзінде былай дейді: «Алла Тағаланың (орналасқан) тарапын тек өзі ғана біледі. Өйткені, жаратылыстардың оны білуге саналары жетпейді... Оған тиесілі тарапты адамдар білмейді. Тек, Алла Тағала ғана біледі...».

2. Құран Кәрім жайында

Мәтуриди мәзхабында: Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі. Ол – жаратылмаған. Бірақ, қағаз бетіне жазылған әріптер, арапша дыбысталуы, сиясы, қағазы т.б. кӛзге кӛрініп, қолға ұсталатын материалдары – жаратылған.

Алла Тағаланың сөйлеуі – дыбыстардан, әріптерден құралмайды.

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді: Құран – Алланың сөзі және (ол) жаратылмаған. Ол Алланың уахиы, (Мұхаммедке ғ.с.) түсірген (кітабы)... Ол (Алланың сөзі) – қағазға (әріптер арқылы) жазылған, тілдерде (әріптермен дыбысталып) оқылған, көкейде сақтаулы, бірақ оларға енбеген. Сия, қағаз, жазу адамның істері болғандықтан, олардың бәрі жаратылған...».

Сәләфизм ағымында: Құран Кәрім – Алланың сөзі. Алла тарапынан түскен және мағыналарымен қоса әріптері де жаратылмаған. Кім Құранды жаратылған деп есептесе, кәпір болғаны. Әріптері жағынан да, мағынасы жағынан да Алланың сөзі ретінде саналады. Алла сол арқылы сӛйледі.

Жебірейіл періште оны естіп, Мұхаммед пайғамбарға жеткізді. Құран әріптерімен қоса және мағыналарымен қоса «Лаухул Махфузда» бар (АбдулЪазиз ибн Абдулла ибн Бәз).

3. Алланың кәләм сипаты

Мәтуриди мәзхабында: Алланың кәләм-сөйлеуші сипаты – өзінен ажырамас, әзәли, мәңгі сипаты болып табылады. Алланың сөйлеуі әріптерден және дыбыстардан құралмаған. Сондай-ақ, бөлшектеніп, бөлімдерге бөлінбейді. Өйткені, әріптер мен дыбыстар жаратылған. Алла тағалаға кейіннен жаратылатын құбылыстар тән емес.

Сәләфизм ағымында: Алла Тағаланың кәләм-сөйлеуші сипаты бары рас. Бірақ, Оның сөйлеуі өзінің ұлықтығына сай әріптен және дыбыстан тұрады.

4. «Истиуә» мәселесі

Мәтуриди мәзхабы: Имам Мәтуриди былай дейді: «...Аяттағы «истиуә» сӛзінің астарында Алла Тағала нені көздеп тұрған болса, біз соған иман етеміз. Тура осы секілді, «Алланың (қияметте) көрінуі» және т.б. соған ұқсас тақырыптарда айтылған Иләһи сөздерге (мағына беретін кезде) Алланы жаратылыстарға ұқсатудан (тәшбиһтен) аулақ болуымыз керек. Және (ондай аяттарды түсіндіргенде) «оның мағынасы мынадай» деп кесіп айтпастан, астарында Алла нені көздеп, мақсат етіп тұрған болса, соған иман етуіміз тиіс».

Сәләфизм ағымында: Ибн Бәз былай дейді: «Истиуә» - Алла Тағаланың өзінің ұлықтығына сай Арштан жоғарғы жағына биіктеуі (әл-Ъулу) және көтерілуі (иртифаъ) деген мағынада. Бұның «Қалай екендігін?» тек өзі ғана біледі».

5. Құран мен хадистерде кездесетін мүтәшәбих (ауыспалы мағынасы бар) сөздер

Мәтуриди мәзхабында: Мүтәшәбих аяттарға қатысты Имам Мәтуриди былай деп кетеді: «...«Алланың көрінуі» т.б. соған ұқсас мәселелерге қатысты Құранда келген аяттарды түсінетін кезде, «тәшбих» жасамау (жаратылыстарға ұқсатпау) ләзім. Және оның мағынасы мынадай деп кесіп айтпастан, ондағы Алла Тағала нені мақсат еткен болса, соған иман ету керек».

Сәләфизм ағымында: Сәләфтар Құран аяттары мен хадистерде кездесетін «қол», «аяқ», «көз», «балтыр», «саусақтар» т.б. мүтәшәбих (ауыспалы мағынасы бар) сөздерді сөзбе-сөз қабылдап, тікелей мағынада түсіндіреді. Мысалы, Ибн Бәздан шәкірттерінің бірі Алла Тағаланың "саусағына" қатысты айтылған хадис жайында: «Хадистегі айтылған "саусақ" сандық тұрғыда ма? Яғни, Саусақтары бесеу ме?» - деп сұрайды. Сонда Ибн

Бәз: «Иә! Неге десеңіз, "саусақтары" барлық жаратылысты қапсыра ұстап тұр», - дей келе, Алла Тағаланың да адамдардікіне ұқсас «бес саусағының» бар екендігін айтқан. "Мәсәилу әл-Имами Ибн Бәз"

6. Намаз оқымаған адамның үкімі

Мәтуриди мәзхабында: Өзін Алланың құлы, Мұхаммедтің (ғ.с.) үмбеті деп санап, мұсылмандығын жасырмай жүрген адам, намаз, ораза, зекет сияқты дін бұйрықтарын орындамағаны үшін, Алланың алдында жауапқа тартылатыны анық, алайда олар кәпір емес. Ханафи мәзхабында, намазды тастап қойған мұсылман тұтқындалып, қайта намазды бастағанға дейін қамауға алынады.

Сәләфизм ағымында: Сәләфилер намаз оқымаған адамды кәпір деп есептейді. Намазды тастап қойған адам, діннен шығып, кәпір болады. Әйелімен арасындағы некесі бұзылады. Оның сойған малы адал емес. Өлсе, мұсылманның қабіріне кӛмілмейді.

7. Пайғамбарлық және мұғжиза

Мәтуриди мәзхабында: Пайғамбардың пайғамбарлығы оның кӛрсеткен мұғжизасымен дәлелденеді.

Сәләфизм ағымында: Пайғамбардың пайғамбарлығы мұғжизамен дәлелденуі шарт емес.

8. Алла Тағаланың ақыретте көрінуі

Мәтуриди мәзхабында: Жәннәт жұртшылығына Алла Тағаланың көрінетіндігі шындық. Бірақ, кескін-кейіпсіз (билә кәйфия), еш нәрсеге ұқсамайтын күйі және бағытсыз көрінеді (яғни, оң жақта, сол жақта, үстінде, астында деген сияқты бағытта емес).

Сәләфизм ағымында: Алла Тағаланың жәннәттағыларға көрінері хақ. Бірақ, белгілі бағытта көрінеді. Дәлірек айтқанда, Алла Тағаланы жоғарғы жақта көреміз. Хадистерде «көріледі» делінген. Ал, көрінетін зат белгілі тұста болуы тиіс.

9. Иман – жүрекпен растау

Мәтуриди мәзхабында: Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен нану (растау, құптау, яғни «тасдиқ»).

Сәләфизм ағымында: Сөздік тұрғыда «иман» басқа, «тастиқ» басқа «Иман ету» сөзі көбіне ғайбқа қатысты мәселелерде қолданады. Сондай-ақ, иман – жүрекпен сеніп, тілмен айту және дін бұйрықтарын орындау. Амалдар - иманмен бір бүтін.

10. Иманның артуы және кемуі

Мәтуриди мәзхабында: Иман артпайды және кемімейді. Алайда, иман сан жағынан (кәммият) артпайды және кемімейді. Сапа жағынан (кәйфият) артады және кемиді.

Амал – иманнан бөлек. Иман – тасдиқ және иқрардан, яғни, жүрекпен растап, тілмен айтудан тұрады деп айттық. «Растау ісі» ӛз алдына алып қарағанда, артуды немесе кемуді қабыл етпейді.

Сәләфизм ағымында: Иман басқа, растау, яғни, «тастиқ» басқа. Сондықтан да, иман артады және кемиді.

11. «Ин’шаАлла мұсылманмын» деп айту

Мәтуриди мәзхабында: Кісі мүмін-мұсылман екендігін нақты, ешқандай шартты рай түріндегі немесе «истисна» түріндегі сөздерді қолданбастан білдіруі тиіс (Истисна: бірақ, алайда т.б. сияқты бөлектеп тұратын сөздер). Сондықтан, «ин’шаАлла» (мұсылманмын) деп айтпауы керек (өйткені, бұл – мұсылман екендігіне сенімді емес адамның сөзі)... Ұлы Азиз Алла: «Біз Аллаға иман еттік деп айтыңдар!...», - дей келе мүмін екенін нақты білдіруді ұнатқан...

Сәләфизм ағымында: Иман – жүрекпен сену, тілмен айту және амал. «Ин’шаАлла мұсылманмын» деп айтудың ешбір әбестігі жоқ. Иман – дін бұйрықтарын екі етпей орындауды керек етеді. Ендігі жерде, ешкім «дін бұйрықтарын толық орындап жүрмін» деп кесіп айта алмасы анық. Өйткені, бұны нақты білмейді. Сол себепті де, «Ин’шаАлла мүмін-мұсылманмын» деп айтады.

12. Ауыр күнә істеуші

Мәтуриди мәзхабында: Мұсылманды қандай да бір күнә жасағаны үшін кәпір демейміз. Тіпті ауыр күнә жасаса да үкімі осы. Әйтсе де, жасаған күнәсін халалға шығарса кәпір болады».

Сәләфизм ағымында: Ауыр күнә жасаған мүмінді кәпір демейтініміз рас. Ол – күнәһар мұсылман. Бірақ, жасаған күнәсі жүрегіндегі иманына әсерін тигізбейді дегенге қарсымыз. Өйткені, иман – ол жүрекпен сеніп, тілмен айту және іс-әрекетпен кӛрсету. Күнә істері себепті, иманы әлсірейді. Дін бұйрықтарын орындаса, иманы күшейеді.

материал «Сәләфизм мен Мәтуриди мәзхабы арасында нендей айырмашылық бар?» мақаласынан алынды,

Абдусамат Қасым

ummet.kz

Бөлісу: