Пайғамбар (с.ғ.с) мен сахабалар кезеңіндегі фиқһ

Пайғамбар (с.ғ.с) мен сахабалар кезеңіндегі фиқһ

Ақида
Жарнама

Бұл кезеңде Пайғамбарымыз мұсылмандарға Раббылары тарапынан бұйырылып отырған құлшылықтар мен қарым-қатынастарға қатысты, сондай-ақ сол кезеңде туып отырған әртүрлі жағдайларға байланысты шариғат үкімдерін Алла Тағаладан қабылдап атқарған.

Сахабалар соған еріп істеген. Ислам шариғаты қияметке дейінгі бүкіл замандарды, халықтар мен ұлттарды, аймақтар мен ғұрыптарды, жағдайлар мен оқиғаларды қамтып, кемел құнға лайықтанған уақытта ғана пайғамбарымыз дүниеден озды.

Пайғамбарымыз сахабаларына фиқһты арнайы кітап беттерінде емес, қияметке дейін туып отыратын мәселелерді қамтыған жалпы негіздер мен үкімдер ретінде Құран мен сүннет мәтіндерінде және сахабалардың зейінінде қалдырып кетті.

Пайғамбарымыз сахабаларға ижтиһад ісінің заңды әрі қажетті екенін білдіру үшін сахабалардан шыққан ижтиһадтарды дұрыстап, мақұлдаған кездері болған. Мысалы, Исламды насихаттау міндетін атқару үшін Муаз (Алла оған разы болсын) Йеменге аттанар сапарында оның ижтиһад жасаймын деген көзқарасына Пайғамбарымыздың рұқсат етіп мақұлдағаны туралы бәрімізге белгілі хадисі бар. Пайғамбарымыз мақұлдаған әр үкім уахи саналады. Өйткені оның әрбір сөзі ешқашан уахидан озбаған. Бұл ақиқат жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ол қалауына еріп сөйлемейді, Ол тек уахи етілген уахи ғана», – деп айтқан. Осылайша бұл ғасырда шариғат негіздерін тек Құран мен сүннет құраған.

Бұл кезеңде сахабалар пайғамбардан тек Құранды ғана жазып сақтаған. Ал хадистерге келсек, олар Құран мәтіндерімен араласып кетпесі үшін, жазылмаған еді.

Сахабалар кезеңіндегі фиқһ

Сахабалар кезеңі дегенде пайғамбарымызға ұзақ уақыт серік болған үлкен жастағы сахабалар айтылады. Сондай-ақ ол әділетті халифалар кезеңі деп те аталады.
Жоғарыда пайғамбар кезеңінде шариғат негіздерін Құран мен сүннет қана құрағаны туралы айтқан болатынбыз. Ол кезеңде сахабалар хақ дінді насихаттау ісімен ғана шұғылданған болатын. Пайғамбарымыз дүниеден озға соң әділетті халифалар ғасырында көптеген елдерге ислам діні тарап, пайғамбар ғасырында кезікпеген түрлі жағдайлар мен оқиғалар пайда болды. Бұл жағдайлармен байланысты шариғат үкімдерін баяндау қажеттілігі туды. Осылайша ижтиһад ісінің міндеті туып, ол шариғаттың Құран мен сүннетке тәуелді жаңа негізіне айналды. Жаңадан туған көптеген мәселелердің үкімдерін анықтау ісінде сахабалар алдымен, Құранға қараған, одан таппаса, сүннетке жүгінген, одан да таппаса, өзара кеңескен. Егер ойлары бір жерден шықса, амалды соған негіздеген. Бұл үкім ижмағпен бекіген үкім деп аталады. Сахабалар арасында фиқһи қайшылықтар өте аз болған. Қажеттілікке сай ижтиһадқа көп сүйенген сахабаларға Омар, Әли және Ибн Масғуд, ал аз сүйенгендерге Ибн Омар, Абдулла ибн Амру ибн әл- Ас және аз-Зубайр жатады.

Бұл кезеңде шариғат негіздерінің қатарына Құран мен сүннеттен кейін ижмағ пен ижтиһад қосылды.

материал «Фиқһ іліміне кіріспе» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: