Тыйым салынған үлкен күнә істеудің үкімі

Ақида
Жарнама

Аят пен хадис арқылы қатаң түрде тыйым салынған амалдардаң үкімі «үлкен күнәлар» (кәбәир) деп аталады. Сонымен қатар кейбір амалдарға тікелей қатаң түрде тыйым салынбағанымен, олардың да үлкен күнәға жататынын білдіретін аяттар мен хадистер кездеседі.

 

Ғалымдардың басым бөлігі күнәларды үлкен және кіші деп бөліп қарастырады. Дегенмен, кейбір ғалымдар күнәның үлкені де кішісі де болмайды дейді. Ал, Әһли сүннеттің сенімі бойынша күнәлар үлкен және кіші болып бөлінеді. Күнәлардың ең үлкені – Аллаға серік қосу екендігі аятта ашық түрде баян етіледі. (Ниса сүресі -48) Хадистерде үлкен күналардың сандық мөлшері жайында түрлі деректер берілгендіктен ғалымдарымыз да бұл мәселеде әрқандай пікір айтады. Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у) бір хадисі шәрифінде: «сіздерге үлкен күналардың ең үлкенін айтайын ба? Олар: Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы келу және жалған куә келтіру» (Бухари Әдеб - 6; Муслим, Иман-38) Бұл хадисте үлкен күнаны үшеу деп айтса, мына хадисте жетеу екендігін білдіреді: «Азапқа ұшырататын жеті күнадан сақтаныңыздар!- дегенде сахабалар: Олар не? – деп сұрады. Олар: Аллаға серік қосу, сиқыр жасау, хақсыз (орынсыз) адам өлтіру, жетімнің малын жеу, өсім жеу, соғыстан қашу, намысты және иманды бір әйелге зина жаласын жабу деп жауап береді». (Бухари, Уасия-1200)-дейді.

Ал басқа бір хадисте осы айтылған жеті күнәға қосымша: ата-анаға құрметсіздік пен мәсжидул Харамда күнә істеуді қосып, үлкен күнәні 9-ға шығарады. (Әбу Дәуіт, Уасия-10). Осыны негізге ала отырып кейбір ғалымдар аят пен хадисте айтылған күнәларды жинақтай отырып, санын өте көп қылып көрсетеді. Мысалы Хафиз Зәхәби (өл.748/1374) есімді ғалым «Китабул Кәбәир» атты еңбегінде үлкен күнәлардың жалпы саны 70 деп есептейді. Ал, Ибн Хажар әл-Хайтами деген ғалымның пікірі бойынша үлкен күнәның жалпы саны 467-ге жеткен.

Үлкен күнәлардың саны әр түрлі айтылғанымен бұларды істеген кісінің үкімі не болады деген сұрақ алғашқы мұсылмандар мен мұсылман мазхабтарының өзекті мәселесіне айналды. Мысалы, Харижиттер үлкен күнә істеп қойған мұсылманға «кәпір» десе, Муғтазилиттер ондай кісі иманнан шығады, бірақ кәпір болмайды, иман мен күпірдің арасындағы «фисқ» мәртебесінде болады деп пәтуа берді. Егер тәубә етпестен өлетін болса, мәңгілік тозақта қалады, тәубе еткен болса, мумин болып дүниеден өтеді деп қабыл етеді.

Әһли сүннет бойынша, үлкен күнә істеген кісі мумин болып, тек істеген күнәсі үшін күнәһар аталады. Ақыретте істеген сол күнәсі үшін жаза шегіп, соңында жаннатқа барады. Сондай-ақ істеген күнәсі үшін бұл дүниеде тәубе етсе, Алла кешіруі мүмкін, қаласа жазалауы да мүмкін. Алайда, оқырмандарымыз бұл жерде мынадай заңды сауал қоюы да мүмкін: «Үлкен күнә істеген, өмірінде амал етпеген мұсылманды Алла қалайша жәннәтқа кіргізеді? Бұл әділеттікке жатпас». Бұған былай жауап беруге болады:

«Біріншіден: біздің  сеніміміз бойынша, амал иманның бір бөлігі емес.

Екіншіден: Алла тағала Құранда былай дейді: "Алла мумин ерлер мен мумин әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мәңгі қалатын бақшалар және Ғадын жәннәтында көркем орындар уәде етті. Ал Алланың разылығы өте зор табыс." (Тәубе сүресі -72) Яғни муминдерге жәннәтты уәде еткен Алла қалайша мумин құлын мәңгілік жәһәннәмда қалдырсын? Себебі мәңгілік жәһәннәм күпірге барғандардың еншісінде.

Үшіншіден: Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: "Жүрегінде титтей иманы болып, Лә иләһә иллалла (Алладан басқа тәңір жоқ) деген адам жәһәннәмнан шығады." (Бухари, Китабул иман-41). (қосымша қараңыз: Муслим, Иман-84, Тирмизи, Жәһәннәм-9; Ибн Мәжә, Зуһд-37).

Мұсылмандар Пайғамбарымыздың (с.а.у) дәуірінен бастап қазіргі таңға дейін мұсылман болып, үлкен күнә істеп өлген бауырларының, туыстарының жаназасын шығарып, олар үшін Алладан жарылқау тілеп, дұға етуде. Негізінде кәпір болып дүниеден өткен кісілер үшін Алладан жарылқау сұрауға болмайтындығы «Тәубе» сүресінің 113 аятында айтылған. Егер үлкен күнә істегендерді кәпір деп есептегенде жаназасын шығармай, дұға етпей, оларға Құран да оқымай, истиғфар тілемейтін еді.

«Әй муминдер! Аллаға шынайы тәубе қылыңдар. Раббыларың жамандықтарыңды жойып, Астарыңнан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуі үміт етіледі» (тахрим-8). Бұл аят тәубе етуді бұйырады. Ал тәубе негізінен үлкен күнә үшін жасалатындығын ескерсек, аятта үлкен күнә істеген пенделерге «Әй, иман еткендер, муминдер» деп, олардың бұл күнәлары үшін кәпір болмайтындығын айтып тұр. «Хужурат» сүреінің 9- аятында да бір-бірімен соғысқан екі мұсылман топқа муминдер делінгенін жоғарыда айтқан болатынбыз. Бұл жерде де сол аятты қосымша дәлел ретінде ала отырып, үлкен күнә істеген мұсыман кіснің кәпір болмайтындығы жөнінде ой қорытуға болады.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: