Пайғамбарлық және пайғамбарларға иман

Ақида
Жарнама

         Иман негіздерінің төртіншісі – Алла Тағала тарапынан жер бетіне жіберілген пайғамбарларға иман ету. Пайғамбар - парсы тілінде «хабаршы» деген ұғымды білдіреді. Құран тілімен айтқанда, пайғамбарларды - «Расул» (елші), «нәби» (хабаршы) деп атайды.

Демек, пайғамбар Ұлы Жаратушы Алла Тағала мен пендесінің арасындағы хабаршы, елші. Алла Тағала адамдар арасынан таңдап алған сүйікті пенделерін елшілікке дайындап, оларды тайпа, қауымға және бүкіл адамзатқа жіберіп отырды. Осылайша Алла өзінің әмірі мен тыйымдарын, халал мен харамды бүкіл халыққа пайғамбарлар арқылы білдірді. Алла қаласа періштеден де пайғамбар жіберер еді. Бірақ адам баласы періштенің істегенін ешқашан істей алмайды және оны үлгі тұта алмас та еді. Себебі, періште дегеніміз шаршамайды, ұйықтамайды, ішпейді, жемейді, күндіз-түні ғибадат етуден жалықпайды. Ал адам баласы тамақсыз, демалыссыз өмір сүре алмайды. Сол себепті пенденің бұған шамасы жетпесі айдан анық. Қала берді пенде: «Бұл періште ғой?! Біз оған құлшылық пен тіршілікте ілесе алмаймыз», - деп ақыретте Жаратушысына сылтау айтар еді. Сондықтан Құранда: «Сендердің араларыңнан елші жібердім», - деп, елшінің өз арамыздан жіберілгені нақты айтылған. Яғни, арамыздан шыққан пайғамбар да біз секілді адам. Аятта бұл жөнінде: «Шынында мен де сендер сияқты адаммын» (18.Кәһф-110) ‑ дейді. Оның жасағанын, құлшылығын, дүниелік ісін жасауға шамамыз жетеді. О дүниеге барғанда адамдар Аллаға: «Сенің елшілерің біз жасай алмайтын нәрселерді бұйырды. Оны істеуге дәрменсіз едік», - деп айтпаулары үшін Алла пайғамбар етіп адамды жіберіп, Өзі жіберген елшілерін барлық жағдайда үлгі етуімізді бұйырды: «Расында сендер үшін, Алланы да, ахирет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (33.Ахзаб- 21).

Пайғамбарлық – Алланың сүйікті құлына берген мәртебесі. Адам қанша әрекеттеніп, талпынғанымен Жаратушының әмірінсіз ешқашан пайғамбар бола алмайды. Бәлкім ғалым, әулие, яки Алланың сүйікті пендесі болу мәртебесіне қол жеткізуі мүмкін. Сол себепті Алла пайғамбарлық миссияға лайық болатын кісіні өзі таңдап, елшілік қызметті жүктейді. Бұл жайында аятта былай дейді: «Бұл пайғамбарлық – Алланың кеңшілігі. Оны қалаған құлына береді. Алла – кеңшілік иесі» (62. Жұма – 4).

Сондай-ақ Алла Тағала пайғамбар болатын пендесін о бастан қорғап, оның нәсілін пәк етіп сақтайды. Яғни, пайғамбар болатын кісінің ата-бабалары текті, жаман әдеттерден аулақ, адал некемен отбасы құрған әулеттен шыққан және пайғамбарлыққа дейін Алла Тағаланың бақылауында болады. Өйткені күндердің күнінде пайғамбарлық міндет жүктелгенде өз отандастары, қандастары оның бойынан ешбір айып таба алмауы тиіс. Оның жастайынан адами қасиеттерге жат қылықтарды істемегендігіне куә болғандықтан жаратылысына негізсіз кінәрат таға алмайды. Міне Алла өз елшісін осылай тәрбиелейді. Мысалы, аятта Хазіреті Мұса пайғамбар жайында: «Әй, Мұса! Өзімнің назарымда тәрбиеленуің үшін саған мен өз сүйіспеншілігімді арнадым» (20.Таһа – 39) ‑ дейді. Сол секілді Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) пайғамбар болғанға дейін Меккеліктер оның бірде‑бір оғаш қылығын көре алмағандықтан, «Сенімді Мұхаммед» деп атады. Мүшріктер Оның Алла елшісі екендігіне сенгенімен қызғаныштан ақиқатты мойындағысы келмеді. Меккелік мүшріктердің сол кездегі түсінігі бойынша пайғамбар болатын кісі бай, дәулетті болу керек еді. Сондықтан Мекке шонжарлары Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) бірінші болып қарсы шықты.

Адамзатқа жіберілген күллі пайғамбардың міндеті адамдарды Алланың барлығына, бірлігіне Оған ешбір нәрсені серік қоспастан құлшылық етуге, ақырет күніне, қайта тірілу мен есеп күніне, Жаратушының пайғамбарларына, жәннат пен жәһәннамның хақ екендігіне сенуге шақырды. Аятта бұл жайында былай дейді: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық етіңдер» деп қана уахи етіп жібердік» (21.Әнбия – 25).

 Ықылым заманнан бері жер бетіне Алланың бұйырған тура жолын уағыздаушы жүз мыңдаған пайғамбар келді. Пайғамбар жіберілмеген ешбір қауым жоқ екендігін аят былай деп баян етеді: «Аллаға серт! (Мұхаммед (с.а.у.)) Расында сенен бұрын да үмметтерге елшілер жіберген едік. Сонда да шайтан оларға өз қылықтарын әдемі көрсетті. Сондықтан бүгін де ол, олардың досы. Оларға күйзелтуші азап бар» (16.Нахыл-63).

«Негізінде ескертуші болмаған үммет жоқ» (35.Фатыр-24).

«Әр үмметтің бір пайғамбары бар» (10.Юнус-47).

Бірақ, пайғамбар жіберілмеген қауымды Алла жазаламайды. Себебі, Алла Тағала пендесін жазықсыз жазалаудан пәк. Алла әуелі өзін таныту үшін түрлі жол көрсетеді, пайғамбар жібереді, мұғжиза көрсетеді. Бұған да сенбесе салмақтырақ бұйыру мағынасындағы уахилер түсіреді, ол да әсер етпесе тозаққа тастайтындығын білдіреді. Иә, мұның бәрі сайып келгенде, Жаратушының Пайғамбар жіберілместен ешкімді жазаламайтын шексіз әділдігінің белгісі: «Біз бір пайғамбар жібермейінше азап қылмаймыз» (17.Исра-15).

Пайғамбарлар да біз секілді ішіп-жейді, үйленіп балалы-шағалы болады да Алланың ақ өлімі келгенде бақилық болады. Бұл ақиқатты Алла Құранда біздерге былайша баян етеді: «Сенен бұрын да тамақ жейтін, базарларда жүретін пайғамбарларды жіберген едік» (25.Фурқан-20).

«Расында саған дейін де пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз» (13.Рағыд-38).

«Ол пайғамбарларды тамақ жемейтін бір дене қылмадық» (21.Әнбия-8).

Алла Тағала о дүниеде пенделерінен өмірінде жасаған жақсы-жаман амалдары тұрғысында есеп алатыны тәрізді, ардақты пайғамбарларынан да олардың елшілігі мен тәблиғы жайында есеп алатындығын білдіреді: «Әлбетте, өздеріне пайғамбар жіберілген адамдарды сұраққа тартатынымыздай, жіберілген пайғамбарларға да сөзсіз сұрақ қоямыз» (7.Ағраф-6).

Бүкіл адамзатқа нұр боп келген, екі дүниенің шамшырағына айналған Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) қоштасу құтпасында жүз мыңдаған сахабаларына төмендегідей сауал тастайды:

- Уа, жамағат! Ертең (ақиретте) мен туралы сендерден сұралады, сонда не деп айтасыңдар? Сахабалар:

- Алланың елшілігін орындадың, міндетіңді атқардың, біздерге өсиет айтып үгіттедің! – деп, куәлік береміз, - дейді.

Сахабалар осылай куәлік бергеннен кейін екі дүниенің нұры Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) Алладан алған әмірлер мен тыйымдарды уағыздағандығына байланысты:

- Сахабаларым! Тәблиғ еттім бе? - Тәблиғ еттім бе? - Тәблиғ еттім бе? – деп, үш рет сұрағанда сахабалары:

- Иә, тәблиғ еттіңіз, - деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз қолын көкке қарай жайып Алла Тағаланың куәлігін сұрады:

- Куә бол, я, Раббым! - Куә бол, я, Раббым! - Куә бол, я, Раббым! (Бухари, Ілім 37).

Олай болса, жер бетіндегі Алла ақ жолына шақырушы пайғамбарларға сену парыз. Аят та осыны ескертеді: «Әй, иман келтіргендер! Аллаға, оның пайғамбарына және оған Алла жіберген кітапқа, одан бұрынғыларға жіберген кітаптарға да иман келтіріңдер. Кімде кім Алланы, оның періштелерін, кітаптарын, пайғамбарларын және қиямет күнін жоққа шығарса, ол мүлде азған адам» (4.Ниса-136).

Біз Хақ тарапынан жіберілген барлық пайғамбарларға ешбірін бөліп жармастан иман етуге міндеттіміз. Шынайы мүминдер осылай иман ететіндігін Құран да растап өтеді: «Раббылары тарапынан өзге пайғамбарларға берілген нәрселерге иман келтіріп әрі олардың араларын айырмаймыз. Бәріне бірдей сенеміз» (2.Бақара-136). «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық» (2.Бақара-285; қосымша қараңыз: 4.Ниса-152).

Егер де бір мұсылман пайғамбарлардың біріне сеніп, біріне сенбесе, онда кәпір болады. Иман етудің бірден‑бір шарты да осы күллі пайғамбарларға сенуден тұрады. Сол секілді Жаратушымыз жіберген барлық өткен пайғамбарларға сеніп, Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығына сенбесе, бұл жағдайда да кәпір болып саналады. Себебі, Жаратқан Иеміздің пайғамбарларына бөле-жара иман етудің күпірлік екендігі төмендегі аятта да ашық түрде білдірілген: «Шәксіз сондай Аллаға, пайғамбарларына қарсы келгендер, олар Алла пен пайғамбарларының арасын айыруды қалайды. Олар: пайғамбарлардың кейіне сенеміз де, кейіне қарсы келеміз, дейді. Сөйтіп олар екі ортадан жол табуды қалайды. Міне олар анық кәпірлер. Кәпірлер үшін қорлаушы қинау дайындадық» (4.Ниса, 150-151).

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: