Пенденің рызық-несібесі

Пенденің рызық-несібесі

Ақида
Жарнама

Жаратылыстағы бүкіл тіршілік атаулының өлшеулі рызығын бір Алла Тағала ғана береді. Ал, сол рызық- несібесін өз аяғымен жүріп табатындар мен әрекет етуге дәрменсіз тіршілік атаулының рызығының арасында пәлендей айырмашылық жоқ. Мәселен, адамдар, хайуанаттар мен құстар өз рызық-несібелерін саналы түрде әрекет ету арқылы тапса, ана жатырындағы сәбиге Алла анасының қанымен рызық береді. Тіршіліктегі басқа да әлсіз «шақалақтар» туралы да осыны айтуға болады.

Оларға ата‑аналарын не басқа да жағдаяттарды себепші қылу арқылы Алла өз рызықтарына жеткізеді. Және де Алла пенденің әрекеті мен ниетіне сай халал не харам жолдан рызығын нәсіп етеді. Біздің айтып отырған тұжырымдарымыздың түпкі өзегі Құранда баяндалады: «Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі Аллаға тән. Ол олардың тұрақты, тұрақсыз орындарын біледі. Барлығы ашық бір Кітапта» (Худ сүресі, 6). «Шүбәсіз, Ол Алла ризықтандырушы және мықты күшке ие» (Зәрият сүресі, 58).

Негізінде пенденің рызық‑несібесі оның қаншалықты әрекет етуіне тікелей байланысты. Десек те, Алла Тағаланың қалаған құлына есепсіз рызық беретіндігі басы ашық мәселе. Бірақ, Алла рызықты пенделердің иманды не имансыздығына қарай бөле-жарып бермейді. Егер жағдай солай болғанда иман еткен мұсылмандардың бәрі ірі байлық иесі болып, дінсіздердің барлығы тақыр кедей болулары керек еді ғой. Ал, күнделікті өмірдегі жағдай мұны мүлде теріске шығарып тұрған жоқ па!? Сондықтан пенденің бай не кедей болуы Алланың қалауындағы мәселе екендігін түсінуіміз керек. Бұл тақырыпта да бізге Құран аяттары негізгі көмекші: «Алла қалаған кісінің несібесін молайтып, қалаған пенденің несібесін тарылтады....» (Рағыд сүресі, 26); «Алла қалағанын есепсіз рызыққа бөлейді» (Бақара сүресі, 212).

Пенде тіршіліктегі өз рызық-несібесін табу жолында түрлі әрекеттерге, айла‑тәсілдерге барып, бүкіл күш‑жігері мен ақыл‑парасатын жұмсайды. Әрине, пенде өз қарым‑қабілетіне қарай рызығын айырады, бірақ ең бастысы, рызықтың халалын ішіп-жеуді Алланың бұйыратынын бір сәт естен шығармау керек. «Ал, енді Алланың сендерге берген ризығының халал әрі тазасынан жеңдер...» (Нахыл сүресі,114) ‑ деген Алла Тағала – мұсылман пендеге өз рызығын табудың негізгі тұжырымдық формуласын ұсынады. Әрбір тіршілік атаулы Алланың өзіне бұйыртқан өлшеулі рызық‑несібесін ішіп-жемей бұл фәни дүниеден өтпейді және ешқандай тіршілік иесі өзгенің Жаратушының шексіз даналық ілімімен белгіленген рызығына ортақ бола алмайды. Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді: «Рызықты іздеуден бас тартпаңдар. Ешкім өзіне бұйыртқан рызыққа жетпей өлмейді. Олай болса халалын алып, харамын тастаумен рызықтарыңды жақсылап іздеңдер», (әт-Тәрғиб уәт-тәрхиб, 2/534)219. Қым‑қуат сынаққа құрылған мына тіршіліктегі рызық‑несібе мәселесіне қатысты шынайы мұсылманның ұстанымы – Алланың бұйыртқан рызық‑несібесіне әркез шүкір етіп, таршылығы болса, оған сабырлықпен әркез қанағат етіп, әрбір істің қайырын бір Жаратушыдан тілеу.

Асылында, шүкіршілік – Алланың сүйікті құлдарының қасиеті. Иманды кісілердің бұл мінезі оның рызық- несібінің арта түсуіне де бірден‑бір себепші болады: «Сол уақытта Раббыларың: Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал егер қарсы келсеңдер азабым қатты деп жариялады». (Ибраһим сүресі,7).

Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: