Жұмақты күзететін періште

Жұмақты күзететін періште

Ақида
Жарнама

Ридуан періштесі кейбір діни мәлімет көздерінде Хазин деп те айтылады.[1] Бұл періштенің міндеті – жұмақты күзету.

Хадистерде де Хазин деген періштенің аты кездеседі. Асылында Ридуан мен Хазин бір періште болса керек. Себебі хадисте: «Жұмақтың есігіне келіп едім Хазин періштесі: «Сен кімсің?», – деді. «Мен Мұхаммедпін». Сонда Хазин сөзін жалғастырып «Мен бұл есікті саған дейін ешкімге ашпауға жауапты періштемін»,[2] – делінген. Құранда да бұл мәселе жайлы: «Ол сондай тақуалар, жақсы жағдайда періштелер жандарын алып: «Сендерге есендік болсын, амалдарыңа орай жаннатқа кіріңдер» – дейді»[3]; «Раббыларына қарсы келуден сақтанғандар, топ-тобымен жұмаққа жолданады. Сондай-ақ олар оған барғанда оның есіктері ашылады. Оларға оның сақшылары: сендерге сәлем. Қош келдіңдер, жұмаққа мәңгі қалатын түрде кіріңдер»,[4] – делінген.

Иә, аятта нақты айтылғандай шүбәсіз тақуа жандар топ тобымен жұмаққа кіреді. Олар ең алдымен Алланың жамалын көруге асығады. Ал Алланың бейнесінің салих құлдарына қалай, қандай жағдаятта көріну мәселесіне келсек бұл – біз үшін бір үлкен сыр. Адам баласының, пәнилік тұрғыдан алғанда өзге материялдық болмыстардан ешбір айырмашылығы жоқ. Алайда, пәнилік өмірді мәңгілік өмірге айырбастау жолдары адамзатқа Алла Тағала тарапынан нәсіп етілген. Міне, осы істің нәтижесі ретінде жұмақ есіктері айқара ашылып періштелер Жаратушыға мойынсұнғандарды ізгі сәлеммен қарсы алады.

Жұмақ – адам баласына берілген баға жетпес үлкен нығмет. Құранда: «Алла мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мәңгілік қалатын бақшалар және Адн жаннатында, көркем орындар уәде етті»[5]; «Күдіксіз өздеріне Бізден игілік жазылғандар, солар тозақтан аулақ болады. Олар тозақтың сыбдырын да естімейді. Сондайақ олар (жаннатта) көңілдері қалаған нығметке бөленіп мәңгі қалады. Оларды қорқыныштың ең зоры уайымдатпайды да оларды періштелер: «Міне бұл сендерге уәде етілген күн» деп қарсы алады»[6]; «Олар Адн атты жаннаттарға кіреді. Аталарынан, жұбайларынан және ұрпақтарынан кім түзу болса, олар да кіреді. Періштелер әр есіктен кіреді: Сабыр еткендерің үшін, Алланың есендігі сендерге болсын! Соңғы жұрт нендей жақсы»,[7] – дейді.

Яғни Жасағанның сыйға тартқан мінсіз иләһи заңдылығымен өмір сүріп, күнәлардан бойын аулақ ұстаған тақуа әрі дініне адал жандар топ-тобымен жұмаққа кіреді. Әлбетте оларға жұмақ есігі айқара ашылады. Мұндай жүзі жарқын мүміндерді жұмақ періштелерінің ізгі сәлеммен қарсы алатындықтары жоғарыдағы аятта да ап-анық түрде сүйіншіленген.

Материал «Періштелерге иман» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Қараңыз: Зүмәр, 39/73; Муслим, Иман, 133; әл-Куда-и, МүснәдушШихаб, Бейрут, 1986, ІІ/130

[2] Муслим, Иман, 333; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 3/136

[3] Нахыл, 16/32

[4] Зүмәр, 39/73

[5] Тәуба, 9/72

[6] Әнбия, 21/101-103

[7] Рағыд, 13/23-24

Бөлісу: