Тамшыдан үлгі алған шәкірт

Тамшыдан үлгі алған шәкірт

Ғибратнама
Жарнама

Ертеде бір медреседе қанша тырысып оқыса да миына ештеңе қонбайтын шəкірт болған екен. Есте сақтау қабілеті нашар болғандықтан күні-түні тырысқанына қарамастан ешбір нəтижеге қол жеткізе алмапты. Қатарласынан қалып қойған жас баланың ұнжырғасы түседі.

Қатты намыстанған шəкірт «менен түк шықпайды» деп ешкімге айтпастан медреседен қашып кетеді. Жол бойы тоқтамай жүріп, шаршап-шалдығап келе жатқан бала үңгірге кезігеді. Ол осы жерде сəл аялдап, демалмақшы болады.

Қоңыр салқын үңгірдің ішінде жантая қалып, көзін жұмғаны сол еді, алыстан еміс-еміс тамып тұрған судың дауысын естиді. Қызығушылығы бойын жеңген жас бала үңгірді аралап, бір бұрыштан  тамшылап тұрған суды көреді.

Бір қызығы  тамшының түскен жеріндегі тас кəдімгідей ойылып қалған екен. Кішкене ғана тамшының тастың үстіне асықпай барып құлағанын тамашалап тұрған шəкірт аң-таң болады. Қалайша тамшы тасты ойып тастаған?

Бұл іске қарап отырып жас бала тынымсыз, тұрақты еңбектенсе өзінің де тасты ойған тамшыдайын түбінде нəтижеге қол жеткізетініне сенімі артады. Кейіннен осы шəкірт үлкен ғұламаға айналған екен.

Иә, амалда нәтиже болуы үшін тұрақтылық қажет.

Тұрақтылық Аллаға ең ұнамды амал.

Бұл жөнінде Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте «Алла Тағалаға ең ұнамды амал аз болса да үздіксіз орындалатыны» (Муслим) делінеді. Үлкен сапардың бір адымнан басталатыны сияқты,  үлкен істер тұрақты жасалған аз еңбектің  нәтижесінде жүзеге асады.

Индира Жұмабекқызы

Бөлісу: