Жүрегіңізді қалай рахаттандырасыз? (ғибратты оқиға)

Жүрегіңізді қалай рахаттандырасыз? (ғибратты оқиға)

Ғибратнама
Жарнама

Ертеде өзі бай әрі тақуа бір мұсылман емделу мақсатында Еуропа елдерінің біріне сапар шегеді. Мұның бойынан діндарлықтың белгісін байқаған емдеуші дәрігер оған былай деп тіл қатады:

– Мен сізбен бір мәселе жайында әңгімелескім келіп отыр. Өзіңіз білесіз, мен осы елдегі ең атақты дәрігерлердің бірімін. Мансабым мен абыройым маған көп дүние алып келді. Бай адамдардың біріне айналдым. Әлемнің ең әдемі деген жерлерінің барлығын аралап шықтым. Өмірде көрмеген қызығым, татпаған рахатым қалмады. Тіпті кейбіреуі сіздің үш ұйықтасаңыз да түсіңізге кірмейтін болар. Бірақ, олардың ешқайсысына қанағаттанған емеспін. Яғни, ешқашан өзімді бақытты сезінбедім. Жүрегімде тыныштық жоқ. Көңілім құлазып, кейде өз-өзіме қол жұмсағым келеді. Қаншама атақты психологтармен кеңестім. Пайда жоқ. Сіз де мен сияқты байсыз ғой, мендегі сезім сізде де кездесе ме?

Сонда әлгі мұсылман кісі алғашында оның сөзіне таңырқап отырып қалады. Сосын бір Алланың жәрдемімен онымен қалай сөйлесу керек екенін пайымдап, сұрақ қоя бастайды:

- Сіз құлағыңыздың құрышын қандыру үшін не істейсіз?

- Сәбидің күлкісін тыңдаймын.

- Ал мұрныңызбен рахаттану үшін не істейсіз?

- Хош иісті әтірлерді, гүлдерді иіскеймін.

- Көзіңізді ләззаттандыру үшін не істейсіз?

- Әсем табиғатқа, сұлу әйелдерге қараймын.

- Ал енді құлағыңызды неге гүлдердің иісімен рахаттандырмайсыз? Көзіңізді неге сәбидің күлкісімен демалдырмайсыз?

Дәрігер күліп:

– Ол мүмкін емес қой! Әр ағзаның өз рахаттанатын жолы бар емес пе?!,- дейді.

- Енді, әлгі сізді қинаған сезім мұрныңызда ма, әлде құлағыңызда ма?

- Жоқ, ол кеудемде, жүрегімде.

- Ал, жүрегіңізді қалай рахаттандырасыз?

Дәрігер жауап бере алмай, үнсіз қалады. Сонда мұсылман кісі:

– Дененің әр мүшесі түрлі жолмен рахаттанады. Ал жүректің дауасы – Жаратушысына жақындау. Яғни, Құдайға құлшылық жасау! Жүректердің сығылудан құтылып, тыныштық тауып, бақыт сезіміне бөленуінің сыры да осында, - деген екен.

Иә, шын мәнінде, «Алланы зікір етумен (еске алумен) жүректер тыныштық таппай ма?!» («Рағыд» сүресі, 28-аят)

Бөлісу: