Жетімге қамқорлық – мұсылманның парызы

Ғибратнама
Жарнама

Аса Рақымды Ерекше Мейрімді Алланың атымен бастаймын.

Аллаға мақтау Пайғамбарымызға (с.ғ.с), Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Алла Тағала баршамызды үнемі жақсылық жасайтын адамдардың қатарынан болуды нісіп етсін.    

Құранда: «Жақслық жасаңдар расында Алла тағала жақсылық жасаушыларды жақсы көреді» делінген.

Яғни Алла Тағаланың сүйікті құлдары бол үшін әр мұсылман баласы жақсы істерді жасау керек.

«Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған екен Мұқағали Мақатаев. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағымыз еді ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүргені шамалы.

Құран Кәрімде «жетім» сөзі 23 рет қайталанған, олар 22 аятта кездеседі, оның сегізі жекеше түрде, бір рет екілік түрде және 14 рет көпше түрде келген.

Алла Тағала Құранда: «Уа Пайғамбарлар олар (сахабалар) қайырға жұмсайтын нәрселер туралы сұрайды. Сендердің қайырдың жұмсағандарын ата-аналарына, туған туысқандарына, жетімдерге, міскіндерге және жолаушыларға болсын дейді»

Демек, осы айтылған адамдарға қол үшін беруіміз керек. Бірақ осылардың ішінде жетімдер мен жесірлерге жақсылық жасаудың бір артықшылығы бар. Ислам діні үнемі жетім балаларға қамқор болуға, олардың ақысын жемеуге, бастарынан сипап желеп-жебеп жүруге бұйыратын дін. Асыл дінін ұстанып келе жатқан ата-бабамыз да «Жетім көрсең, жебей жүр» деп қазақ халқы бекер айтпаған және  осы тәрбиені ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді.

«Жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес.

«Жетім» сөзінің тілдік мағынасы «жалғызсыраған» деген мағынада. Жетім деген кім? Әкесі қайтыс болған адам – жетім. Ислам дінінің шариғаты бойынша анасы бар болса да, әкесіз баланы «жетім» дейді. Әкесі бар болып, анасыз қалса, «жетім» демейді.

Ал жетім баланы қамқорлығына алып, құшағына басқан адамға келсек, оның да Алланың назарынан тыс қалмасы, зор сауапқа кенелері белгілі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Жетімді өз қолына алған адам, мына екеуі сияқты Жәннатта жақын (аға-іні) боламыз», - деп нұсқаушы және орта саусақтарын көрсеткен. Имам Мажаһ риуаят етуінше: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы жетім баққан үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдардың тұратын үйлердің ең жаманы – жетім қиналған үй» - деген. Осы жерде жетім бағып, асырау шексіз сауап әрі құлшылық екендігін айта кеткен жөн. Жүрегі қатайған, көзіне дүние тірлігінен басқа еш нәрсе көрінбеген адамдар жетім-жесірлердің үйлеріне барса, хабар алса, жәрдем етсе, көңілдері босайды, мейірім қонады.

Халық арасында  кеңінен айтылып жүрген асыл сөздердің бірі: «Жетімді қуантсаң жерде жетпіс, көкте жетпіс переште қуанады» - деген

Ал енді шексіз ауыр күнә қатарына жататын нәрсенің бірі де жетім ақысын жеу немесе оған қол сұғу. Құранда мұндай адамдар тіпті Алла Тағала тарапынан лағынеттелінген. «Бай болғандар (жетімді бағып, қарағанына бола) жетімнің малын жемесін» - деп Алла Тағала қатаң тыйған.

Имам Мәліктің риуаятында, бір бәдәуи араб Абдулла ибн Аббастың (р.а.) алдына келіп: «Қолымда жетімдер бар. Олардың түйелері көп. Менің жалғыз ғана түйем бар. Мен түйемнің сүтін кедейлерге беріп, жетімдер түйесінің сүтін ішу маған болады ма?», - деп сұрады. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Жоғалғанда іздесең, әр түрлі ауруларына қарасаң, жем – шөбін беріп бақсаң, түйенің баласына зиян келтірмесең онда сүтін іш. Зиян келетін болса, сауып алуыңа да болмайды», - деген екен.

Имам Мажәһдан жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегі үшін істегендер Алла жолында жихад қылған әрі түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты», – дейді.

 Алла Тағала барша мұсылмандарға игі сауаптарға ие болуды нәсіп етсін!

Әйкерім Қазбекқызы,

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы

Бөлісу: