Сараңға берілген сабақ

Сараңға берілген сабақ

Ғибратнама
Жарнама

Күндердің бір күнінде наубайшының наубайханасының алдына ақ сақалды қарт келеді. Киген киімі өте жұпыны қарт қолын созып:

- Алла разылығы үшін жарты нан берші, - дейді. Наубайшы ашуланып:

- Аулақ жүр. Сендерден әбден мезі болдық қой. «Алла разылығы» дегенді үйреніп алғансыңдар, түге. Қайта-қайта айналып кеп соны айтасыңдар. Сұрап тұрған адамның жағдайы бар ма, жоқ па, онымен санаспайсыңдар, - деп, ал кеп ұрысады.

Қол жайған ақсақал бұл сөзді естігенде ләм-мим демеген күйі теріс айналып қаланың (Бағдаттың) шетіне  қарай бет алады. Бұны көрген ел наубайшыны сөгіп дүрсе қоя береді:

- Сен не істедің? Бұл ақ сақалды қария сен тәнті болып жүрген имам Шибли ғой.

- Мына ескі-құсқы киінген адам ба?

- Иә.

Аңтарылған наубайшы Шиблидің артынан тұра жүгіріп, қуып жете етегіне оралып «мені кешіріңіз» деп жалынады.

Алла разылығы үшін жарты нанын бөліп бермеген шығайбайшыл наубайшыға дәріс беретін уақыттың келгенін сезген Шибли оған мынандай ұсыныс жасайды:

- Бағдат алаңында жүз алтыныңды қиып халыққа бір тамақ берсең сені кешірейін, -дейді.

- Құп болады. Сіз үшін жүз алтын да сөз болып па? - деп келісілген жерде халыққа тамақ береді.  Жұрт тегіс келеді. Тамақ жеп болған ел Шиблиден үгіт-насихат етуін күтеді. Адамдардың бірі:

- Жиналған жамағат жаннат пен жаһаннам жайлы насихат айтуыңызды сұрайды. Осы төңірегінде халыққа уағыз айтсаңыз, - деп қолқалайды. Имам Шибли былай дейді:

- Жәннаттықтардың кім екенін білмеймін, әйтсе де, жаһаннамдықтардың кім екенін сұрасаңдар айтайын. Жиналғандар бір-біріне қарасты. Жамағат келіскен сыңай танытып:

- Жәннаттықтардың кім екенін айтпасаңыз, онда жаһаннамдықтардың кім екенін айтыңыз.

- Жаһаннамдық адам көргілеріңіз келсе, сіздерге тамақ берген мына наубайшыға қараңыздар!

Айналада сілтідей тыныштық орнады... Бәрі аң-таң. Сонда Шибли жағдайды былай түсіндіреді:

- Мына наубайшы Алла разылығы үшін жарты нан бермеді, бірақ Шибли үшін жүз алтындық ас беруден тайынбады. Осы да ықыласқа, осы да діндарлыққа жата ма, төрелігі өздеріңізде...

Жамағат үнсіз, терең ойға батқан. Сәлден соң бір-біріне:

- Шибли хазірет бізге ұмытылмас сабақ берді. Бәріміз бұдан ғибрат алуымыз керек...,- деп сыбырлай бастады.

ummet.kz

Бөлісу: