Садақадан да қайырлы амал

Садақадан да қайырлы амал

Ғибратнама
Жарнама

«Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды» демекші, расында өзгеден жақсылық көргеннен гөрі, біреуге жақсылық жасаған ләззаттырақ. Мұның сыры, бәлкім, жақсылық жасаудың өзге үшін ғана емес, өзіңнің де Ақыретіңе есепсіз көп пайда келтіретініңде жатқан шығар.

«Алла кімді сүйсе, оған адамдардың ісін түсіріп қояды», ‒ дейді хадис. Игі іс қылудың саған нәсіп етілгенін білу, мұқтаждығы өтелген жанның қуанышын көру, батасын алып, ризашылығына бөлену шынында да керемет емес пе?!

Алла Тағала мейірімдіге Мейірімін төгеді, рахымдыға Рахымдылық қылады, кешірімдіні кешіреді, қайырымдылық қылғанға Алла да қайтарымын арттырып береді. Кім қандай жақсылық қылам десе де оған тыйым жоқ.

Жақсылық жасауға бағыт алған адам, ең әуелі: «Мен бұл амалымды тек қана бір Алланың разылығына арнаймын» деп ниет еткені абзал. Себебі, ізгі амал 100 пайыз Аллаға арналғанда ғана иесіне Ақыретте орасан зор пайда алып келеді. Себебі, адам тез ұмытады, ал, Алла шаңның тозаңындай жақсылығыңды ұмытпайды. Адам жақсылығыңды қайтара алмауы мүмкін, ал, Алла еселеп қайтарады. Сондай-ақ, адамға жағу мүмкін емес. Адам кейде, жақсылығыңның өзін дұрыс түсінбей, өзіңді ренжітуі мүмкін. Сондықтан, титтей жақсылық болса да оны бір Алла үшін жасаңыз. Сонда есепсіз игілікке бөленесіз.

Адам кейде бір ауыз жылы сөзге зәру болуы мүмкін. Жақсы сөз бен жылы қабақ адам жанын жадыратса, жігерлендіруші сөз ‒ төмендегіні жоғары көтереді. Алла тағала: «Жақсы сөз және кешірім ‒ артынан реніш араласқан садақадан қайырлы», ‒ деген. («Бақара» сүресі, 263-аят) Шын мәнінде, адамның бауырымен қарым-қатынаста шынайы әрі жұмсақ болуының өзі үлкен жақсылық. Қайбір істе жұмсақтық болса, ол сол іске көрік береді. Нәби (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жұмсақ мінезді бол! Ақиқатында, жұмсақ мінез ‒ адамды көркемділіктен басқа ешнәрсеге алып бармайды. Жұмсақ мінезді болмаған адам ұятқа қалады»; «Алла Тағала жұмсақ. Әрі жұмсақтықты жақсы көреді. Ол қатігез кісіге нәсіп етпеген нәрсесін, оған /мейірімдіге/ нәсіп етеді», ‒ деген (Бұхари).

ummet.kz

Бөлісу: