Өміріңізге демеу болатын бес сөйлем

Өміріңізге демеу болатын бес сөйлем

Ғибратнама
Жарнама

Өмірде қиындықтар біз күтпеген жерден орын алып жатады. Қиындықты да негізі бірнеше түрге бөле аламыз. Мәселен, сәтсіздікке ұшырасақ, қымбат затымызды жоғалтсақ, қымбат адамымыздан жыраққа кетсек, т.с.с. Кейде көңіліңе жұбаныш тауып, сабырға келсең, кейде жаныңдағылардың жылы қолдауының да ауыртпалығыңызды еңсеруге қауқары жетпей жатады. Ауыр сәттерге төтеп беру үшін алдымен адам ішкі күштерінің бәрін бір ортаға жұмылдыруы қажет. Өзін сабырға шақырып, ақылға салып ойлану керек.  Бастысы, жақсылыққа сену қажет.     

 1. Мен аздап жылап алайын, бірақ артынан қайтадан мәз-мейрам болып күлетін боламын. Ешқашан берілмеңіз. Жеңіліп қалғаныңыз үшін немесе әлсізбін деп өзіңізді кінәламаңыз. Бұл өтпелі кезең екені, ұзаққа созылмайтыны есіңізде тұрсын. Өйткені барлығымыз да жақсы өмір сүруге, күлімдеуге лайықпыз.

2. Қиындықта бірге болып, үнемі қолдау білдіретін адам – өзім. Сіздің айналаңызда жақсы адамдар, сенімді достар, қамқор ата-ана, отбасы болуы мүмкін. Бірақ басыңызға іс түскенде алдымен өзіңіз көтеріп, еңсере білуіңіз керек. Үмітсіз, күш-қуатсыз, ерік-жігерсіз сіз түсіп кеткен қараңғы қапастан шығу оңай болмайды. Жаныңыздағылардың кеңесін, жылы сөзін тыңдаңыз, көмектерін қабылдаңыз, дегенмен соңынан оны іштей саралап, өзіңіз шешім шығарыңыз.

3. Мен жағдайды өзгерте алмаспын, бірақ оған деген эмоциямды, қарым-қатынасымды жөндей аламын. Кейде қашып құтыла алмайтын нәрселер болады. Мәселен: бірнәрсені жоғалту, сырқаттану, айырылу, қарым-қатынас, т.б. Кездескен келеңсіздіктер мен қиындықтарды ешкім 100%-ға түзей алмайды. Тек біз оған өз эмоциямызбен жауап қайтарамыз. Сондықтан барынша сабырлы, салмақты бола білген дұрыс. «Қолымнан келмейді» — барлық нәрсеге тосқауыл, керісінше, «істей аламын» деген сөздің арқасында көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Осыны ұмытпаңыз!

4. Өз қорқынышымды жеңгенде ғана өмір сүре бастаймын. Енді не болатынын ойлаудың өзі сіз үшін қорқынышты болса, өмірдің жалғаса беретінін есіңізге түсіріңізші. Және сіз онымен біргесіз, әрі қарай да бірге кетесіздер! Алға! Ал егер алға жалғыз жылжуға қорықсаңыз, жоғарыда айтылған ұстанымды ойлаңыз.  Қиындықта бірге болып, үнемі қолдау білдіретін адам – өзім.

5. Мен күн сайын ішкі және сыртқы тыныштығымның балансын тең ұстауым қажет. Дұрыс тамақтанып, салмағыңызды қадағалайсыз, дәрігерге көрінесіз, бір сөзбен айтқанда, денсаулығыңызға аса мән бересіз. Үнемі жақындарыңызды достарыңызды ойлап, көмектесіп, анда-мында жүгіріп, кешкісін әліңіз таусылып, төсегіңізге жетіп жығылатын боларсыз?! Ал енді өзіңізден соңғы рет қашан өз сезіміңіз, қажеттіліктеріңіз, ішкі әлеміңіз жайлы ойлағаныңызды сұрап көріңізші. Мұндай сұрауды күн сайын қойған дұрыс. Өйткені үнемі тек өзгелерді ойлайтын болсақ, өзімізді елеусіз қалдырамыз да, әлсірей бастаймыз. Сөйтіп, қиын жағдайға тап болғанда бірден сынып кетеміз.

ummet.kz

Бөлісу: