«Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың»

«Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың»

Ғибратнама
Жарнама

Адам баласына берілген ең баға жетпес құндылықтардың бірі – уақыт. Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге бара қалсаңыз, кез-келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқайсыз. Өйткені олар уақыттан ұтылған жағдайда көп нәрседен қағылатындықтарын жақсы біледі.

Тіпті метролары мен көлік аялдамаларында тұрсаңыз, жүру мезгілдерінің «16.03»; «12.01»; «17.08» секілді әрбір минутқа дейін есептеулі екендіктерін байқап таңғаласыз. Көліктері де сол белгіленген уақыт ережесінен бір минут кешігіп я бір минут озбайды. Біздегі сағат сұрағанда «Жетіден он минут кетті» десең, «Е, жеті жарым деші» дей салатын уақытқа деген тым ысырапшыл түсінік оларда жоқ. Бір жолы азиялық бір қызметкер батыс компаниясына жұмысқа тұрып, небәрі екі-ақ минутқа кешігіп келгені үшін кәдімгідей сөгіс естіген екен. Батысқа барып олардың әрбір минутпен санаса отырып, жұмыстарын реттейтіндігіне таңғалған азиялық мұсылман жігітке бірде сол жақтың адамы «Оның несіне таңырқайсың? Бұл өздеріңде бар құндылық емес пе? Сендер минутына дейін санап күнделікті бес уақыт намаздарыңды оқисыңдар, ауыз бекітіп, ауыз ашар кездеріңде де уақыт бір минутқа кірмесе соны күтесіңдер ғой, бар болғаны, біз бұған енді қол жеткіздік» деп ой салған екен. Расында да, уақыттың қадірін кезінде мұсылман ғалымдары жақсы білген.

Мәселен, өте қызықты мынандай деректер бар: қырық бес жасында қайтыс болған ислам ғұламасы Науауидің артқа тастап кеткен еңбектерін есептесеңіз, 45 жылға қайта сыйғыза алмайсыз.Өйткені, ол уақытын қалай үнемдеуді жақсы білген. Ғылым-білім алуға, құлшылықтарын атқаруға уақыт жеткізу үшін ол кісі тек қана сәске уақыттарында ғана бір-ақ рет тамақтанған екен. Әш-шейх Фахраддин: «Аллаға ант етейін, тамақ жеген уақыттарымда ғылыммен айналыса алмағаныма қатты өкінем. Өйткені уақыт қашан да қымбат қой»,- деген. Әл-имам Әбул уәфа Али ибну Ақил былай деген: «Мен тамақ уақыттарын қысқарту үшін барынша қолымнан келгенді жасаймын. Тіпті көп шайналатын тамақтан гөрі тез жұтылатынын таңдаймын. Неге десеңіз, шайнауға да уақыт кетіп қалады. Содан барып жазуға, оқуға көп уақыт таба алам». Имам Малик болса, көбірек ғылым-біліммен айналысу үшін үш күнде бір-ақ рет әжетханаға баратындай тамақ жеуді қысқартқан. Ибни Ақил ешқандай бос уақыт жібермейтін. Тыныққан уақыттарын ол былай деп суреттейді: «Қолым қалт етіп демалған кездерімде мен аяқты созып құры жатқаннан гөрі терең ойға беріліп, ойша шешілетін біраз мәселелерді шешумен айналысам. Жазатындай бірдеңе есіме түсе қалса, дереу тұрам да, жазам. Сексен жасымда ғылымға деген менің ынтам жиырма жасымдағы кезіме қарағанда әлдеқайда жоғары болатын»... Айтқанындай, осыншалықты ынтасының арқасында Ибни Ақил ғылымның 20 шақты әр түрлі саласында өте құнды еңбектер қалдырған. Көп кітап оқуға құштар Жахыз кітап сатып ала беретін ақшасы болмағандықтан, кітапханаларды түні бойы жалға алып, кітап оқумен айналысатын болған.

Андалусиялық ғалым – Ибну Рушд үнемі кітап оқудан бас алмайтын. Кітап оқымай өткізген өмірінде екі-ақ түні болған екен: біреуі – үйленген түні, екіншісі – әкесі қайтыс болған түн. Фахраддину-Рази дастархан басында да бір жағынан тамақ жеп, екінші жағынан шұқшия кітап оқитын. Үйінен шығып мешітке жеткенше көлікте отырып шәкірттеріне сабақ берумен болатын деседі. Рази уақытқа қатты көңіл бөлген. Атақты ғалым Ибни Тәймия ғылым-білімнің көбін ұйқысын қиған уақыттарда жинақтаған. Кітап оқуға отырған кезде беліне дейін түсетін шашын жоғарғы бір шегеге байлап қоятын. Ұйқысы кеп, басы түсіп кеткен кездері байлаулы шашы оған кедергі келтіретін. Медицина саласында өте мықты еңбектер қалдырған, қан айналымын тұңғыш рет ойлап тапқан ғалым Ибну-Нәфс жазу кезінде қолындағы қаламның сиясы бітіп қалғанда, оны ашып уақыт шығындамау үшін қасына бірнеше қалам қойып қойып, солардың кез-келгенімен жалғастыра беретін. Ибнул-Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе – уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатам», - дейді. Оның өміріне көз жібергенімізде, расында да, оның уақытты өте үнемді пайдаланғанын байқаймыз. Ғылым-білім, жазу, пәтуамен өткізген өмірінің бір сәтін де бекерге өткізбеген. Ғылымның қай саласында да еңбек жазып қалдырған. Кейбіреуі 20 томға жететін 340- тан астам еңбек қалдырған. Күн сайын төрт қалың дәптерлік жазу жазған. Бір жылда жазғаны 50-60 томға жеткенін байқаймыз. Ибнул-Жаузидің кітап жазу кезінде ұштаған қалам жаңқалары ол қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен екен /Заман шууру, Сызынты, 12, Ибрахим Рафиқ Б.151/.

Байқасақ, «Адам баласы екі нәрсенің қадірін білмейді: бос уақыт және денсаулық» деп хадисте ескертілген әрі кезінде ислам ғұламалары осыншалықты көңіл бөлген уақыт мәселесіне біз бүгін өте самарқау қарайтын сияқтымыз. Өйткені, бүгінгі күні уақытты өлтіретін жаулар көбейген. Соның бірі- теледидар деуге болады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні көк сандығы жоқ үйді елестету қиын. Алайда, осы теледидардың уақыттың нағыз жауы екеніне екінің бірі көңіл бөле бермейді. Орташа есеппен күніге 3 сағат теледидар тамашалайтын адамның жылдық осыған жұмсалатын уақты 1095 сағатты құрайды екен. Бұл дегеніңіз күндіз-түні 45 күн деген сөз. Яғни тоқтамай көрген 45 түн мен 45 күнге тең. Есіл уақыт! Ал, теледидарға босқа кеткен осы 1095 сағат ішінде қандай істер бітіруге болады, соны бір көрейік. Бұл уақыт оқушының бір жылғы орташа оқу жылынан да асық. Яғни 1 жыл оқымай қалдыңыз деген сөз. 1095 сағат ішінде шет тілін өте жақсы меңгеруге болады. Яғни теледидардың кесірінен біз бір шет тілін үйрене алмай қалудамыз. Ал, кітап оқығыңыз келсе, өте баяу оқитын адамның өзі осыншама уақытта 25 мың беттік кітапты оқып тауысады екен. Ал, әрбір әрпі сауапқа батыратын Құран Кәрімді оқимын десеңіз, 1095 сағат ішінде сіз оны 10 рет хатым (бастан-аяқ оқу) жасайды екенсіз. Осы уақыттың үште бірін ғана қаза намаздарыңызға бөлетін болсаңыз, онда 3 жылдық борышыңыздан еркін құтылады екенсіз.

Бұны осылай көбейте беруге болады. Міне, теледидар көрудің адамды қаншама игілікті істерден құр қалдыратынын осыдан-ақ байқауға болады. Уақыттың тағы бір жауы ол – ұйқы. «Ұйқы - өлімнің бауыры» деген Пайғамбарымыздың хадисін әрі «Көп білмек болсаң, аз ұйықта», «Түнгі ұйқысын түгел ұйықтаған адам мақсатына жете алмайды» деген халық даналығының астарын түнгі уақыттарын шығармашылыққа арнаған, ұйқымен өткен уақыттарын өлдіге балап өкініш білдірген Мұқағали ағамыздың мына бір ғибратты өлеңінен аңғарғандаймыз:

Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,

(Ұйықтасын сапарларын тәмамдаған).

Алдымда сапар жолы тарам-тарам,

Ұйықтасам, барлығынан қараң қалам.

Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,

Ұйқы тең шала-жансар өлімменен.

Қанша менің өлді екен уақытым,

Ақ төсек, ала жастық кебіндеген?!

Рас, уақыттың бұдан да басқа жаулары өте көп. Көп сөз, көп қыдыру да солардың қатарында. Біле білгенге уақыт ол – мүмкіндік. Адам мүмкіндікті дер шағында пайдаланып қалмаса, «қолын мезгілінен кеш сермесі» анық. «Уақыт адамзатпен санаспайды, ал уақытпен санасқан адаспайды» деп түйген халық нақылын мына бір дәмді ой да аша түскендей: Бір жылдың қадірін білем десең, сыныпта қалған оқушыдан сұра. Бір айдың қадірін білем десең, нәрестесін сегіз айлығында босанған келіншектен сұра. Бір аптаның қадірін білем десең, апталық газет шығаратын редактордан сұра. Бір сағаттың қадірін білем бір-бірін асыға күткен ғашықтардан сұра. Бір минуттың қадірін білем десең, пойызынан қалып қойған жолаушыдан сұра. Бір секундтың қадірін білем десең, жол апатының алдын алуға үлгермеген жүргізушіден сұра. Бір мини секундтың қадірін білем десең, әлемдік жарыста күміс жүлде алған желаяқ жүгірушіден сұра! Иә, үлкен жетістіктерге жеткен ұлы кісілердің барлығы да уақыттың қадірін біліп, оны өте тиімді пайдалана білгендер.

Бірде «Мені жарты сағаттан кейін оятыңызшы» деп көз ілмек болған Эйнштейнді қызметшісі «біраз тынықсыншы» деп бір сағаттан кейін барып оятса керек. Тұра сала жалма-жан сағатқа қараған ғалым жарты сағаттан кейін оятпаған қызметкеріне қатты ренжіп, «Ал жарты сағатымды қайтарып беріңіз онда» деп кейісе керек. «Ұрланған заттың орнын басқа нәрсемен толтыруға болады, ал ұрланған уақыттың орнын еш толтыра алмайсың» деген Гете де уақыт мәселесіне бей-жай қарамаған. Абай атамыз да өз өлеңінде уақыттың қайта айналып келмейтіндігін, шық-шық еткен сағаттың уақыттың ұрысы екенін тамаша бейнелеген:

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Үнемі өмір өтпек - ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі ұры шықылдаған,

Өмірді білдірмеген күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді кетті,

Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.

Иә, адам баласы «қайта айналып бұрылмайтын, бұлдыр» уақытты өте тиімді пайдалануы керек. Осы себепті болар, еңбекқор қытайлар да уақыт мәселесіне келгенде «Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың» деп безектейді екен. Осы орайда «Рахат – рахатты тәрк етуде» деген шығыстық аталы сөздің мәніне тоқтала кеткен де орынды. Ол қазақтың «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегенімен үндес. Барлық уақытша қызықты қоя тұрып, дер кезінде қимылдаған адам кейін соның жемісін жемек. Ал уақытын бекер ойын-күлкімен, шегірткеше ән салып, көгалды қуып гөлайттаумен, желікпен өткізген жан кейін өкінішпен бармақ тістемек. «Рахат – рахатты тәрк етуде» деген сөзді кең мағынада алар болсақ, бұл дүниелік уақытын өткінші қызыққа алданып, бекер өткізбей, Алла алдындағы мұсылмандық парыз, қарыздарын өтеумен бейнеттеніп өткен жан да о дүниелік шынайы мәңгілік рахатын осы дүниедегі өткінші жан рахатын тәрк етуден таппақ.

материал «Ислам және өнеге» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: