Өмірде кемшілік жасамайтын екі-ақ адам бар

Өмірде кемшілік жасамайтын екі-ақ адам бар

Ғибратнама
Жарнама

Ауа жұтып, жер басып жүрген пенденің өмірде ағаттықтан ада, қателіктен күде, періштедей пəк ғұмыр кешуі қиын. Сол себепті әркімнің-ақ кейде жіберіп алған қателігіне басқалардың түсіністікпен қарап, бетке баспағанын қалайтыны белгілі. Осы орайда тағы бір мұсылмандық мінезге салмақ түсері анық. Ол – басқалардың айыбын жасыра білу.

Күнделікті өмірде өзімен бірге жүрген жандардың аңдаусызда жасаған қателіктерін сөзге таңбай, оны жасыра білу, ешкімнен ілік іздемеу Құранда ескертілген адами мінезге жатады. «Хұжурат» сүресінің 12-аятында бұл жайлы «Әй, иман еткендер! Бір-біріңді аңдымаңдар (кемшілік іздемеңдер)!» делінген.

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Адамзаттың асыл тәжі ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің өнегелі өмірінде ешкімнің қателігін көзіне шұқып көрсетіп, бетіне баспаған. Қате істі байқаған сәтінде, сол кісінің атын жарияға жар салмай, мешітке жиналған жамағатқа жалпылама ескерту жасайтын. Елге қарата: «Араларыңыздан кей кісілерге не болған, осындайосындай жамандыққа бой беріп жүр», – дегенде, кімге қарата айтылғанын әлгі адамның өзі іштей сезіп, көп өтпей сол қателігін түзететін.

Пайғамбарымыз үшін әр сахабасының беделін қорғау, қателігін жасыра жүріп, қатардан қалдырмау, құласа қолдап, сүрінсе демеу мұсылман қоғамының тыныштығына сызат түсірмеу үшін өте маңызды еді. Хадистерінде үнемі өзге мұсылмандардың айыбын жабуға шақырып: «Кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Алла да сол адамның қиямет күні айыбын жасырады», «Кімде-кім бауырының айыбын жапса, тірідей топыраққа көмілген қыз баланы аман алып қалғандай сауапқа кенеледі», «Діндес бауырын бір кінәсі үшін айыптаған адам сол күнәні өзі де істемейінше өлмейді» деп, әр мұсылман үшін кісі айыбын жабудың қаншалықты жауапты әрі сауапты екенін білдірген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) біреудің үйінің ішіне рұқсатсыз үңіле қараудың өзіне тыйым салғандықтан, сахабалар бұған қатты көңіл бөлген. Қажет кезінде бір-біріне ескерту жасаған. Айталық, Ұқба ибн Амр мен Әбүл-Хайсам арасындағы мына бір оқиға ғибрат аларлық.
Бірде Әбүл-Хайсам:
– Біздің кей көршілеріміз арақ ішеді. Осыларды ұстап беріп, бір жазалатсам ба екен? – дейді.
Ұқба ибн Амр:
– Қой, олай жасағаның жөн болмас. Одан да оларға насихат айт. Қайдан, мені тыңдар емес. Әй, жазалатқан дұрыс-ау.
Жоқ, ондайға бармағаның абзал. Өйткені мен Алла елшісінің «Кімде-кім бауырының айыбын жапса, тірідей топыраққа көмілген қыз баланы аман алып қалғандай сауапқа кенеледі» дегенін естіп едім, – деген еді.

Сахабалардан Әбу Дәрда (р.а.) бірде күнә істеген адамға жолықты. Сол жердегілер әлгі кісіні жерден алып, жерге салып ұрсып жатты. Бұны естігенде Әбу Дәрда (р.а.) оларға: «Қойыңыздар, бұларыңыз не? Бұл кісінің құдыққа түсіп кеткенін көрсеңіздер құтқарар ма едіңіздер?» – деді. Олар: «Иә», – дегенде, «Онда бауырларыңызға ауыр сөз айтпаңыздар. Одан да сіздерге саулық берген Аллаға мақтау айтыңыздар», – деді. Олар: «Сен сонда бұған ашуланбайсың ба?» – деп сұрағанда, «Мен бұл кісінің жеке басына емес, істеген қылығына ашуланам. Осы қылығын қойса болды, ол менің бұрынғыша бауырым», – деп жауап қатты.
Кісі айыбын жабу – біле білгенге Жаратушымыздың бір мінезі. Бұған Мұса пайғамбардың кезінде болған мына бір оқиғаны тілге тиек еткен орынды.

Бірде елді қуаңшылық жайлап Мұса пайғамбар (а.с.) қауымын ертіп, тасаттыққа шығады. Дұға жасап, Алладан жаңбыр тілейді. Бірақ дұға қабыл болмай, жаңбыр жауа қоймайды. Сонда Мұса пайғамбар (а.с.) қолын жайып: «Я, Алла тағалам! Сен менен тіле, сонда жаңбыр жаудырам, қуаңшылықтан құтқарам деп едің. Бірақ қанша дұға жасасам да, дұғамды қабыл қылмауыңның хикметі не?» – деп сұрайды. Сонда Алла тағала: «Дұғаңның қабыл болмауы, араларыңда жасаған күнәсына тәубе етпеген біреу бар, сол тәубаға келмейінше дұғаң қабыл болмайды», – деп жауап қатады. Сонда Мұса пайғамбар: «Онда ол адамның кім екенін білдіре гөр», – дегенде, Алла тағала: «Менің бір есімім – Саттар, яғни пенделерімнің күнәларын жасырып тұрамын. Ешбір құлымның күнәсін әшкерелегенді қаламаймын. Сендер бірің қалмай тегіс тәубаға келіңдер, сонда араларыңдағы әлгі кісі де тәуба етеді», – деген екен.

Байқасаңыз, Алла тағаланың өзі де құлдарының ешбір күнәсін әшкерелегісі келмейді. Қайта Ұлы Саттар ретінде олардың күнәларын жауып тұрады. Демек, бұл – күнә атаулыдан пәк Ұлы Жаратушымыздан жұғатын сипат болғаны. «Білімді адам әр нәрсенің байыбын айтады, білімсіз адам басқаның айыбын айтады» демекші, өзгенің айыбын жасыра білу – барша пайғамбарлардың да бойындағы көркем қасиеттердің бірі. Ешбір пайғамбар өз үмбетінің қателіктерін жіпке тізу арқылы оларды имандылыққа тәрбиелемеген.

Иса пайғамбар (а.с.) айтқан екен деген мына бір оқиға осыны ұқтыруда. Иса пайғамбар (а.с.) бірде: «Ұйықтап жатқан адамның ұятты жері ашылып қалса, қайтер едіңдер?» – дегенде, насихат тыңдауға жиналғандар: «Жабамыз», – деп жауап қатады. Иса пайғамбар (а.с.): «Қайдам, қайта жабық тұрған жерлерін қоса ашып тастайтын сияқтысыңдар», – дейді. «Ол не дегеніңіз?» – дегенде, ол өз сөзінің астарын былай деп түсіндіреді: «Біреудің айыбын жасыру – ашылған адамның ұятты жерін жапқан тәрізді адамдық іс. Ал қосыла жамандасу – ашылмаған жақтарын да қоса ашып тастағанмен тең. Бұл өте үлкен тәрбиесіздік», – деген еді.

«Кісі айыбын ашқаннан жапқан жақсы» деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, расында да кісі айыбын жаба білу пайғамбарлардың жолын ұстанудан, сахабалардан өнеге алудан, үлкен адамдық мінезден туатын қасиет. Өйткені, ешқашан «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» болған емес. Бұл «Адам баласының барлығы қателеседі...» деп хадисте де анық ескертілген. Қазақ халқы өз танымында мінсіздікті тек Құдайға ғана жарастырып, «Ай кірсіз, Құдай мінсіз» деп қараса, қытайлар «Өмірде кемшілік жасамайтын екі-ақ адам бар. Біреуі әлі туылмаған сәби, біреуі әлдеқашан өліп қалған адам» деп біледі екен. Біреудің айыбын жұртқа айту – әлгі адамның беделін түсіруге бағытталатын, әрі сол туралы естіген жұрттың жаман ойлауына жол ашатын нашар әдет. «Егер біреудің жасырын күнәсін әшкере етсең, оны ашық істеуге итермелеген боласың» деп хадисте ескертілгендей, айыбы әшкере болған жан бұрынғыдай қымсынуын, әлгі қылығын жұрт көзінен жасыруын, іштей ұялуын доғара бастайды. Ал дінімізде басқаның жамандығын сөз ету былай тұрсын, басқа бір мұсылман жайлы жаман ойға барудың өзіне де тыйым салынған (суи зан). Өйткені, бұл ешқашан адамдардың арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластықты, бауырмашылдықты арттырмайды, қайта олардың арасына іріткі салып, бір-бірінен суытады. Бұның аяғы көп жағдайда жауластыққа, дау-жанжалға, бір-бірінің кем-кетігін қазбалауға, көрген жерде алакөзденіп, сырт айналуға, қапысын тауып кек алу секілді дұшпандық әрекеттерге ұласуы бек мүмкін. Дініміз бұны иманның әлсіздігіне балап, одан мейлінше сақтандырған. Басқаның айыбын айтушы бұдан тыйылмаса, өз айыбын да Алла тағаланың масқара түрде әшкерелейтіндігі ескертілген: «Уа, тілдерімен иман айтып, алайда ол имандары жүректеріне әлі толық орныға қоймаған пенделер! Мұсылмандарды қорламаңдар, оларды сөкпеңдер, кемшіліктерін іздемеңдер. Кімде-кім бір мұсылман бауырының кемшілігін іздесе, Алла да ол адамның кемшілігін іздейді. Ал егер Алла біреудің кемшілігін іздесе, үйінің ішінде отырса да, оның масқарасын шығарады».

«Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен, сынауға тіптен құмар кім көрінген» деп Мұқағали ағамыздың кейігеніндей, адам бойынан осалдық емес жайсаңдық, жамандық емес жақсылық көре білу – нағыз адамдыққа тән қасиет. Алайда, неге екені адамдар бірден кемшілік іздеуге әуес-ақ. Бірде ғұлама кісі шәкірттерінің алдына ақ қағаз жайып, ортасына кішкене ғана нүкте белгілепті. Сөйтіпті де: «Сендер бұдан не көріп тұрсыңдар?» – деп сұрапты. Шәкірттері: «Кішкене нүкте көріп тұрмыз», – дегенде, «Ойпырым-ай, алдарыңа жайған көлдей қағаздың ақ жағын емес, ортасындағы кішкене ғана дақты сөз еткендеріңе жол болсын. Бұл сірә, басқаның бірден жаман жағын көргіш адам мінезін байқатса керек. Бұдан былай өмірдің жақсы жағы мен адамның жағымды қасиеттерін де көре білуге дағдыланыңдар», – деп өмірлік мәні зор сабақ ұқтырған екен. Ақыл-ойы толысқан, парасатты адамдар елден кемшілік іздеудің орына өз мінін түзетуге көбірек күш салған. «Өз мінін білген адам – әулие» деген халық даналығы осыдан туса керек. Бұған қоса, «Батпан-батпан мінің бар», – деген Үмбетей жыраудың, «Өз мінін білген жігіттің, тәлімінде мін бар ма?!» – деп ой салған Ақтамберді жыраудың, «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес, жүрегімді байқасам, инедейін таза емес», – деген Абай аталарымыздың сөздерін еске алсақ, олар ел мінін сөз еткеннен гөрі бойдағы өз міндерін жетерлік деп білгенін көреміз.

Сен біреудің айыбын ашпа,
Түн сықылды перде тарт.
Күн сықылды аша берме,
Жер жүзінің әр сырын, – деген Шәкəрім бабамыз өзгенің мініне кешіріммен қарау турасында тағы да былай деген:

Біреудің мінін кешірсең,
Саған да Құдай кешеді.
Бірінде қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін Алла шешеді.
Рахымы жоқ пенденің
Орны жаман деседі...

Иә, басқалардың айыбын мүмкіндігінше жасыру, ешкімнен кемшілік іздемеу, әркімді сынап-мінеуден сақтану, одан да өз мініңді түзеуге күш салу – кемел адамдық пен нағыз мұсылмандық қасиет.
Сахабалардан Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) бір күні Қағбаға қарап тұрып: «Уа, Қағба, сен неткен зорсың! Саған деген құрмет те зор. Алайда Алла есебінде мүминнің абыройы сенен әлдеқайда биік», – деп, Хақ тағала сүйіп жаратқан әрбір мұсылманның беделіне нұқсан келтірмеу, адамдық биігін аласартпау қажеттігін білдірген екен.

Олай болса, кісі айыбын жаба білу арқылы адамдардың татулығына қызмет еткенге, әркімнің жақсы қасиеттеріне ғана көңіл аударып, ізгілік гүлін солдырмағанға не жетсін?!

материал «Ислам және өнеге» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: