Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) бес өсиет

Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) бес өсиет

Ғибратнама
Жарнама

Ардақты Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) – адамзаттың асыл тәжі һәм үмбетінің рухани әкесі. Бұл жөнінде Құран Кәрімнің:

«Пайғамбар мұсылмандарға олардың өздерінен де жақын. Ал оның жұбайлары – олардың аналары...» («Ахзаб» сүресі, 6-аят) аяты осының бір айғағы іспетті. Жүректердің сұлтаны (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бағзы сахабаларға арнайы әкелік ақыл берген. Ал кейбір сахабалар арнайы өздері үшін өсиет айтуды өтінген. Соның бірқатарын еске түсіріп көрейік. 

Бірінші өсиет. Әбу Зарр Жундуб ибн Жунада (р.а.) риуаяты: «Уа, Алла елшісі! Маған өсиет айтыңызшы, дегенде: «Қайда болсаң да Алладан қорық, жамандықтың артынан оны өшіретін бір жақсылық ілестір. Адамдармен жақсы мінез-құлықпен аралас», – деген екен.
Үш ақыл. Үш алтын қағида. Қоғамдық орында, оңаша қалғанда. Намаз оқып құлшылық жасап тұрғанда, жұмыс орнында, отбасымен бірге отырғанда және басқа да кез келген жағдайда тақуалық ету. Пендешілікпен жамандық істеп қойған жағдайда, артынша сол жамандықты жуып-шаятын жақсылық жасауға ұмтылу. Адамдармен үнемі жақсы мінезді боп қарым-қатынас жасау. Міне, осы пайғамбарлық өсиетті орындай білсеңіз, балаңыз да сізден ол қасиеттерді алады.

Екінші өсиет. Ғирбад ибн Сария (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізбен таң намазын оқып, сосын асқан шешендікпен насихат айтты. Жұрттың көзінен жас ағып, жүректер елжіреді. Сонда біреу: «Уа, Алла елшісі! Бұл қоштасушы адамның сөздері сияқты екен, бізге өсиет айтыңыз», – деді. Сонда Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сендерге Алладан қорқуды өсиет етемін. Хабаш қара құл болса да басшыға құлақ салып, бағынуды өсиет етемін. Өйткені менен кейін өмір сүргендерің көптеген қарама-қайшылықтарға куә боласыңдар. Сендер менің және тура жолдағы халифаларымның жолына (сүннетіне) берік болыңдар. Ол сүннетке тістеріңмен жармасыңдар. (Діндегі) жаңалықтан сақ болыңдар. Ақиқатында, (діндегі) әрбір жаңалық – адасушылық», – деген екен.

Үшінші өсиет. Әбу Зарр Жундуб ибн Жунада (р.а.) риуаят етеді: «Менің досым (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына жақсы қасиеттерді өсиет етті: «Өзімнен биік тұрған адамға қарамауды, өзімнен төмен тұрғанға қарауды өсиет етті. Мұқтаж-міскіндерді жақсы көріп, оларға жақын жүруді өсиет етті. Теріс айналып кетсе де туған-туысқандармен ара-қатынасты үзбеуді өсиет етті. Алла жолында жазғырушының сөзінен қорықпауды өсиет етті. Ащы болса да ақиқат сөзді айтуды өсиет етті. «Лә хаулә уә лә қууатә иллә Билләһ» сөзін көп айтуды өсиет етті. Расында, бұл сөз жаннат қазынасынан»6, – деген екен.

Ең маңызды жайттың бірі – балаға адамдардың мал-дүниесіне байланысты мәміле жасамауды үйрету. Адамның құндылығы дәулетінде емес адамгершілігі мен мінезінде екенін ұқтыру.

Төртінші өсиет. Әбу Сағид Худри (р.а.) риуаяты: «Бір кісі келіп: Маған өсиет айтыңызшы, – деді. Сонда: «Сенен алдын мен Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сен сияқты өсиет етуін сұраған едім. Сонда Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Саған Алладан қорқуды (тақуалықты) өсиет етемін. Себебі, тақуалық – әрбір нәрсенің бастауы. Жиһадты өсиет етемін, ол – Исламдағы сопылық. Алланы зікір етіп, Құран оқуыңды өсиет етемін, ол – аспандағы рақатың, жерде ел есінде болуың», – деген еді.
Бұл өсиетте Құран оқудың қасиеті айтылуда. Расында, балаға бастапқыда Құранды дұрыс оқу, есейе келе Құран аяттарының түпкі асыл мағыналарын үйретсеңіз перзентіңіз өмірдегі дара жолын табары сөзсіз. Ал Құран аяттарын мешітте үйренген дұрыс.

Бесінші өсиет. Абдулла ибн Аббас (р.а.) риуаяты: «Бір күні Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) артында болатынмын. Ол кісі маған: «Балам! Мен саған бірер сөздерді үйретемін: Алланы есіңде сақта, Алла сені сақтайды. Алланы есіңде сақта, (керек кезде) қарсы алдыңнан табасың. Бір нәрсе сұрағың келсе, Алладан сұра. Көмек қажет болса, Алладан жәрдем тіле. Біл! Егер халық жиналып саған бір пайда бермек болса, Алла маңдайыңа жазған нәрседен артық бір пайда бере алмайды. Ал егер халық саған бір зиян тигізбеп боп жиналса, Алланың саған жазған зиянынан басқа ешбір зиян тигізе алмайды. (Тағдыр жазған) қалам көтеріліп, парақтар кеуіп бітті»7, – деген екен. Ғажайып өсиет. Керемет айтылған. Әрине, Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөздері болғандықтан ең асыл сөздер.

материал «Ұлы тұлғалардың ұрпағына насихаты» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: