Әбу Ханифаның (р.а) шәкіртіне жазған өсиеті

Әбу Ханифаның (р.а) шәкіртіне жазған өсиеті

Ғибратнама
Жарнама

Хусейн ибн Бишр ибн Қасим өзінің әкесінен былай деп естігенін айтады:

Мен Нұх ибн Әбу Мәриямның былай дегенін естідім: «Мен Әбу Ханифадан хадистердің мағынасын сұрағанымда сол хадистерді маған түсіндіріп, ашықтап, баяндап беретін еді. Сондай-ақ, мен одан жабық әрі терең мәселелер жайлы сұрайтынмын. Ал, көбінесе сұрайтыным, қазылық пен шариғи шешімдер жайлы еді. Сондықтан, бір күні ол маған: «Қазылық есігін қағып жатырсың ба?» - деді.

Мерв қаласына оралғанымда, көп уақыт өтпей қазылықпен сыналдым8. Ол кезде Әбу Ханифа (Алла ол кісіні рахымына алсын) әлі тірі еді. Осы болған жәйтті баяндап, одан кешірім сұрап хат жолдадым. Сөйтіп ол маған: «Әбу Ханифадан Әбу Ғисмаға: «Сенің хатың жетті, оны толық оқыдым. Расында саған өте үлкен аманат беріліпті, оны үлкен адамдардың өзі дұрыс орындауға қауқарсыз. Сен қазір батып жатқан адам секілдісің, сол үшін де өзіңе шығатын бір жол тап.

1. Алладан қорық! Себебі, Алладан қорқу – істің негізі, қиямет күні аман қалуыңа себеп, әрі барлық бәледен құтқарушы. Ол арқылы пенде ең жақсы ақырға қол жеткізеді. Алла Тағала ақырымыздың хайырлы болуын нәсіп етіп, Өзінің ризашылығына жетуге демеу берсін! Расында ол бәрін Естуші, өте Жақын.

2. Расында, қазылық есіктері тек Құран мен сүннеттің негіздерін, сахабалардың сөздерін білетін, өзінің жеке ойы, түсінігі бар өте білікті ғалым болмаса, басқасына беріле бермейтінін біл! Егер қандай да бір мәселеде күмәндансаң, Құранға, сүннетке және ижмағқа қайт. Жауабыңды анық тапсаң, оған амал ет! Олай болмаса, соған ұқсас мәселелерде ізде! Усульдан тапқан жауабына дәлел тап! Усульға ең жақыны мен ең ұқсасына амал ет!

3. Білім иелері мен ақылды кісілермен кеңес. Өйткені, олардың ішінде Алла қаласа сен ұқпаған дүниелерді білетіндер бар.

4. Сенің алдыңа екі дауласушы келгенде, әлсіз бен мықтының, сыйлы кісі мен дәрежесі төмен кісінің деңгейін теңдей көр. Оларға сөйлегенде де, оларды күтіп алғанда да бірдей мәміле жаса. Сыйлы болған кісі сенен бір нәрсе дәм етіп қалатындай, ал төмен дәрежелі адам өзінің төмендігі себебінен үмітсіз қалатындай әрекет көрсетпе.

5. Алдыңа екі қарсылас отырса, екеуі нық отырып әрі ұялуы мен қорқыныш сезімдері сейіліп кеткенінше оларға тиме. Кейін олармен жұмсақ сөйлес, сөзіңді түсінікті етіп айт. Әрқайсысының сөзін толықтай дұрыстап ұғып ал. Оларды асықтырма, өздерінің қалағанын толықтай айтып болғанша оларға ешнәрсе айтпа. Екеуінің біреуі артық кетіп жатса ғана оларды тый. Әрі не үшін олай жасағаныңды оларға баянда.

6. Мазасыздық, ашу, көңілсіз болған кезде үкім шығарма.

7. Зәрден қысылып тұрғанда, аш болған күйде, жүрегің бір нәрсемен алаңдап тұрған кезде үкім беруден аулақ бол! Қазылықты жүрек басқа нәрселерден бос болған кезде ғана атқар.

8. Туыстар арасында үкім шығаруға асықпа! Оларға бірнеше мәжіліс қайталап өткіз, мүмкін олар өзара келісіп алар. Келіссе келісті, шешімге келе алмаса, сол кезде үкім шығар.

9. Шығарылған үкімнің нақты себебін анықтамай тұрып үкім шығарма!

10. Куәгерге сыбырлап көмектеспе!

11. Мәжілісте де біреумен сырласпа

12. Ешкімге ишарат жасама!

13. Жақындарыңа қандай да бір істі міндеттеме!

14. Барғаның басқаларға күмән тудырса, онда шақырылған жерге қонаққа барма!

15. Қазылық мәжілісінде ешкіммен сөйлеспе!

16. Алладан қорқуды бәрінен жоғары қой. Сонда ол сенің ақыреттік әрі дүниелік істеріңе жеткілікті болады. Тақуалықта болу саған бейбітшілікті нәсіп етеді.

материал «Имам Ағзамның өсиеттері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: