Ұрыдан патшаға айналған жігіттің хикаясы

Ұрыдан патшаға айналған жігіттің хикаясы

Ғибратнама
Жарнама

Бағзы бір заманда бір шаһарды билеп тұрған патша болыпты. Әлгі патша қаншама жыл билік еткен кісі екен. Қартайған сәтінде артында қалған патшалықты мұрагерлікке қалдырайын десе ұл баласы жоқ. Тек жар дегенде жалғыз айдай сұлу енді бойжеткен қызы ғана бар екен. Сөйтіп патша мен өлсем мирасқор боларлық жігіт керек деп әлгі қызына күйеубала іздестіреді.

Бірақ ешқандай да мал-мүлкіне қарамай, ең тақуа деген күйеубала болатын болсын. Шаһардағы ең тақуа, ең ғибадатшыл, иманды жас жігітті тауып әкеліңдер деп бүкіл сарайындағы қызметшілерге бұйрық береді. Не керек, таппасаңдар үлкен жазаға тартамын деген соң, барлық әскері, нөкерлері мен уәзірлері шетінен әмірін орындауға кірісіпті. Ары-бері барша қаланы тінтіп, жазадан қорыққан нөкерлері патша айтқандай ең тақуа деген жігітті таппайды. Тексермеген, көрмеген үйлері жоқ. Ақырында Алладан жәрдем сұрап топ болып дұға етіпті. Әне-міне дегенше кеш батып күн ұясына кіріпті. Олар болса Алладан үміттерін үзбепті.

Қараңғы тым-тырыс түн. Бір кезде сол шаһарда тұратын жас жігіт бар екен. Айналысатын кәсібі жоқ. Тек түндерде көше кезіп ұрлық жасайды екен. Сөйтіп ол ұры жігіт қарны ашып, мазасы қашып сол түні көше кезеді. Көршілерінің үйіне ұрлыққа түссе, ұсталып қалсам не бетімді айтамын деп түнде көше аралап жүріп қала метітіне кезігеді. Содан ұры жігітке бір ой келіп, «осы біздің мешіттің садақа жәшігі бар ғой» бәлкім соны тонап кетсем бе деп мешіт ауласына кірді. Терезеден секіріп кіріп садақа салынатын сандықшаны қараңғыда іздейді. Дым көрінбеген соң қабырғадағы май шамды жағады. Жарқ етіп жанып мешіт ішін жарықтандырғаны сол екен. Кенеттен әлгі патшаның бұйрығымен түн жортып жүрген адамдар мешітке жарық жанғанын көреді. Сөйтіп бәлкім біз іздеген тақуа жігіт осы мешітте болса керек. Неге бұл жерді көрмегенбіз деп іле-шала мешітке жетіп келеді. Жігіт сандықшаны енді ала бергенде есік ашылғалы жатқанын дыбысынан сезіп не істерін білмейді. Ұстап алса мені дарға асады деп қатты қорқады. Терезеден қайта шықса біліп қояды ма деп бір амалын тез арада ойластырады. Сөйтіп ақыры тәуекел етіп қыблаға бет бұрады. Бір топ патшаның нөкерлері мешітке кіріп келеді.

Жігіт сол қыблаға қараған күйі таһаджуд намазын оқып жатқандай қиямда тұра қалады. Нөкерлер кірген сәттен қуанып кетіп біз іздеген осы сияқты десіп, мешіт ішінде олар Алладан көмек сұрайды. Сондай жалынып жалбарынып дұға қылады. Ұры жігітте жазадан қатты қорыққанынан намазда тұрғанындай түр білдірмей тіке тұрады. Жүрегі дүрсілдеп аузына тығылады. Қап!...Әттеген-ай! Біткен жерім осы шығар бұлар менің қылмысымды біліп қойған сияқты сол үшін күтіп тұрған сияқты дейді іштей. Осылайша жігіт те нөкерлерде бірлі-бірін күтіп ұзақ құлшылық жасайды. Қатты терлеп, үнсіз көздерінен жас парлай бастайды. Мұны естіп қалған нөкерлер одан ары оны күтуді жөн көріп қуанады.

Таң да атып келе жатқан уақыт болды. Ұры жігіт өз жөніне келіп, күнәсі үшін Алладан шынында кешірім сұрап, тәубе етеді. «Йа, Алла! Кешіре гөр, мендей күнәһар құлыңды кешіре гөр деп артында күтіп тұрған патшаның нөкерлерінен құтқаруын сұрайды. Үрей мен үміт арасында. Өлім сәтім келген сияқты деп қатты истиғфар айтып, жылаған күйде намазын ұзақ жалғастырады. Соңынан иманын үйіріп, кәлима шаһадатын айтып бұл ісім үшін мені дарға асар деп ақтық сәтіне дайындалады. Амалы таусылған жігіт бір кезде намазын аяқтап, екі жаққа сәлем береді. Мешіт кіреберісінде отырған патшаның жендеттері жанына жетіп келіп амандасады. Қолын маңдайын сүйіп әулиедей бәрі тегіс құрмет көрсетіп жатыр. Артынша үйленбегенсіз бе деп бірауыздан жамырасып уәзірлер алақ-жұлақ жөн сұрасты. Иә, бойдақпын деген сөзін ести сала нөкерлер: Алла сізді бізге өзі жолықтырыпты жүріңіз, сізді патшамыз іздеп жатыр. Құзырына шақырды деп тарпа бас салып біз іздеген тақуа жігіт сіз болған екенсіз деп сарайға сүйрейді.

Таң атысымен сарайға аяғын жерге тигізбей көтеріп кіргізіп патшаның алдына әкеледі. Мән-жайды әлі түсінбеген жігіт не істерін білмей үрейленеді. Патшаның алдында отырған оны барлық нөкерлері шеттерінен мақтайды. «Бұл кісі ең әулие жігіт. Түні бойы таң атқанша құлшылық жасады. Намазды хушуғпен оқығаны сонша көздерінен жастар көп ақты. Патшам, мұнан асқан қаламызда тақуа жігіт жооқ!» деп қайта-қайта жақтары талғанша мақтайды. Жігіт уәзірлерге бір қарап, патшаға бір қарап, есі шығып жалтақтайды. Не істерін білмейді. Уәзірлерінің аузына қарап оның тақуалығын естіген патша ұры жігітке өз қызын береді. Ұлан асыр тойын қылып, жігітке разы болып, тұрмысқа береді. Сонымен артынан қалған патшалықты да аманат қылып тапсырып, байлығын мирас қылады.

Осылайша Алла ол жігіттің халін бір-ақ түнде өзгертіп жіберді. Ұрлық қылып мешіт тонауға келседағы жан ұшыра тәубе етіп кешірім сұраған күнәһар құлын мархаметіне бөледі. Үлкен нығметтер нәсіп қылды. Сөйтіп әлгі жігіт Раббысына шын жалбарынатын, расымен тақуа құлдардың біріне айналыпты. Сонда жігіт оңаша қалғанда, Алламен былай сырласады екен: «Йә, Аллаһым! Мен сияқты күнәһар, ұры пендең күнә істеуге Өз үйіңе барды. Әрі өтірік ғибадат қылып жазадан қорқып намаз оқыған сыңай таныттым. Соңында тәубеме түссем де мен сенен қатты ұяламын. Күнә алдында тұрсам да мол ризыққа жолықтырдың. Егер де мен сол кезде Үйіңе шын ниетпен ғибадат жасауға барғанымда мұнан да асқан жақсылығыңа қауыштырар ма едің?! Күнәһар құлдарыңа мейірімің қандай кең еді?! Неткен Ұлысың! Кешірімің мен Рахметің мені тәубеме түсірді, мені кешіре гөр!»,–деп истиғфар тілейді екен.

материал «Истиғфар - рахмет есігі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: