Жақсылықтың сауабы

Ғибратнама
Жарнама

Әбу Хұрайра (р.а.) пайғамбарымыздан мына бір хадисті жеткізеді:

«Бір жолаушы жолда кетіп бара жатып қаталап шөлдепті. Сөйткенше болмай алдынан бір құдық кездесе кетіп, су алып ішіпті. Су ішіп шыққаннан кейін қараса, шөлдегені сонша тілі аузына сыймай салақтап кеткен сонадай жерде жатқан итті көріпті. Ит өзінің шөлін қайтіп басарын білмей дымқыл топырақты жалап жатса керек. Мына ит те бағанағы мен құсап қатты шөлдеген екен ғой деп ойлаған жолаушы дереу қайта құдыққа түсіп аяқ киіміне толтырып әкеліп итке су беріпті. Жолаушының бұл жақсылығының Аллаһ тағалаға ұнағаны соншалық әлгі кісінің жасаған барлық күнәларын сол мезетте-ақ кешірген екен».

Бұны естіген сахабалар:

– Уа, Алланың елшісі! Сонда мал-жануарларға жасаған жақсылық үшін де бізге сауап жазыла ма? – деп сұрағанда, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) :

– Көкірегінде жаны бар қандай жан-жануарға болсын жасалған жақсылықтың сауабы болады, – деп жауап берді.

Бөлісу: