Құмар ойнап байыған адам жоқ

Ғибратнама
Жарнама

Құмар ойнамаса тұра алмайтын ауруға шалдыққан бір жас жігіттің алдына қойған жалғыз арманы болады. Ол – ең шебер әрі ешкім тең келмейтін құмарпаз болу. Осы мақсатының орындалуы үшін ұстаз іздеп бармаған жері баспаған тауы қалмады. Бірақ еш жолы болмады. Ол сонда да үмітін үзбей, ізденісін жалғастыра берді.

Бір күні бір жерде құмар ойнаудан алдына жан салмаған атақты бір құмаршы жайлы хабар алады. Әлгі жас жігіт мұны ести сала баруға бел буып, алдынан бір-ақ шығады. Көрісіп, қол алысып, танысқаннан кейін уақыт өткізбей дереу негізгі мәселеге көшеді. Оған ең шебер құмаршы болғысы келетіндігін айтып, осы үшін жәрдем беруін сұрайды. Егер үйретер болсаңыз не қаласаңыз да орындауға дайын екендігін айтады. Жасы егделеу тартқан құмаршы:

- Балам-ау сенің мұнша құмаршы болуға итермелеп тұрған не нәрсе? Мақсатың не, онымен не істемексің? – деп сұрайды. Сонда жігіт:

- Мен осы жол арқылы тез байығым келеді, - деп жауап берді. Мұны естіген құмаршы тәжірибесін былай бөліскен екен:

- Жігітім, егер құмаршы болу арқылы баюға болатын болса, мен байыған болар едім. Сен мені ең шебер құмаршы деп естіп, келіп отырсың. Мен шынында да, елдің айтқанындай құмарлықтың шегіне шыққан адам едім. Бірақ қазіргі халімді қара, жағдайым өте нашар. Сол құмардың кесірінен бала-шағамнан безіп, бар дәулетімнен айырылып тындым. Қартайған шағымда қурайдай қу басым ғана қалды. Сол кездегі істеген істерімнің жазасын енді тартып отырмын. Маған қара да ғибрат ал!

Бөлісу: