«Ашулы жұдырық – күліп тұрған бетті ұра алмайды»

Ғибратнама
Жарнама

Жұмсақтық – адам бойындағы ең асыл, баға жетпес мінездің бірі. Мінезі жұмсақ адам кешірімді, байыпты, байсалды, ашуға бой алдырмайтын, сабырлы, шыдамды, көңілдің күйін алыстан бағамдайтын парасатты, кішіпейіл, жанашыр, жылы жүзді, майда тілді келеді. «Қауызында дәні жоқ – сабан мінезді адам болады; қорсылдаса көңілі тоқ – қабан мінезді адам болады» деген секілді дөрекілік пен дойырлық қай кезде де рухани осалдық, жабайы мінез ретінде сынға алынып, ал жұмсақтық қай халықта да игі саналған.

Дана қазақ «Алмас қанжарды жұмсақ қайраққа қайрайды», «Түсі игіден түңілме», «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» десе, қарақалпақтар «Қатты ағашты жейтін – жұмсақ құрт», моңғолдар «Жұмсақ жүрек – жомарттықтан көп артық», қытайлар «Ашулы жұдырық – күліп тұрған бетті ұра алмайды» дейді екен. Армяндар «Айтқаның «жаным» болса, еститінің де «жаным»» деп ой салса, эстондар «Жылы сөз – салқын судан да жақсы сергітеді» деп бағалайды.

Байқасаңыз, бүкіл адамзатқа ортақ осы қасиет – мұсылманға тән мінез. Хазіреті Мұхаммед(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  пайғамбар болғанға дейін де, кейін де ең жұмсақ мінезді жан еді. Құранда Алла Тағала оның осы мінезін мақтап, қатал адамның маңайына жан жуымасын былай деп білдірген: «Алланың рақымдылығымен сен оларға жұмсақтық таныттың. Егер қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді» (Әли-имран сүресі, 159-аят).

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  өзіне жасалған қастандықтар үшін ешкімнен кек алуды көздемеген. Елшілік міндетін орындап, Ислам дінін жая бастаған алғашқы жылдары Құрайыштың азулы мүшріктері оны мазақтап, келеке-қылжаққа айналдырып, жүретін жолдарына тікен тастап, үстіне малдың қан-жынын төгіп, тасадан тас лақтыратын еді. Бұнымен қоймай, сиқыршы, айлакер, арбағыш, балгер, өлең шығарғыш деген секілді жаланың неше түрін жабатын. Алайда олар қанша жамандық жасаса да, пайғамбарымыз шыдамдылық танытып, ашуланбайтын. Өйткені ол қаттылыққа қарағанда жұмсақтықтың анағұрлым артық екенін, тамшылаудан танбаған су ғана тасты тесетінін, зорлықты тек сүйіспеншілікпен ғана жеңуге болатынын жақсы білетін. Жұмсақмінезділікті ол өз іс-әрекетімен үлгі етіп көрсетумен қатар, бірқатар хадистерінде де үмбетін осыған шақырған: «Қиямет күні Алланың алдында дәреже тұрғысынан адамдардың ең жаманы – мінезінің дөрекілігінен жұрт қашатын адам», «Алла Тағала – жұмсақ, әр ісінде жұмсақтық танытқандарды жақсы көреді, жұмсақ мінезділерге нәсіп еткен игіліктерін басқа ешкімге нәсіп етпейді» (Mүслим, Бирр уә сыла, 77), «Жұмсақтықтан мақұрым адам – барлық жақсылық атаулыдан мақұрым» (Мүслим, Бирр 75), «Адамдарға істің оңайын білдіріп, жұмсақтық танытқан мүмин тозаққа түспейді», «Қай жерге жұмсақтық ұяласа, сол жерді әсемдейді, жұмсақтық жоқ жерде ақау пайда болады» (Мүслим, Бирр 78) т.б.

Бір аймаққа сахабаларын жіберсе, «(Дінді) ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер. Жек көргізбеңдер, сүйдіріп үйретіңдер» (Бұһари, Ілім 11, Әдаб 80) деп ескертіп, қаттылықтың еш опа-жақсылық әкелмейтінін, қай кезде де жүрекке жұмсақтықпен ғана жол табу керектігін ұқтыратын.

Бір жолы пайғамбарымыз сахабаларымен мешітте әңгіме-дүкен құрып отырғанда, сырттан кірген бір бәдәуи әлден уақытта мешіт шетіне барып кіші дәрет сындыра бастады. Оның бұл қылығын көрген сахабалар ашумен өре түрегелісті. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  оларға: «Тиіспеңдер, аяқтасын. Артынан сол жерге бір шелек су төгерсіңдер, өйткені сіздер қиындатуға емес, жеңілдетуге жіберілдіңіздер»,- деп басу айтты. Іле әлгі бәдәуиді қасына шақырып, қателік жасағанын жай сөзбен былай деп түсіндірді: «Бұндай мешіт орындары дәрет сындыруға, я болмаса, басқа да ластықтар үшін арналмаған. Мешіттер Алланы еске алып, намаз оқу үшін, Құран оқу үшін салынады» (Бұһари, Уду 58, Әдаб 80).

Негізі сахабаларға қарағанда бұған Пайғамбарымыздың көбірек ашулануы керек еді. Неге десеңіз, өзі бас болып салдырған әрі тек ғибадатқа ғана арналған мешітте жасалған бұл іс дөрекіліктің сойқаны болатын. Алайда Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бәдәуидің оны әдейі емес, білместікпен жасағанына түсіністікпен қарап, барынша жұмсақтық танытты. Кешіріммен қарап, сабырға салды. Өйткені Екі жаһан сардары (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  нашар қылықты адамға жұмсақ мінезділік танытқанда ғана оның түзелетінін жақсы білетін. Жиырма үш жылдық тәлім-тәрбие жұмысында пайғамбарымызды зор табысқа жеткізген жайттардың бірі – оның кешірімді әрі өте жұмсақ мінезді болғандығы екенін осы мысалдан айқын аңғара түсудеміз.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  шаңырағындағы қызметшілеріне де барынша жұмсақ мінезділік танытатын. Айтқанын істемесе не ұмытып кетсе, сыпайы түрде ғана себебін сұрайтын.

Сахабаларымыздан Әнас ибн Малик Пайғамбарымыздың бұл қасиетін былай деп еске алады: «Он жыл бойы Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызметінде жүрдім. Сол он жылдың ішінде бір де бір рет мені сөккен емес, бір істі істемесем, «Қап, соны істеуің керек еді» деп, не болмаса «Бұны неге бұлай істедің?» деп қабақ шытқан емес» (Бұһари, Әдаб, 39).

Алла Тағала қатты азғындаған Перғауынды тура жолға шақыру үшін Мұса мен Һарұн пайғамбарларды жұмсағанда, «Барып оған жұмсақ сөз айтыңдар, мүмкін насихаттарыңа құлақ салар, бәлкім үрейленер» (Та-һа сүресі, 44-аят) деп, жұмсақтықты негізге ала отырып майда тілділікпен, жылы-жылы сөз бастау керектігін үйреткен.

Бірде Халифа Мәмунға бір кісі келіп, қателіктерін бетіне басып, қатаң ескертулер жасай бастағанда, Халифа оған қарап: «Әй, сенің мына дөрекілігіңді неге жатқызуға болады, кішкене жұмсақтау болсаңшы?! Алла Тағала сенен де жақсы кісілерді (Мұса мен Һарұнды) менен де нашар адамға (Перғауынға) жіберерде, жұмсақ сөйлеу керектігін айтпап па еді?!»,- деп, жоғарыдағы оқиғаны еске алып, жұмсақ тілмен айтылған насихаттың ғана адамға пайда беретінін меңзеген.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  өмірбаяны жазылған кітаптарда оның өте кішіпейіл, мейірімді әрі жұмсақмінезді жан болғандығының мысалдары көп кездеседі. Сахабалардың айтуынша, Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  ең нашар кісінің өзін ерекше ілтипат, жылы жүз, жұмсақ тілімен демде баурап алатын.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Алла Тағала барлық тіршілік иелеріне жақсы қарауды бұйырды. Олай болса, мал бауыздасаңыздар да оны қинамаңыздар. Малды бауыздарда пышақтарыңызды жақсы қайрап, оны жұмсақ бауыздаңыздар» деп, тіпті мал бауыздағанда да жұмсақтық пен аяушылықты ұмытпауды ескертетін (Мүслим, Сайыд, 57).

Үнемі Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жүзінен нұр, жүрегінен жылу төгіліп тұратыны әр сахабасы секілді Амр ибн Асқа да қатты әсер еткені соншалық, ол да Пайғамбарымыздың ең жақсы көретін адамы мен шығармын деген ойға қалған. Тіпті бірде шыдамай: «Уа, Алланың елшісі, айтыңызшы, Әбу Бәкірді көбірек жақсы көресіз бе, жоқ мені ме?»,- деп сұраған да еді. Пайғамбарымыздың өзіне жақын сахабаларына жиі көрсеткен бұндай жылы жүзділігі мен ыстық ілтипаты – үлгі-өнеге аларлық сүннет екені сөзсіз. Ибн Аббастың риуаят етуінше, хазіреті Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Абдулқайс ұлдарынан Әшажға: «Сенде Алла  сүйетін екі тамаша қасиет бар: ол жұмсақмінезділігің мен ықтияттылығың» дегенде де, бұл екеуі Құдай сүйетін ең керемет мінез екенін білдірген (Мүслим, Иман 25, 26).

Ақын ағамыз Мұқағалиша айтқанда, «Тайраңдап алды-артына қарамайтын түйсіксіз тайлақ» іспетті адуын не дөрекілік – көңілді қаралап, жанды жаралайтын, көргенсіздіктен туатын қаншалықты нашар қылық болса, майдай жұмсақтық, иілгіштік, кешірім жасай білу – тектіліктен, имандылықтан, көргенділіктен өріс алатын соншалықты ұнамды әрі зәру қасиет.

«Сен қатал, ашуланғыш болған сайын ісің өрге баспайды. Өзің жылы жүз таныта алмасаң, ел де саған тікенектері сойдиған кірпі секілді көрінері рас» деген мәнді сөздің егесі үлкен әулие Мәулана Руми бірде намаз оқып жатқанда, үйіне қайыршы бас сұғыпты. Мәулананың намазға қатты тұңғиықтап кеткенін көрген қайыршы дереу бір кілемшені ұрлап шығып кетсе керек. Бұны байқап қалған көршісі ол ұрыны базарда әлгі кілемшені сатып жібермек болып тұрған жерінен ұстап алып, ұрып-соғып Мәуланаға алып келіпті. Сонда әлгі ұрының кейпіне жаны ашыған Мәулана «Алса, бәлкім, керек болғаннан кейін алған шығар, соған бола бұл байғұсты ұрып-соқпай, қолынан сатып-ақ ала салсаң болмас па еді»,- деп аяушылық танытса керек. Апыр-ай, Пайғамбарымыз үйреткен кешірімділік пен жұмсақмінезділікті бойына осыншалықты сіңірген жандарға не деуге болады! Өзіне жамандық жасап тұрған адамның өзін кешіріп, жанашырлықпен қарай білу, оған қайта жақсылық жасау – ислам тағылымын терең меңгерген жандарда ғана кездесетін асыл қасиет болса керек! (Шамсаддин Ахмад әл-Афақи, Манақиб ул Арифин, Тахсин Языжы (Анкара: Түрік Тарих куруму басымеви, 1959), том І, 405).

Мұсылманшылықты ұстанған ата-бабаларымыз да халық арасындағы бауырмашылдық пен бірлікті, ынтымақ пен ағайындықты нығайтуда әрқашан жұмсақмінезді болуды насихаттаған. Әбубәкір Кердері бабамыз /1861-1905/ бұл қасиеттің бойдағы жылу, жүректегі иманнан келетінін білдіріп:

…Нұр иманның белгісі

– Көңліміздің жұмсағы!- десе, оны Әсет Найманбайұлы /1867-1923/:

…Мамықтай мінезіңді жұмсақ қылып,

Жылы жүз, тәтті сөзбен мақтауға тол, – деп толықтырады.

Ал Ахмет Яссауи бабамыз мұсылман баласының бір-біріне тым қатал болып кеткенін сынға алып, оны заманның сұмдығына балап, ашына өлеңге қосқан:

Мұсылман мұсылманға болды қатал,

Нақақ істеп хақ жұмысын бұзды батыл.

Мүрит пірге жылы жүзбен болмай жақын

Ғажап сұмдық замана болды, достар!

«Басына қонған бақыттың тұрақты болуы адамның жақсы мінез-құлқына байланысты» деп әл-Фараби бабамыз ой қозғаған жақсы мінез-құлық турасында  Алаш ардақтыларынан Міржақып Дулатұлы да шет қалмай:

Майда бол, жігіт болсаң тал жібектей,

Жақсы емес қатты болуы тікенектей,- деп, қаттылықты тиіп кетсең денеңді жарақаттайтын тікенекке ұқсатқан. «Көңілі жұмсақ адамның – күрмеуін Алла шешеді» деп, Шәкәрім бабамыз атаған биязымінезділік пен жұмсақтық, сыпайыгершілік пен майда тілділік әсіресе үлгілі сөз айтып, ұнамды ақыл-кеңес беретін, тәлім-тәрбие, үгіт-насихат жұмыстарымен айналысатындарға қатты керек екенін ескерсек, бұны Әріп Тәңірбергенұлы бабамыз өз өлеңінде тамаша жеткізген:

Болмайды насихатшы неге жұмсақ,

Майда тіл әсер қылмақ түбін қусақ.

Ақырып айтқан сөзден көңіл қалар

Сағынар тәтті сөзге әркім сусап.

Мұсаны перғауынға жіберді Хақ,

Сөз айтсаң, әмір қылма, жұмсақ боп бақ.

Жұмсақ сөзбен тәрбие тез ұғылмақ

Көзі барлар көрмей ме осыны нақ?!

Осы бір халыққа жағымды мінез турасында мына бір тәмсіл де өте мәнді:

Бірде екі сатушы қатар тұрып біреуі лимон, екіншісі тәтті алма сата бастапты. Бірақ неге екенін лимон сатып тұрғанның саудасы жақсы жүріп, алма сатып тұрғанға көп ешкім беттемепті. Тәтті тұрғанда елге қышқыл ұнағаны қалай, тәтті алмамнан неге жұрт алмайды деп ойлаған екінші саудагер бұның мәнісін білмек болып бір данышпанға жолығыпты. Сонда данышпан оған: «Сен тәтті сатып тұрғанмен түрің суық, қабағың қату екен, ал анау қышқыл сатқанмен жылы жүзді, майда тілді екен. Ел өңі жылы, сөзі жұмсақ адамдарға көбірек үйір келеді. Бұның бар мәнісі осы»,- деп түсіндірген екен.

Расында да жұмсақ сөйлеу, жылы жүзді болу адам мен адамды жақындастырып, достыққа, бауырластыққа шақырса, түксиген қабақ, түңкиген мінез, бырқыл жауап, дөң айбат не дөрекі сөйлеу – адамның жеке мәдениеттен жұрдай екенін сездіріп, адамды адамнан суытады, көңілін қалдырып, өкпе-ренішке соқтырады.

Дөрекі сөйлеген адамға қандай жауап айту жөнінде хазіреті Али «Дөрекі адамға сөз қайтарам деп әуре болмаңыз. Өйткені оның басқа да дөрекі сөздері жетерлік. Жауабыңызға тағы сондай нашар сөз айтуы мүмкін. Надан адамға әзіл айтып та бекер, найзадай сөзімен көңіліңізге қаяу салып, бойыңызды мұздатады» десе, Абай атамыз да дөрекі адамдарға дәл сондай дөрекілікке салынып жауап берудің жөн еместігін білдіріп, «Ит тістеді екен деп, мен де барып итті тістесем, аузымда не қасиет қалады?!» деген екен.

 

 

Құдайберді Бағашар

«Ел Ана»

Бөлісу: